Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында жолаушылар көлігіне, автомобиль жолдарына, құрылыс жұмыстарына, энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына байланысты мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жайында баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исманов, “СолҚазЭнерго” АҚ-ның бас директоры Леонид Ларичев қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенконың айтуына қарағанда, облыс орталығындағы жалпы ұзындығы 28 шақырымды құрайтын 10 көше орташа жөндеуден өткізілді, көшелердің 17 шақырымына қиыршықтас төселді, жүргінші жолдарының 90 мың шаршы метрі қалпына келтірілді, 32 көше қиылысындағы бағдаршамдар ауыстырылды, жаңа 90 автопавильон орнатылды, 90 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылды. Үш тоқсанның қорытындысы бойынша 61 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін “Береке” шағынауданында 280 пәтерлік 5 тұрғын үйді іске қосу жоспарланған, оның екеуі – “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” арқылы. Осы ауданда “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы бойынша әрқайсысы 100 орындық 2 тұрғын үй пайдалануға берілмек. “НҰХ “Бәйтерек” АҚ “Нұрлы Жол” бағдарламасы бойынша 126 және 72 пәтерлі 2 үйдің құрылысын жүргізуде. Аталмыш компания таяу уақытта бұдан басқа 462 пәтерлі 5 үйдің құрылысын бастауды жоспарлауда. Оларды 2016 жылы пайдалануға беру көзделген.
Облыста 1705 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 1041-і – облыс орталығында. “ТКШ-ны жаңғырту” бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері 151 үйге жөндеу жүргізілді. Осы мақсатқа 2,3 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Үстіміздегі жылы Петропавл қаласында 6 үй жөндеуден өткізіледі. Келесі жылы 388 млн. теңгеге 13 үйді жөндеу жоспарланып отыр. Сумен жабдықтау нысандарын жаңғыртуға және қалпына келтіруге 6,8 млрд. теңге жұмсалды. Жыл қорытындысы бойынша 7 ауылға су беріледі, 44 елді мекеннің сумен жабдықтау жүйесі жақсарады. Алдағы жылы осы мақсатқа 20 млрд. теңге бағыттау жоспарланған, оның 7,6 млрд. теңгесі “Нұрлы Жол” бағдарламасы арқылы қаржыландырылмақ. Алдағы жылыту маусымына дайындалуға бюджеттің – 1,8 млрд. теңге, кәсіпорындардың 2,7 млрд. теңге қаржысы жұмсалды. Есепті кезеңде білім беру саласының – 62, денсаулық сақтау мекемелерінің 10 қазандығы ауыстырылды. Қазіргі уақытта 544 қазандық толығымен жұмыс істеп тұр. Бюджеттік мекемелер көмірмен толық көлемде қамтамасыз етілген.
“СолҚазЭнерго” АҚ-ның бас директоры Леонид Ларичев өздеріне тиесілі 4 кәсіпорында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. №2 Петропавл жылу-электр орталығында биыл 5,6 млрд. теңгеге №1 құбыр агрегаты жөндеуден өткізілді. Сол жұмыстың арқасында станцияның электр қуаты 455 мВт-ға жетті. Бүгінгі күні барлық көпқабатты үйлер жылыту жүйесіне қосылған. Қазіргі уақытта есептегіш аспаптарды орнату өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Жылу қуатын есептейтін аспаптар Петропавл қаласындағы 288 көпқабатты үйге немесе 34 пайызына ғана орнатылған. Бұл мәселені шешу үшін жалпы сомасы 386,8 млн. теңгеге 537 есептегіш аспап сатып алып, орнатуға “Севказэнергосбыт” ЖШС, “ТКШ-ны жаңғырту қоры” АҚ мен “Авентис Групп” ЖШС үшжақты лизингтік келісім жасаған. Бұл жобаны екі жылда аяқтау жоспарланып отыр. Мұндай құралдарды ПИК-тер өз қаражатына, сол сияқты “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы арқылы сатып алып, орнатуға мүмкіндігі бар. Биыл жылу желілерінің тозуы 72,8 пайызды құрады. Соған орай жергілікті және республикалық бюджеттің қаражаты есебінен 6 шақырым жылумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жүргізілуде.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исманов Петропавл халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағын жөндеуге ел қазынасынан биыл 4 млрд. теңге бөлінгенін, ол толығымен игерілгенін, алдағы жылы ұшу-қону жолағының ұзындығын – 2,8 шақырымға, енін 60 метрге жеткізу көзделіп отырғанын, бұл мақсатқа 2016 жылы 2,2 млрд. теңге жұмсалатындығын жеткізді. Жолаушылар терминалын күрделі жөндеуден өтізу үшін сомасы 1,4 млрд. теңгенің жобалық-сметалық құжаты әзірленген. Бүгінгі күні Азаматтық авиация комитеті таңертеңгі сағат тоғыздан кешкі алтыға дейінгі уақыт аралығында ұшақтарды қабылдауға рұқсат беріп отыр.
Баспасөз мәслихатында Юбилейная көшесіндегі 126 пәтерлі 9 қабатты апатты тұрғын үйдің тағдырына байланысты сауал қойылды. Владимир Бубенко аталмыш ғимаратқа бірнеше рет сараптама жүргізілгенін, бірақ оның құрылысын аяқтау немесе пайдаланудан шығару жөнінде әлі нақты шешім қабылданбағанын айтты.
“Жасыл экономикаға” байланысты облыста жоспарлы шаралар атқарылып жатыр. “Зенченко және К” КС 2012 жылы орнатылған 2 жел қондырғысына 2 жаңа қондырғы қосып, оның қуаттылығын 3,5 мВт-ға жеткізді. Тайынша қаласында күн энергиясын пайдалану қолға алынуда. Бұдан басқа да инновациялық жобалар қарастырылуда.
Петропавл – Астана тасжолының 55 шақырымы биыл пайдалануға беріледі. 30 шақырымнан астам жолдың асфальтты қабаты алынып, қалпына келтірілуде. 19,7 шақырым жол келесі жылы толығымен аяқталады.
Облыс әкімінің бастамасымен жолдарды жөндеуге жаңа технологиялар қолданылуда. Өткен жылы сондай әдіспен 40 шақырым жол қалпына келтірілді. Биыл бұл көрсеткіш 60 шақырымды құрамақ. Ескі асфальтты қайтадан пайдалану арқылы оның құрамын жаңа материалдармен нығайту екі еседей қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс алдағы жылдары да жалғасын табады.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.