«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЛІСІМДІК ІС ЖҮРГІЗУ ӘР ТАРАПҚА ТИІМДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылдың басында Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық-процестік кодексі күшіне енді. Оның жаңашылдығының бірі – келісімдік іс жүргізу.

Келісімдік іс жүргізу дегеніміз – сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында не болмаса сот талқылауы барысында жасалған кінәні мойындау туралы процестік, сондай-ақ, ынтымақтастық туралы келісім. Соңғысы сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап және үкімді орындау сатысын қоса алғанға дейін келісіледі.

Егер сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процестік келісімге келіспеушілік білдірілсе, келісімдік іс жүргізуге жол берілмейді. Істі келісімдік іс жүргізуде қарау кезінде сот отырысына прокурор, сотталушы және оның қорғаушысы қатысады.  

Төрағалық етуші сот отырысында қарсылық білдіру мен өтініш хаттарды шешкеннен кейін кінәні мойындау туралы процестік келісімді қараудың басталғаны туралы жариялайды және прокурорға оның мәнін баяндауды ұсынады. Прокурордың сөзінен кейін төрағалық етуші сотталушыдан оның процестік келісімнің мәнін түсінгенін-түсінбегенін және онымен келісетінін-келіспейтінін сұрайды. Қажет болған кезде төрағалық етуші сотталушыға процестік келісімнің мәнін түсіндіреді, сот отырысында қажет болған кезде кінәні мойындау туралы процестік келісімді жасасудың заңда көзделген тәртібін сақтай отыра, сотталушыдан және оның қорғаушысынан жауап алады. Процестік келісімді қарау аяқталғаннан кейін төрағалық етуші сотталушыдан келісімде көзделген мүліктік өндіріп алу бөлігінде сот актісін өз еркімен орындау үшін оған қандай мерзім қажет екенін сұрайды. Бұл ретте оның отбасылық және материалдық жағдайын анықтайды. Сотталушыға да сотқа қосымша хабарлау құқығы берілуі тиіс. Сотталушыны тыңдап болған соң төрағалық етуші кеңесу бөлмесіне сот шешімін қабылдау үшін кетеді. Заң бойынша істі қарауға 10 тәулік берілген. Қажет болса осыншама мерзімге тағы да созу мүмкіндігі қарастырылған.

Мемлекеттік айыптаушы, сотталушы және оның қорғаушысы қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы барысында кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат мәлімдеуге құқылы. Кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат келіп түскен кезде судья сот талқылауын үзеді және тараптарға процестік келісім жасасу үшін ақылға сыйымды мерзім береді. Кінәні мойындау туралы процестік келісім жасалып, ол судьяға табыс етілгеннен кейін ғана істі келісімдік іс жүргізуде қарауды жалғастыру туралы қаулы етеді. Тараптар процестік келісімнің талаптары бойынша келісімге қол жеткізбесе, соттың қылмыстық істі қарауы жалпы тәртіп бойынша жалғастырылады. Егер сотталушы қылмыс жиынтығын жасады деп айыпталып отырса, онда келісімде әрбір қылмыс үшін жазаның түрі мен мөлшері, сондай-ақ, түпкілікті жазаның түрі мен мөлшері көрсетіледі. Заңдық тұрғыда келісім оған прокурор, сотталушы және оның қорғаушысы қол қойғаннан кейін жасалған болып танылады. Прокурор қол қойылған келісімді сотқа береді және істі келісімдік іс жүргізу шеңберінде шешу туралы өтінішхатты да қоса табыс етеді.

Процессуалдық келісімнің жасалуынан қылмыстық процестің барлық қатысушылары ұтады. Себебі, күдікті тұлға өз кінәсін мойындағаннан кейін қылмыстық қудалау органдары үшін дәлел жинауға ауқымды жұмыс атқарудың қажеті жоқ. Ал бұл тергеу уақытын қысқартады. Қорытындысында кінәлі тұлға жазаның жартысын ғана алады. Жәбірленуші тарапқа қылмыстың кесірінен келген залал қысқа мерзімде қалпына келтіріледі.

Бірқатар ТМД елдерінде қылмыстық-процестік заңнамаға айыпталушы немесе сотталушының кінәсін мойындауына байланысты іс жүргізуді қысқартуға мүмкіндік беретін нормалар енгізілген. Бұл тұрғыда Молдова Республикасының Қылмыстық-процестік кодексін атап өтуге болады.

Атап өтерлігі, Кеңес одағы құрамында болған мемлекеттер қылмыстық-процестік заңнаманы ықшамдау үшін жаңғырту жолынан өтті. Мәселен, Беларусь Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмысы туралы қылмыстық істерге, сондай-ақ, заң бойынша он жылдан астам бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы тағайындалуы мүмкін қылмыстарға қатысты ықшамдалған тәртіп қолданылмайтындығы айтылған.

Қырғызстанның, Түркіменстанның, Молдованың, Әзірбайжанның, Эстонияның және Украинаның Қылмыстық-процестік заңнамасында келісімдік іс жүргізуде белгілі ерекшеліктер болса да, пайдалануда бір мақсатты ұстану қарастырылған.

Осылайша келісімдік іс жүргізу институтын енгізу алдымен қылмыстық процесті ықшамдауға бағытталып, жазаның қолданылмай қалмайтындығына қол жеткізіп, азаматтардың құқығын қалпына келтіруге бағытталған.

Абылай ИГЕМБАЕВ,

Петропавл гарнизоны әскери прокурорының аға көмекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp