Петропавл халықаралық әуежайына ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізу биылғы жылдың шілде айында басталған еді. Технологиялық талаптарға байланысты жұмыс екі кезеңге жоспарланған болатын. Алдымен ұшу-қону жолағы жөнделіп, кеше әуежай Астана – Петропавл бағытында қатынайтын алғашқы ұшақты қабылдады.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исмановтың айтуынша, ұзындығы 42 метр болатын 2,5 шақырым ұшу-қону жолағын жөндеуге ел қазынасынан 4 миллиард теңге жұмсалыпты. Мұнымен қатар инженерлік жүйе, перрон және басқа да жоспарланған жөндеу жұмыстары аяқталған. Азаматтық авиация комитеті құрған арнайы комиссияның кешенді тексерулерінен кейін жергілікті әуежайдың таңертеңгі сағат тоғыздан кешкі алтыға дейінгі уақыт аралығында ұшақтарды қабылдауына рұқсат берілген.
Петропавл әуежайын қайта жаңалау жұмыстары 2016 жылы да жалғасын табады. Жоспарға сәйкес ұшу-қону жолағының ұзындығын 2,8 шақырымға жеткізіп, 60 метрге дейін кеңейту көзделіп отыр. Осы және басқа да бірқатар жұмыстарға 2 миллиард теңге қаржы қажет. “Сонымен қатар жолаушылар терминалын жаңалауды да көздеп отырмыз, бұл мақсатқа жобалық-сметалық құжатқа сәйкес 1,4 миллиард теңге қаржы жұмсалмақшы”, – дейді Бейбіт Қайыркешұлы.
(Өз тілшіміз).