Қазақ жерінде ғасырлар бойы сан түрлі дінді ұстанған түрлі халықтар өзара келісім мен татулықта өмір сүріп келеді. Сол себептен де Қазақстан бүкіл әлем үшін дінаралық және ұлтаралық келісім құрған тату елдің үлгісіне айналып отыр.
Біздің мемлекеттің басқа діндерге деген құрметі, толеранттылығы мен өзара түсіністігі маңызды факторға және мемлекеттілікті тұрақты дамытудың, елдегі қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты шартына айналды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Қазақстан халқына Жолдауындағы: “2050 жылы Қазақстанның жұдырықтай жұмылған біртұтас халық, үлгілі ұлттық мемлекет болатынына мен сенімдімін… Толеранттылық біздің ұлттық құндылығымыз және Қазақстан халқының игілігі болып табылады… Біздің Ұлы Дала мыңдаған жылдар бойы толерантты, яғни тағатты болды. Сонымен бірге мен толеранттылықтың, кейбіреулер ойлайтындай, ойына келгенді істеу емес екенін де атап көрсеткім келеді. Толеранттылық – өзіміз нығайтып, сақтайтын және бүкіл ұрпақты тәрбиелейтін біздің қоғамымыздың парасаттылық қалыбы”, – деп кездейсоқ атап өткен жоқ.
Бүгінде Қазақстан әлем мойындаған мәдениетаралық және конфессияаралық сұхбат орталығына айналды. Біздің жас елордамызда – Астанада осыған дейін бес рет өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қонақтары зор ілтипатпен қабылданды. Қазақстан Шығыс пен Батыстың, ислам мен христиан діндерінің арасындағы табиғи көпір ретінде танылды. Ғасырлар бойы бұл қасиетті өлкеде әртүрлі ұлт пен ұлыстардың өкілдері бірге өмір сүріп, еңбек етті. Осылай бірін-бірі байыта түсуге және өркендеуге мүмкіндік берген тығыз мәдени қарым-қатынастар қалыптасты.
Түрлі діндер мен сенімділік дәстүрлерді ұстанатын барлық қазақстандықтар атынан ұлтаралық және конфессияаралық сұхбатты ту еткен біздің ортақ үйіміздегі қол жеткізген жетістіктеріміз бен алдағы игі өзгерістердің негізі саналатын татулық пен ынтымақты сақтауға біз болашақта да мүдделі екендігімізді білдіруіміз керек.
Дін халықтың рухани мұрасын, моральдық құндылықтарын, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтаушы миссияны атқарып келеді. Тарих тұрғысынан қарайтын болсақ, мемлекет пен дін әр уақытта бір-бірімен тығыз байланыста болды. Жәнібек пен Керей исламды қазақ хандығының ресми идеологиясы ретінде қалыптастырды. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуынан бастап халқымыз мұсылмандық негіздерге сүйеніп өмір сүрді. Керей мен Жәнібектен бастап, қазақтың соңғы ханы Кенесарыға дейінгілердің барлығы шариғатқа деген өз бейімділіктерін танытты. Исламның қоғамдық өмірге және құқықтық тәжірибеге енгізілуінің айтарлықтай қадамы Тәуке хан бекіткен “Жеті жарғысы” еді. Осы құжатта тіркелген әкімшілік, қылмыстық және азаматтық нормалары едәуір бөлігі шариғат заңына сүйенді.
Қазақстан Республикасының “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” Заңында: “Қазақстан Республикасы халқы мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың тарихи рөлін таниды. Қазақстан халқының діни мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейді”, – деп көрсетілуі кездейсоқтық емес.
Мемлекеттің дінге қатысты саясаты конституциялық ар-ождан бостандығы ұстанымы мен барлық діндердің заң алдында теңдігін ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қамтамасыз ете отырып, үйлесімді түрде іске асыруымен, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасын, дәстүрлі рухани құндылықтарын дамытып, сақтауға баса мән берумен айқындалуы тиіс.
Қазақстан әр уақытта да әлемнің барлық елімен достық қарым-қатынас орнатып, арадағы сенімді сақтауға талпынады. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиын барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық дамуға қосып жатқан Қазақстанның осы талпынысына әлем лайықты бағасын береді деген сенімін жеткізді. “Қазақтың өз ішіндегі береке-бірлігі күшті болу керек, данышпан Абай: “Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос”, – деген өсиетін айтып кеткені де сол. Осыны естен шығармайық. Алда қандай сын-қатерлер күтіп тұрса да, бірлігіміздің арқасында біздің болашағымыз бүгінгіден де жарқырайды деп кәміл сеніммен айта аламын. Бәріміздің киелі атамекеніміз бар, ол – қазақтың Ұлы Даласы. Сол Ұлы Далада бабаларымыздың ізгі аманатын орындау жолында біз құрған қасиетті Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік – біздің маңдайға тиген бағымыз, мәңгі сақтауға тиіс аманатымыз. Қасиетті Отанымызда қандай қиындықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл рухты, озат ойлы жасампаз халқымыз бар, ол – ержүрек қазақ халқы. Сол қаһарман халықтың алға қойған ізгі мұраты бар, ол – Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Елге айналдыру”, – деді Президентіміз. Мемлекетімізді “Ұлы Дала Елі” деп атау сан ғасырлар бойы сақталып келген бейбіт өмірімізді, біздің конфессияаралық сұхбатты дамытуға, тұрақтылық пен өзара түсіністікті сақтауға қосатын сүбелі үлесіміз болады.
Гүлмира БЕЙСЕНБИНА,
облыстық дін істері басқармасы орталығының сарапшысы.