«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТПІС ЖЫЛ ӨТКЕН СОҢ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық ардагерлер кеңесі С.Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың мәжіліс залында осыдан 70 жыл бұрын ІІІ дәрежелі Даңқ орденіне ұсынылған қос майдангердің марапатын отбасы мүшелеріне тапсыруға арналған шара өткізді. Оған Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігі бөлімінің сектор меңгерушісі Иван Чернышев, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Амангелді Дүйсекин, ардагерлер кеңесінің белсенділері қатысты.

Мәжілісті ашқан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Анатолий Корабельников Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғанына 70 жыл өтсе де, майдангерлердің ерлігі әлі толық бағаланып үлгермегендігін, оған бүгінгі шара айғақ болатындығын алға тартты.  

Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігі бөлімінің сектор меңгерушісі Иван Чернышев:

– Отбасы мүшелерінің жан-жақты ізденістері арқасында солтүстікқазақстандық екі жауынгердің 1945 жылы Ұлы Жеңіс қарсаңында ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталғаны тарихи құжаттармен расталып отыр. Қос майдангер бүгінгі күні ортамызда болмаса да, олардың марапатын Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі атынан ардагерлердің отбасына тапсырғалы келіп отырмын. “Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды” дегеніміз осы, – дей келіп, 1945 жылы 4 мамырда ІІІ дәрежелі Даңқ орденіне ұсынылып, оны дер кезінде ала алмаған Ғазиз Молдахметовтің орден кітапшасын жауынгердің ұлы – Айыртау аудандық ауруханасының бас дәрігері Саят Молдахметовке табыс етті. Саят Ғазизұлының айтуынша,1908 жылы Айыртау ауданындағы Плоское ауылында дүниеге келген майдангер 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, елге 1945 жылы қазан айында ғана оралған. Соғыстың қызып тұрған шағында отбасы 2 рет “Ерлікпен қаза тапты” деген “қара қағаз” да алыпты. Берлин операциясы кезінде кезекті ерлік көрсеткен жауынгер жапон соғысының да дәмін татқан көрінеді. “Ерлігі үшін”, “Берлинді алғаны үшін” медальдарымен, Ушаков орденімен елге оралған Ғазиз Молдахметов бейбіт өмірде ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп, 6 бала тәрбиелеп өсіріпті.

Екінші орден кітапшасы Есіл ауданындағы Тауағаш ауылының тумасы – Балтабек Мұстафиннің ұл-қызы Әбілқайыр мен Әлияға табыс етілді. 1926 жылы туып, 18 жасында азаматтық борышын өтеуге шақырылған Балтабек Қабдолұлы Алматы қаласындағы Тастақ деген жерде әскери дайындықтан өтіпті. 1945 жылы ақпан айында 3-ші Белорус майданы құрамындағы 290-шы атқыштар дивизиясының 878-ші атқыштар полкі құрамында соғысқа кірген. Польшаны, Шығыс Пруссия аумағын жаудан азат етуге, Кенигсберг қаласын алуға арналған операцияларға қатысқан. 29 сәуір күні Орталық Германияның Лептен елді мекені аумағында алғашқылардың бірі болып атой сала жауынгерлерді шабуылға бастаған. Шайқаста жеке-дара пулемет ұясын талқандап, 11 жауды жер жастандырған. Сөйтіп, дивизия командирінің 15 мамырдағы бұйрығымен ІІІ дәрежелі Даңқ орденіне ұсынылған. Өкінішке қарай, майдан даласында жарақат алған жауынгердің Варшава қаласындағы әскери госпитальға емделуге жіберілуіне байланысты орден иесін таппаған.

Жау ордасындағы ұрыс қимылдары аяқталғаннан және жарақатынан емделіп шыққаннан кейін Балтабек Мұстафин Магдебург қаласында әскери борышын жалғастырып, елге 1950 жылы ғана оралыпты.

Аталмыш шараға қатысқан майдангердің замандас інісі, тыл еңбеккері, педагогикалық қызметтің ардагері Түменбай Сәрсенбаевтың айтуына қарағанда, қан майданнан оралған жауынгер бірден ауылдағы мал фермасына есепші болып орналасыпты. Кейін Покровкадағы ауыл шаруашылығы техникумын агроном мамандығы бойынша аяқтап, туған ауылында бөлімше басқарушысы сияқты қызметтерді абыроймен атқарған. “Еңбек Қызыл Ту”, “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталған. Отбасында 6 бала тәрбиелеп, олардың бәрінің жоғары білім алып шығуын қамтамасыз еткен. 2008 жылы қайтыс болып, туған ауылында жерленген.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

  Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp