Оқушылардың оқуға ынтасын, үйренуге қызығушылықтарын арттыруда, белсенділіктерін ынталандыруда және қабілетін аша білуде формативті бағалаудың маңызы зор. Мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болғандықтан, оқушылардың мәтінді түсініп оқуларына баса назар аударамын. Негізгі сөйлеу бірлігі болып табылатын мәтін тілдерді үйретудің классикалық әдістемесінде басты құрал болып есептеледі. Мәселен, сабақ барысында оқушылар “Gelert – the faithfur dog” мәтінімен жұппен және топпен жұмыс істейді. Бұл жерде оқушылардың мәтіннің мазмұнын толық қамтитындай тірек сөздер жазуларын қадағалаймын. Тапсырма орындалып болған соң әр оқушы өзінің оны қалай орындағанын бағалайды. Бағалау өлшемдері: “Мәтінді түсінетіндей барлық тірек сөздерді жаза алдым, толық қамтыдым” (5 балл), “Жазған тірек сөздерім мәтіннің мазмұнын қамтыды, бірақ толық емес” (4 балл), “Бір-екі ғана тірек сөз жаза алдым” (3 балл).
2-тапсырмада оқушылар мәтінді қайталап тыңдайды да, алдыңғы тапсырмада тапқан тірек сөздерімен байланысып тұрған сөздерді іздейді. Яғни, сөз тіркестерін жазады. Аталмыш тапсырма да жеке, жұппен және топпен орындалады және әркім өзін-өзі бағалайды. “Өзім жазған тірек сөздердің барлығымен сөз тіркесін құрадым” (5 балл), “Жазған тірек сөздеріме толық сөз тіркестерін құрай алмадым” (3 балл), “1-2 тірек сөзбен сөз тіркесін құрай алмадым” (2 балл).
3-тапсырма бойынша мәтінді үшінші рет тыңдатамын. Онда оқушылар сөз тіркестерінің қандай сөйлемнің ішінде тұрғанын анықтайды. (Сөйлем жазулары тиіс). Балалар тағы да өздерін бағалайды. “Жазған сөйлемдерім арқылы мәтінді толық меңгердім, басқаларға айтып бердім” (5 балл), “Жазған сөйлемдерім арқылы мәтіннің мазмұнын айтып бердім, бірақ толық емес” (4 балл). “Мәтінді түсінген жоқпын” (0 балл).
Тапсырманы тыңдалым ретінде алған себебім: тыңдалым тілдік дағдыларды қалыптастырудың негізгі алғышарты болып табылады. Егер оқушы өзіне керек мәліметті тыңдау арқылы тауып үйренсе, ол басқа үш дағдыны (айтылым, жазылым, оқылым), яғни айтылып жатқанның мазмұнын түсінеді. Сәйкесінше өз пікірін білдіреді және басқалармен қарым-қатынас жасай алады. Тақырыпқа қатысты деректі түсініп оқиды, көтерілген мәселеге өз көзқарасын жазбаша жеткізеді.
Одан әрі оқушылардың жазылым дағдысын қалыптастыру үшін берілген мәтінді жалғастырып жазып, аяқтауды тапсырамын. Оқушылар жеке, жұппен, топпен орындайды.
Барлық тапсырмалар түсіну-қолдану, талдау, жинақтау деңгейлерін қамтиды. Берілген тапсырма барлық деңгейдегі оқушылардың оны орындауға талпыныс жасауына мүмкіндік береді. Осындай критерийлер арқылы оқушылар өздерінің “өзекті даму аймағын” (Л.Выготскийдің әдістемесі) анықтай алады. “Тұжырым жасай білген адам алдына мақсат та қоя біледі”, – деген екен Шығыстың бір ойшылы. Өз жұмысының нәтижесін бағалау әрекеті оқушының үйренуге деген қызығушылығын арттырады. Сабақтарымызға критерий арқылы бағалауды енгізе отырып, оқушылардың тұлғалық ұстанымын белсенділендіріп, баланы жауапкершілікке, нәтижеге жету үшін еңбектенуге баулимыз.
Әйгерім ҚАЙНЕТОВА,
Благовещенка №2 орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.
Жамбыл ауданы.