«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҚЫНДАРЫН ЖҰМЫСҚА АЛҒАН бас дәрігерді екінші рет қызметінен босату ұйғарылды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен бейсенбі күні облыстық Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы болды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңестің төрағасы Әділбек Мұқашев жүргізген мәжілісте 10 мәселе қаралды, олардың 9-ы – әртүрлі лауазым иелерінің үстерінен қозғалған тәртіптік істер.

Облыс орталығындағы қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері О. Ашимованың үстінен үстіміздегі жылы осымен екінші рет тәртіптік іс қозғалыпты. Бірінші жолы Тәртіптік кеңес оған өз жақындарын жұмысқа алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұрмалауға жол берді деген айып тағып, атқарып отырған қызметінен босату туралы ұсыныс жасаған болатын. Алайда, онымен келіспеген Ольга Александровна сотқа арызданғандықтан, бұл істің соңғы нүктесі әлі қойылмапты. Енді, міне, басқа кәсіпорында қызмет істейтін туған қызын уақытша жеке компьютер операторы ретінде ауруханаға қосымша жұмысқа алғанында қолданыстағы заңнаманы бұрмалағандығы да әшкереленіп, ісі Тәртіптік кеңестің қарауына тағы ұсынылып отыр.  

Алқалы орган мүшелері ақылдаса келе, оны осы жолы да қызметінен босатқан жөн деген ортақ ұйғарымға келді.

Ал облыстық құрылыс басқармасының басшысы Р. Ахметовке мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі бойынша қатаң сөгіс жариялау ұйғарылды. Өйткені, ол И. Киселевтің мемлекеттік қызметке қабылдауда міндетті шарт болып табылатын тестілеу сынағынан өте алмағандығына қарамастан, оны еңбек келісімшарты бойынша өзіне орынбасар етіп тағайындап, “Мемлекеттік қызмет туралы” заңды өрескел бұзған болып шықты.

Тайынша аудандық прокуратурасының ұсынымына сәйкес Тайынша қаласы әкімінің орынбасары Ә. Дүсіріпов пен кеңесшісі Т. Козловцеваға сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа жол бергендіктері үшін қызметтеріне толық сай еместігі туралы ескерту жариялау жөнінде ұсыныс қабылданды. Заңдылықты қадағалау органы олардың екеуі де мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық комиссияның мүшелері ретінде “Қайырғожа және К” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне заңсыз артықшылық берген деп тауып отыр. Ал конкурстық комиссияның төрағасы болған Тайынша қаласының әкімі Р. Жантілесовті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұрмалағаны үшін облыстық қаржы бақылау инспекциясы әкімшілік жауапкершілікке тартқан, ал Тайынша ауданының әкімі оны үстіміздегі жылғы тамыз айында өз еркімен қызметінен босатқан.

Қызылжар аудандық прокуратурасы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж. Бакишевке “Омутки” жинақтаушы – тоғанының бөгетін күрделі жөндеуден өткізу және Бескөл ауылында қазандық салу жұмыстары үшін бюджеттен артық қаржы төленуіне жол берді деген кінә таққанымен, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешіміне сәйкес Жоламан Қабдоллаұлының әрекетінде сыбайлас жемқорлық белгісі жоқ деп танылып, оның үстінен қозғалған тәртіптік іс қысқартылды.

Тәртіптік кеңестің хатшылығы Мағжан Жұмабаев ауданында тұратын зейнеткер Л. Путилинаның шағымы бойынша аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Т. Грибоваға қатысты қызметтік тексеріс жүргізген екен. Нәтижесінде Тамара Петровнаның бұрынғы мәдениет қызметкерінің ар-намысына тиетін сөздер айтпағандығы, әдепсіздік көрсетпегендігі дәлелденген. Алайда, бөлім басшысы оның өзінің іс-әрекетіне шағым білдірген өтінішін дер кезінде тіркеп, қарамаған болып шықты. Сонысы үшін Ар-намыс кодексі бойынша сөгіс алатын болады.

Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің басшысы Е. Тәшімовті Явленка орталық аудандық ауруханасы басшылығының өздеріне қажетті мемлекеттік экологиялық сараптама жасату жөніндегі өтінішін қарау кезінде басы артық құжаттар сұратып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұрмалады деп кінәлаған ұсынымын тәртіптік кеңес мүшелері қызу талқылады. Себебі, Ерлан Бөкенбайұлы өзінің ешқандай заң бұзушылыққа бармағанын айтып, ақталуға тырысты. Ақыры Тәртіптік кеңес мүшелерінің көпшілігі прокуратураның ұстанымын қолдап, Е. Тәшімовке өз қызметіне толық сай еместігі жөнінде ескерту жариялау туралы ұсынысты мақұлдады.

Мағжан Жұмабаев ауданындағы Чистовское ауылдық округінің әкімі Қ. Ильясов қызмет барысында “Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы” заң талаптарын толық орындамағандықтан, оған Ар-намыс кодексі бойынша қатаң сөгіс жариялау ұсынылды.

Ал Жамбыл ауданындағы Троицк ауылдық округінің әкімі Қ. Боранбаевқа аудандық прокуратура Б. Кенжеғозин мен К. Исоваға жер телімдерін саудаға шығару арқылы бермеді, әрі олардың осы жөніндегі өтініштерін уақытында қарамады деп кінә тағыпты. Алайда, Жер кодексіне сәйкес жер саудасымен ауылдық округ әкімі емес, ауданның атқарушы органы айналысуы керек екен. Осыны ескерген Тәртіптік кеңес мүшелері оған Ар-намыс кодексі бойынша қатаң сөгіс жариялауды ұсынды.

Тәртіптік кеңесте, сондай-ақ, облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясы басқармасының бастығы Д. Қазбековтің мемлекеттік тәртіпті нығайту және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі хабарламасы тыңдалып, оған осы бағыттағы жұмысты жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылды.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp