Жуырда спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының тәрбиеленушілері Петропавл қаласында бокстан жасөспірімдер арасында өткен облыс біріншілігінде үздік нәтиже көрсетті. Айтулы сайысқа өңіріміздің 5 ауданы мен Петропавл қаласынан 2000-2001 жылдары туған 93 спортшы қатысты.
Бокс мектебінде 13 салмақ дәрежесінде күш сынасқан бұл біріншілік боксшыларымыз үшін сәтті болды. Финалдық ойында аймақтың көп спортшыларын жеңген 10 оқушымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтқанда, Ділшадбек Тайыржанов (44 кг.), Сапармұрат Әлібеков (50 кг.), Павел Дименский (57 кг.), Мұрат Тұрманбетов (60 кг.), Сұлтан Айдарханов (80 кг.) және Темірлан Әбілмәжінов (80+ кг.) жеңімпаз атанды. Әсіресе, Ділшадбек Тайыржановтың 2013 жылғы ел біріншілігінің жеңімпазы Жандос Отабековты 5:3 есебімен жеңіске жеткені қуантты.
Турнир жеңімпаздары атанған оқушыларымыз 15-20 қараша аралығында Семейде өтетін ел біріншілігінде өңір намысын қорғайтын болады.
Арман ЖӘМІШ,
спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының бокс бөлімінің әдіскері.