«Жақсы жігіт болу қолдан келер, ал жақсы азамат болу, Абай атамыз айтқандай, «атаның баласы емес, адамның баласы» бола білгенге ғана берілетін баға. Құдайберген Қалиев – осындай азамат, асыл тұлға, кең жүректі адам. Оған Құдай берген ұлы мінез – қарапайымдылығы, бауырмалдығы, кәрі-жасқа бірдей мейірбандығы». Көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов ағамыз Қызылжар өңіріндегі шоқтығы биік, абзал жан жайлы осылай толғана келіп, өз ойын жыр жолдарымен былай түйіндепті:
Кенесары, Наурызбайдың намыскерлігін,
Балуан Шолақ, Қажымұқанның сайыскерлігін,
Құлагердің шабыскерлігін берсін!
Сәкеннің кербез сұлу сұңқарлығын,
Ілиястың оза шапқан тұлпарлығын,
Мағжанның арыстандай қайсарлығын,
Бейімбеттің тіршілікке іңкәрлігін берсін!
Иә, Құдайберген Қалиұлының бөлімше агрономынан бастап облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне дейінгі сынаптай сырғыған өмір жолдарына үңілер болсақ, азаматтық парасаттылық пен жауапкершілік жүгін тең ұстап, еліне елеулі, халқына қалаулы қайраткерлік дәрежеге көтерілуі небір соны соқпақтарға, өткел берместей көрінетін бұралаң асуларға толы екенін, тірлікте жиі кездесетін пендешілік – көреалмаушылықты бастан аз кешпегенін аңғару қиын емес. Мектепте жүргенде елгезектік, кішіпейілділік, есейе келе мақсаткерлік, алға ұмтылушылық, ұжым ортасында талапшылдық, ұйымдастырушылық сияқты қасиеттерді өз бойына тоғыстырған оның арманшыл бала қиялының толысуына, рухани жан дүниесінің кеңеюіне ата-ана тәлімі ерекше ықпал еткені анық.
Шешеден бес жасында айрылған ол он саусағынан өнер тамған, ағаштан түйін түйген әкесі Қалидың баулуымен еңбекке жастайынан араласып, оң-солын ерте таныды. Сабаққа алғырлығымен, зеректігімен көзге түсті. Алматы ауылшаруашылық институтының агрономия факультетіне емтихандарды «беске» тапсырып түскенде комиссия мүшелері он жетіге тола қоймаған бозбаланың білімін бағалап, болашағынан үлкен үміт күтті. Ұстаздар сенімін ақтау үшін уақытының көп бөлігін кітапханада, мәдени-көпшілік орындарында өткізіп, инемен құдық қазғандай ілім-білімнің кәусар тұнығына еркін бойлады. Курстастары әлі күнге дейін оның бір қалыптан таймайтын, уәдеге берік, достыққа адал мінезін ауыздарынан тастамайды.
«Тұлпар болар тай – жүрісінен, тұлға болар жас – әр ісінен» деп текке айтылмаса керек. Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтап, ғалым-агроном мамандығын алған жас маман тың көтеру науқаны кезінде құрылған шалғайдағы Тимирязев ауданына жіберілді. 1966 жылдың шіліңгір шілде айында бөлімше агрономы қызметіне бел шеше кірісіп, үш жылдың қалай өте шыққанын да байқамай қалды. Жасқа тән жалынмен тас қопарып, тау тескендей жан сала жұмыс істеді. Төртінші курста жүрек жарастырған сүйген жары, жанашыры Сәуле жанында. Ауылдан әке-шешесін көшіріп алды. Жүрек түкпірінде дүниеден ерте озған ағасы Дәуренбектің отбасына қалай көмектессем, қол ұшын берсем деген туысқандық сезім маза бермейтін. Сол себепті бес бала тәрбиелеп отырған жеңгесі Нағимадан Дулатты аттай қалап алды. Адамдарға қамқорлығын аямайтын Құдайберген кейін кеңпейілді шарапатын талайларға көрсетсе де, міндетсінген, бәлсінген емес. Кәдуілгі істей, парызындай санады. «Жамандар жақсымын деп айғайлайды, жақсылар жақсымын деп айта алмайды» деген рас-ау! Аудан басшылығы тәжірибесі аз болса да, кәсіби біліктілігін жоғары бағалап, Б.Хмельницкий атындағы кеңшарға бас агроном етіп жіберді. Мұнда да жалын атқан жасқа тән романтикалық жігер атойлап берді. Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің ұтымды әдістерін өндіріске енгізуге, топырақ құнарлылығын арттыруға, егіншілік мәдениетін жетілдіруге барынша күш салды. Гектар берекелігі 17 центнерден айналып, кеңшар озаттар тобына қосылды. 27 жасында «Құрмет белгісі» орденін кеудеге жарқырата тақты. Ол кездері мұндай жоғары марапаттарды жастардың иеленуі өте сирек құбылыс еді.
