«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТА-ӘЖЕДЕН АСАТЫН АҚЫЛГӨЙ ЖОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елінің еңсесін көтеріп, жерін құрмет тұтатын, халық өнегесін нәр еткен қариялар сарқылмас қазына іспеттес. Сондықтан қарттары бар ауылдың тарихы тереңіне тартады. Тек кейінгі ұрпақ жаны таза, адамгершілігі мол аға буыннан үлгі-өнеге алса, құба-құп. Қуаныштысы сол – ондай адамдарды әр ортадан кездестіреміз. Текті ұрпақтың тұяғы, өнегелі отбасының ұйытқысы, ардақты әке, ақылшы ата Бәкібай Сағындықов – сондай жандардың бірі.

Бәкібай Кәбенұлы – Тайынша өңірінің абыройлы ақсақалы. Ол еңбекпен ерте есейген жан. Әкесі Кәбен Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы күнінен майданға аттанып, аман-есен елге оралған соң да қажырлы еңбегімен балаларына үлгі болған. Анасы Қайния Мақымқызы бес баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, ағайын арасында сыйлы, тәрбиелі келін атанған. “Қайын ененің топырағымен” дегендей, Бәкібай ағамыздың зайыбы Гүлсім тәтеміз де отағасының жұртшылық алдындағы биік тұлғасын қалыптастыра білді. Олар бір шаңырақтың астында 50 жыл бақытты ғұмыр кешіп келеді.  

Ерлі-зайыптылар жалындаған жастық шағынан алғырттық танытып, өздерінің білімдеріне сәйкес еңбек етті. Ағамыз зейнет жасына дейін Тайынша элеваторында еңбек атқарса, есепші мамандығын жете меңгерген Гүлсім Қалымқожақызы қалалық және аудандық тұтынушылар одағында еңбек етіп, кейін зейнеткер жасына жеткенше банк қызметкері болды.

Адам ұрпағымен қадірлі ғой. Бәкібай Кәбенұлы мен Гүлсім Қалымқожақызы екеуі ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұлы Жанат пен қызы Гүлмираның өз шаңырағы бар, екеуі де мемлекеттік қызметте жемісті еңбек етуде. Немерелерінің алды есейіп, жоғары оқу орындарын бітіріп, еңбекке араласты. Кейінгілері қос қартты “ата”, “әже” деген балғын сөздерімен қуантады. Бойына адалдық, тәрбиелік, азаматтық, еңбексүйгіштік сияқты асыл қасиеттер дарытқан ағамыз ұрпағына: “Тәуелсіз еліміздің жанашыр ұланы болыңдар, халқымыздың құндылықтары мен салт-дәстүрін қастерлеп, тіліміздің абыройын асқақтатып, елдің ұлы болуға тырысыңдар”, – деген ақыл-кеңесі мен өсиетінен жаңылмайды.

Біз қариясын ардақтаған, салт-жоралғысын салмақтаған елдің ұл-қыздарымыз. Сондықтан кеудесі қазыналы қарияларға құрмет көрсету – парызымыз. Бұл әрбір адамның перзенттік борышы, міндеті екенін ұмытпауымыз керек!

Гүл НҰРАЛИНА,

журналист.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp