Мұсылман үмбетінің алға басуының, оның күшеюінің алғышарттарының бірі – басшыға бағыну, өзара бірлікте, ынтымақта болу.
Адамның табиғаты жаманшылыққа бейім болғандықтан, әр кез оларға тиісінше жаза беріп, үкім шығару үшін бір адамның кез келген бір қоғамда басшылық қамытын киюі міндетті. Өйткені, қоғамда басшы болмау күштілердің әлсіздерге, балардың кедейлерге үстемдік қылып, қанауына жол ашады. Басшысы жоқ бұл қоғамға Құран аяттарының үкімдері, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті немесе мемлекеттік заңдары еш әсерін тигізе алмайды. Бұл үкімдер мен заңдар тек атқарушы орган, мықты басшылық болса ғана жүзеге асады.
Басшыға бағыну – әрбір мұсылман үшін парыз амал. Бұл амалдың парыздығы Құран Кәрім мен хадистерде бекітілген. Алла тағала Құран Кәрімде: “Әй, мүміндер. Аллаға бойсұнып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бойсұныңдар”, – деген.
Басшыға бағынбаудың зардаптарын айтар болсақ, алысқа кетпей-ақ, Қазақстан тарихына-ақ көз жүгіртсе болады. Қазақ бір тудың астына жиналып, бір басшыға бағынған кезде сыртқы жаулар баса-көктеп кіре алмаған. Жүз-жүзге бөлініп, әр жүз, әр ру өз мақсатын көксегенде ғана жаудан ойсырай ұтылған екен. Соның бір мысалы – 1723 жылы орын алған “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” қырғыны. Қазақ руларының бір басшыға бағынып, бас қоса алмағанының нәтижесінде қазақ халқының жартысы қырғынға ұшырады. Бүкіл қазақ елін жауламақ болған жоңғарларға тойтарыс тек аңырақай шайқасында бір тудың астында жиналғанда ғана жүзеге асты. Бұл тарихтағы қырғындар келесі ұрпаққа сабақ болу керек, өйткені басшылыққа бағынбағанның зардабынан туындаған қасірет. Қазіргі замандағы ислам мемлекеттеріндегі соғыстар, ондағы тұрақсыздық басшыға бағынбағанның кесірінен туып отыр. Египет, Тунис, Ливия, Ауғанстан, Ирак, Сирия және басқа мемлекеттердегі қарапайым халықтың тоз-тоз болуы – басшыға бағынбағанның нәтижесі. Бір мысал өзім тәлім алған әрі қызмет атқарған Ливия Жамаһириясын айтар болсақ, бір басшыға бағынып өмір сүрген кездері мен қазіргі кездерін салыстыру мүмкін емес. Әртүрлі руларды біріктіріп, халықты ортақ билікке бағындырып отырған басшыларының қасақана өлімінен кейін Ливия халқы әр ру өз пайдасын көксеген майдан алаңына айналды. Африкада ең бай мемлекет болып саналатын Ливияда қазіргі кезде жоқшылық, азық-түлік жетіспеушілігі байқалуда. Келешекте Ливия деген мемлекеттің әлемдік картадан жойылып кету қаупі бар. Бұл тізімге тек Ливияны ғана емес, Ирак, Ауғанстан, Сирия, тағы да басқа мемлекеттерді қосуға болады.
Қазіргі уақыттағы кейбір жат ағым өкілдері өздерінің уағыздарында мұсылмандарды басшыға, әмірге бойсұнуға шақырғанмен, ақиқатында олардың әрекеттерінде бұл байқалмайды, өйткені басшыға бағыну – ауызбен айту емес, іспен дәлелдеумен болатын іс. Басшыға бағыну – ол оның барлық істерде (шариғатта харам амалдардан басқа) әмірлеріне бойсұну. Және оның қарамағындағы тағайындаған қызметшілеріне, өкілдеріне бойсұну. Егер оның өкілдеріне бойсұнбаса, басшының өзіне қарсы шыққанмен тең.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – тікелей мемлекеттің, Елбасының салиқалы саясатына сәйкес ислам шеңберінде жұмыс істейтін діни мекеме. Оның бағыт-бағдары мемлекет тарапынан жіті қадағалануда және үлкен қолданысқа ие. Негізгі мақсаты – елімізді имандылыққа үйіріп, ынтымақ-бірлігін асқақтату. Діни үкімдер беру, халыққа діни тәрбие беру – тек Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына тиесілі әрекет. Осы діни басқармаға қарсы ислам бағытындағы кез келген ағым заңсыз болып саналады. Демек, діни басқарма тарапынан бекітілген имам-молдаларға халық діни мәселеде бағынып, құлақ асуы міндетті. Олай істемеген жағдайда тікелей діни басқармаға қарсы болып саналады, бұл өз кезегінде мемлекетке қарсы әрекет.
Басшыға, жамағатқа қарсы шығу өмірдегі тепетеңдікті бұзады. Мұның исламдағы айқын көрінісі – жамағатпен бірге болу керектігі жайлы жазылған жүздеген хадис. Исламдағы адамның жеке намазынан жамағат намазының 27 есе сауабы көп болуы оны әр кез мешітке исламдағы бауырларымен бірге болуға үндейді. Бұған мысал ретінде айт намаздарын, жаназа намаздарын келтіруге болады. Жылына бір рет ұлтына, нәсіліне, түсіне қарамай, қажылық парызын өтеу мақсатында мұсылмандардың басы Мекке қаласында қосылуы ислам дінінің нағыз ынтымақ-бірліктің діні екенін көрсетеді. Ислам дінінің негізі бірлікке үндегенмен, бұл жүйені реттеуші, бақылаушы әмірлер болмаса, ол жүйе іске аспайды.
Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,
“Қызылжар” орталық мешітінің ұстазы.