Қырғызстан Республикасының астанасы – Бішкекте қазан айының 19-24-і аралығында 5-ші “Арт-Ордо” халықаралық фестивалі болып өтті. Өзбекстан, Тәжікстан, Татарстан, Қырғызстаннан және елімізден 2 ұжым өнер көрсеткен үздіктер додасына Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры да қатысып, қазылар алқасының оң бағасына ие болды. Фестивальда жерлестеріміз ұлы драматург Николай Гогольдің “Ревизорын” сахналады. Жақсы дайындықтың арқасында ұжым мүшелері халықаралық фестивальдан жүлделі оралды.
“Ревизор” спектаклінде басты рөлдердің бірі – Дуанбасын сомдаған Баатырбек Шамбетов. Бүгінгі таңда театрда актерлікпен қатар режиссерліктің қос тізгінін алып жүрген Баатырбек Рысқұлұлының шеберлігі көрерменнің де, қазылар алқасының да көңілінен шығып, нәтижесінде жерлесіміз үздік ер адам бейнесіне тағайындалған жүлдені иеленді. Сондай-ақ, театр ұжымы “Сыншылар көзайымы” аталымында марапатқа ие болды.
Фариза ЖАЗИТОВА,
журналист.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.