«Целинный» кеңшарына директор болып тағайындалғанда орда бұзар 30 жаста болатын. Қысы суық әрі ұзақ, түтеген дүлей бораны, сақылдаған сары аязы бет қаратпайтын өңірде артта қалған шаруашылықты көшбасшылар қатарына қосу үшін бойындағы күш-қайратын, тәжірибесін сарп етті. Он жыл бедерінде мекемелер мен үйлер орталық жылу жүйесіне қосылды. Еңселі клуб, мектеп, асхана, сауда кешені, қонақүй, балабақша бой көтерді. Айтуға ғана оңай, ал нақты іс барысында еңсені езетін, ұнжырғаны түсіретін, кей жағдайларда екі қолды төбеге қойып, безіп кетуге шақ қалатын қиындықтарды еңсеру қаншама жүйкені жұқартты десеңізші?! Алайда, сабырды сары алтынға бағалаған, 20-дан астам ұлыстармен қоян-қолтық еңбек ете жүріп, шыдамдылықты қастерлі қағидат еткен оның бүгінде әр этнос өкілдері ішіндегі сыйлас дос-жарандары жыртылып айрылады десек, артық айтқандық емес.
Құдайберген Қалиұлы қандай қызметтің тізгінін ұстаса да, маңайына өзі сияқты қабілетті мамандарды топтастыра білді. Ел мүддесі жолында бойын пендешіліктен аулақ ұстады. Сөзіміз иланымды болу үшін мына бір жайтты баяндай кетелік: оның Соколов ауаткомы төрағасы қызметіне алғашқы күннен тың қарқынмен, жаңа леппен кіріскені бірінші хатшыға ұнамай қалса керек, өзі де өркөкіректеу, сіреспе біреу болатын, мұны оқшаулау арқылы мұқатпақ, мысын баспақ әрекеті байқалып қалып жүрді. Шын ниетіне көз жеткізгеннен кейін бетпе-бет сөйлесуге бекінді. Өйткені, күзгі науқандардың нағыз қызған шағы. Түйткілді мәселелердің бірінші басшының араласуынсыз шешілуі қиын. Төрағаның ұсыныстарын салқын қабақпен тыңдап, өзің тындыр, қолыңнан не келе қояр дейсің дегендей ысыра салды. Оның көңілкүйі белгілі болған соң Құдайберген Қалиұлы қазекемнің «таспен ұрғанды аспен ұру» әдісін қолданды. Ауылдық округтерді тынбай аралап, жұртшылықтың өтініш-тілектерін мұқият тыңдап, толғақты проблемаларды тиянақты шеше білді. Облыстағылар да бірінші хатшының ұзаққа шаппасын білген болу керек, қызметінен босатып тынды. Ал Құдайберген Қалиевтің Тимирязев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне балама сайлау арқылы түсіп, көпшілік дауыс алуы да оның зор беделін айғақтаса керек.
