«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЛТЫН ДОМБЫРА” АНСАМБЛІНЕ – 10 ЖЫЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқының аспаптарында жеке шығарма орындау, яғни күйшілік өнер, халық әндерін айту – сонау көне заманнан келе жатқан ұлтымыздың рухани мәдениетінің аса бір маңызды саласы. Сезімді мың баурайтын күй мен ән көбінесе белгілі оқиғаға, тарихи жағдайға байланысты шығарылады. Олар адам баласының тал бесіктен жер бесікке дейінгі жан серігі болды. Ауылдан ауылға ән айтып, күй тартып жүрген жыршылар, сал-серілер өз өнерін көрсетіп, халықтың көңілін көтеріп, той-томалақ, түрлі ойын-сауық пен көңілді отырыстардың көркін келтірді. Ақын-әншілердің өнері халық арасында өте жоғары бағаланып, зор сый-құрметке бөленіп отырған. Өнерпаздардың аттары аңыз-әңгімеге айналып, ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Сондай мол мұраны насихаттап жүрген ұжымның бірі – «Алтын домбыра» қазақ ұлт аспаптары ансамблі. Ол 2005 жылы құрылды. Бастапқыда олардың құрамында алты адам ғана болды. Олар – Г.Құлманова, Ж.Батырбаев, Қ.Нәбиев, О.Рамазанов, К.Ташлыков, Р.Тынянова еді. Өнерпаздар аптасына екі рет жиналып, «Жолың болсын, жолаушы», «Туған жер», «Көкек», «Әгугай, халқым» әндерін нақышына келтіре орындауға жаттықты.

Қазіргі таңда ансамбльдің құрамында 12 өнерпаз бар. Олардың ауданымызда болып жатқан барлық іс-шараларға үзбей қатысып, өнерлерін шыңдап, халықтың қошеметіне бөленіп жүргені үлкен еңбектің арқасы десе де болады.  

Ансамбльдің жетекшісі – Гүлжаз Құлманова. Ол облыстық, аудандық байқаулар мен фестивальдардың жеңімпазы. «Алтын домбыра» қазақ ұлт аспаптары ансамблінен басқа Новоишим қазақ орта мектебінің мұғалімдер ұжымында «Әдемі-ау» ансамблінің және «Балдырған» балалар хорының жетекшілік жұмысын қоса атқарып келеді.

Ансамбль бұл күндері «Туған жер», «Сағындым», «Көкек», «Илигай», «Сәулем, сәулем», «Керім-ау айдай», «Беу, айдай», «Сары бидай», «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Сырғалым» сияқты халық әндерін тамылжыта орындайды.

Ансамбль ұжымына аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлерінен тұратын 9 адам кіріп, халық аспаптарының бірнеше түрінде ойнайды. Мысалы, бас домбырада – Мұқтар Қасымов, Жанболат Батырбаев, Гүлжаз Құлманова, Манат Айтқожин, баянда – Кирилл Ташлыков, ұрмалы аспаптарда – Наталья Синдякина, Арман Көпжасаров, Галина Калишева, Дәурен Жұлдызбеков, Владислав Семке, Светлана Кузнецова өнер көрсетеді.

10 жылдың ішінде “Алтын домбыра” өнерпаздары ауданымыздың жұртшылығының жүрегінен ерекше орын алып, өздерінің ән-күйлерімен тыңдармандарын тамсандырып жүр десем, артық айтқандық емес.

Халық әндерінің қалпын сақтап, әр әннің ішкі қыр-сырын тыңдаушыға қалпын бұзбай, дұрыс жеткізе білген «Алтын домбыра» ансамблінің өнерпаздарына айтар алғысымыз шексіз.

Гүлбаршын САТУБАЛДИНА,

журналист.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp