Әлемдік дағдарыс пен жаһандық нарықтың тырп еткізбес талабына бой ұсынбаған Президентіміз бен Үкіметіміз дамыған мемлекеттердің бас ауруына айналған жұмыссыздық мәселесін тиімді шешуде. Жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғын үйлер, жол салынып, жөнделуде. Бұл – біздің дамып, өркендеп жатқанымыздың белгісі. Ендеше біз дұрыс бағытты таңдаппыз. Көздеген мақсатымыз бен діттеген жоспарымызға қорықпай аяқ басуға болады.
Президентіміз Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында, Ұлт жоспары – “100 нақты қадамда”, ел алдында сөйлеген сөздерінде бірлік пен төзімділік идеясына ерекше назар аударады. Қазіргі таңда Летовочный ауылдық округінде 15 этнос өкілінен құралған 2346 тұрғын бар. Олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті біздің жіті назарымызда.
Елімізде ауылдағы қарапайым халықтың әлеуметтік әлеуетін жақсартуға бағытталған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Осы орайда ауылдық округтің әкімі ретінде мен 6 елді мекеннің тыныс-тіршілігіне жауаптымын. Осы күнге дейін ауылдық округ аумағында бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру қолға алынды. Мемлекеттің жасап отырған мүмкіндігін пайдалануға ауыл тұрғындарының барлығы бірдей ыңғай таныта бермейтіні белгілі. Алайда, оларға түсіндіріп, ақпараттандыру біздің жұмысымыз емес пе? “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында Краснокаменка ауылының тұрғыны Есенгелді Тәкен кәсіпкерлік негізін оқып, үйреніп, мал шаруашылығы саласында өз кәсібін ашты. 1 миллион 200 мың теңге көлемінде алған несиеге 13 бас ірі қара сатып алды. Соңғы екі жылда мал шаруашылығы бойынша 3 жеке кәсіпкерлік ашылды. Ал “Құлан” бағдарламасы бойынша “Құдайбергенов” жеке кәсіпкерлігі мен “Лейла” фермерлік шаруашылығы жылқы алып, өсіріп отыр. Әлеуметтік саланың тамырына қан жүгіртіп отырған “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жұмыссыздарды кәсіби даярлау мен қайта даярлауға мүмкіндік туды. Мәселен, біз бір адамды Петропавл қаласына тасқалаушы мамандығы бойынша курсқа жібердік. Сондай-ақ, “Жастар тәжірибесі” бойынша бір маман бағдарламашы мамандығы бойынша жұмысқа алынды. Ал мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамда өз орнын табуы үшін бар жағдайды жасау күн тәртібінде тұрған мәселе болғандықтан, Елбасы оны шешуге қатысты нақты міндеттер қоюда. Осы орайда округіміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың бірі – Иван Рудницкий ауылдық округ әкімі аппаратына жұмысқа орналастырылды. Ал жаппай жұмыссыздықтың көбесін сөгу үшін екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерді қоғамдық жұмыстарға тарту кеңінен қолданылуда. Үстіміздегі жылы 15 жұмыссыз қоғамдық жұмысқа тартылып, осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 320 460 мың теңге бөлінді. Жалпы жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 35 адам нәпақа көзін тапты.
Қолдан келер амалын жасап, құмырсқа-тірліктің илеуінде жүрген ауыл адамдарының денсаулығы да назардан тыс қалмақ емес. Мемлекеттің басты құндылығы адам болса, оның денсаулығы екі есе маңызды. Осы орайда ауылдағы ағайынның тәнінің саулығын қадағалап отыру дәрігерлік амбулаторияның міндетіне жатады. Ауылдық дәрігерлік амбулаторияда 7 маман жұмыс істейді, жаңа “Жедел жәрдем” көлігімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, екі дәріхана мен 5 медициналық пункт бар. Олардың барлығы телефон байланысымен қамтылған.
Бүгінгі таңда көптеген ауылдардың сақталуына тірек болып отырған білім беру ұйымдары да жұмыстарын жетімсіретіп жатқан жоқ. Летовочный ауылдық округінде алты білім беру мекемесі бар. Оның екеуі – орта, қалғандары – негізгі мектептер. Сондай-ақ, аталмыш мектептердің жанында 6 мектепке дейінгі даярлық тобы және осынша шағын орталықтар жұмыс істейді. Балалы үй базар болса, өскелең ұрпағы бар елді болашақ деуге әбден болады. Осы орайда оқушы саны азамайтын мектептерге жөндеу жұмыстары да жүргізілуде. Мәселен, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында Летовочный орта мектебіне 41 миллион 832 мың теңге көлемінде күрделі жөндеу жүргізілді.
Қарап отырсақ, бір бағдарлама аясында біздің ауылдық округте біршама жұмыс атқарылыпты. Өзін асырап қана қоймай, елдің экономикасына өзіндік үлесін қосатын шағын және орта кәсіпкерліктің ашылуы, жұмыссыздардың еңбекке тартылуы, әлеуметтік салалар бойынша оң өзгерістердің орын алуы, айналамызды абаттандырып, көркеюіміз мемлекет ұсынған мүмкіндікті оңтайлы пайдалана білгеніміздің арқасы. Ал осындай мемлекеттік бағдарламалар қаншама?! Ендеше мемлекет қолдау көрсетіп, көмек қолын ұсынған кезде қапы қалмай, өз әлеуетімізді көтеруге, елдің дамуына үлес қосуға талпынған абзал. “Қолы қимылдағанның ғана аузы қимылдайтынын” ұмытпайық.
Асыл МОЛДИЯРОВА,
Летовочный ауылдық округінің әкімі.
Тайынша ауданы.