Құдайберген Қалиұлының ұйымдастырушылық талантының, еңбекқорлық қырының жарқырай көрінген кезі тәуелсіздік жылдарымен тұспа-тұс келді. Сөз арасында өзіміз куә болған мына бір оқиғаны айтпай кетуге болмас: 1992 жылы ақпан айында облыстық кеңестің төрағасын сайлау үшін халық қалаулыларының мәжілісі өтті. Бес үміткер тіркелді. Ерембек Әубәкіров, Мәркен Ахметбеков, Құдайберген Қалиев, Амантай Тәженов – бәрі де шаруашылық, партия, кеңес органдарында әбден ысылған, тәжірибесі шыңдалған, халық арасында ықпалы мол, есімдері республикаға белгілі азаматтар болатын. Дауыс беру қорытындысында жұртшылық заты түгіл, атын білмейтін облыстық ішкі істер басқармасының бөлім бастығы болып істейтін ұлты басқа азамат сайланып шыға келгенде кейбір орыстілді ағайындардың өздері наразылық білдіріп, шу ете түсті. Әрине, көптің аты көп… Әйтпесе, жоғарыда аттары аталған тұлғалардың қай-қайсысы болсын әбден лайық еді. «Асыл тас су түбінде қалмас» деген. Кейін осы азаматтар іргелі қызметтердің тізгінін ұстап, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Облыс басшысы Владимир Гартман Құдайберген Қалиұлын өзіне бірінші орынбасар етіп алды.
– Нарықтық қатынастар басталып, еліміз жекеменшікке бет алып, бұрынғыдай мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтатылғандықтан, негізгі күнкөрістің бірі – мал шаруашылығы үлкен тоқырауға ұшырады. Ең күрделісі, 70 жылдан астам қоғамдық меншікке әбден дағдыланып қалған халықтың психологиясын өзгерту, еңсесі түскен көңілкүйді, рухты көтеру, келешекке сендіру болды. Осыған орай жедел қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды орындау арқылы облыс экономикасын, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын түзетуге жұмыла кірісіп кеттік. Уақыттың өзі алға тартқан нарық талабын мойындай отырып, алдымызда Тұңғыш Президентіміздің тапсырмаларын қайтсек те іске асыру керек деген бір ғана мақсат болды, – дейді білікті басшы өткенге ой жіберіп.
Нарықтық бәсекелестік жағдайына тез бейімделген Құдайберген Қалиұлы өзгелермен тізе біріктіре отырып, агроөнеркәсіп саласын дамыту бағытында көп іс тындырды. Ауылшаруашылық жүйелерінің мемлекетке 1,5 миллиард теңге берешегін өтеуді кейінге қалдыру жөніндегі ұсынысы құзырлы органдар назарына жеткізіліп, оң шешімін тапты. Мемлекеттік және инвестициялық қаржыларды жергілікті жерлерде орнымен ұқсату, жоспарланған жұмыстардың табысты орындалуын қадағалау, үш танапты ауыспалы егістік жүйесін енгізу, машина-трактор паркін озық техникалармен жаңарту, кадрларды тұрақтандыру секілді соқталы шаралардың басықасынан табылды. 1992-2002 жылдар аралығында облыстың төрт әкімімен қызметтес болды. Ел Тәуелсіздігі кезеңіндегі ерен еңбегі орынды бағаланып, «Құрмет» орденімен марапатталды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Ауыл шаруашылығының үздік қызметкері», «Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атақтары берілді.
Сонау мектеп қабырғасында жүргенде бір-бірін шын жүректен ұнатып, сүйіп қосылған, содан бері жұптары жазылмаған күйі өмірдің қиындығын қара нардай қайыспай көтеріп, ал қуанышына асып-таспай келе жатқан отағасы мен отанасы ұлағатты да үлгілі отбасының алтын діңгектері саналады. Жан жары Сәуле Ахметжанқызы Қалиевтер әулетінің киелі де қасиетті шаңырағын нұрға толтырып, имани ізгіліктер дарытты. Құдайберген ағамызға төрт перзент сыйлап, олардан өрбіген немере-жиендерді аталарына ұқсатып тәрбиеледі. Ұл-қыздары да, келін мен күйеу балалары да әке мен ана аманатын адал атқарып келеді.
“Жақсы адам елдің басшы серкесіндей,
Жұғымды болар елге еркесіндей.
Жақсының жүзі жылы, сөзі майда,
Халқының қалың жүнді көрпесіндей”, – деп атақты Сүйінбай ақын жырлағандай, жеке басының асыл да айнымас адамгершілік қасиеттерімен жан-жағына сәуле шашып, жылылық ұялатып тұратын ақ жүректі, нар тұлғалы асыл азаматтың асқар асулары мен жеткен биіктері жайлы қанша айтсаң да таусылмайды.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
«Солтүстік Қазақстан».
Петропавл қаласы.