«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЖҮРЕК УӘЛИ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде Екінші дүниежүзілік соғыста Отанын қорғаған жауынгерлер туралы ой толғағанда тарихтың терең қойнауына енесің. Үңілесің де, қазақ халқы батыр ұлдар мен қыздар тәрбиелегеніне куә боласың. Сондай ардагерлердің бірі – Уәли Оразбаев. Оның өмірі мен тағдырының өзі шығармашылыққа көп дерек. Оның есімі 10-сыныпқа арналған “Қазақстан тарихы” оқулығының “Қиын-қыстау кезеңінде” деген бөлімінде жазылған. Сонда: “Қазақстандық партизандардың жалпы саны 3,5 мың адамнан асып түсті. Олардың қатарында Қ.Қайсенов, Ж.Ағаділова, Е.Воробьева, Д.Семенова, Н.Зебницкий, Ф.Фозмитель, Д.Әбдірайымов, Г.Ахмедияров, З.Шәріпов, У.Оразбаев, В.Шаруди, Ж.Саин, Ж.Нәметов, Т.Жұмабаев, Ж.Савельев және басқа да көптеген адамдар болды”, – делінеді.

Уәли Оразбаев 1938 жылы Калинин ауылындағы (“Өндіріс” кеңшарының бөлімшесі болған) жетіжылдық мектепті бітірген соң Омбының педучилищесіне оқуға түседі. Мұнда ол жарты-ақ жыл білім алады. Мінезі тентек бала ондағы тәртіпке бағынбаса керек, оқудан шығып қалады. Сол кезде жастарды көп қабылдайтын фабрика-зауыт оқуына жолдама алып, көп ұзамай Жезқазған қаласындағы шахталардың біріне жұмыс істеуге аттанады. Бірақ Уәли ол жерде де тұрақтап қалуды қаламайды. 1942 жылы 17 жасар бозбала соғысқа сұранып, комиссариаттың қолдауын алып, майданға аттанады. Уәли Оразбаев 1943-1944 жылдары генерал-майор Иван Панфилов дивизиясының сапына тұрып, барлаушы болады. Ол сол кездерде дарабоз қолбасшы Бауыржан Момышұлы, 1075-ші полк комиссары, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин, “Жас қазақ” әнінің авторы Рамазан Елебаев сынды қазақтың біртуар ұлдарымен майдандас болғанын айтып, мақтаныш етіп отыратын. Әңгімені қызықты, әсерлі айтатын еді…

…1944 жылдың қысы. Сегіз барлаушы орман арасымен жау шебінен өтіп, “тіл” әкелуге келе жатыр. Орталарындағы жасы – Уәли. Топ жетекшісінің басшылығымен белгіленген жерге келіп, тізе бүгіп, тыныстауды ұйғарады. Бұл Псков қаласының маңы екен. Айнала жым-жырт. Соғыстың ортасы деп айтпайсың. Тыныш түнде ұйқы басқан Уәли қалғып кетсе керек, шошып оянады. Тұспа-тұс алдында кездік пышақты аузына тістеген, қолына жарылғыш қысқан, еңгезердей неміс бұған таяп қалыпты. Ойланып жатуға уақыт жоқ. Уәли жалма-жан қолындағы гранатасын жауына қарай лақтырады. Анау да қалысар емес, оның да гранатасы Уәлиге қарай ұшады. Жарылыстың әсері сезілмей қалсын ба? Кішкентай жарықшақ самайды жанай өтіп, оң көзін зақымдап кетеді. Есін жиса, үстіне киген ақ комбинезонның сау жері жоқ, қанға малшынған, неміс өліп қалыпты. Жақын маңда ешкім көрінбейді. Барлаушыларға өлдіге саналған жолдасының денесін сүйреп жүруге болмайды, бұл – тәртіп. Бірақ осы жолы командир: “Өлі болса да, Уәлиді алып келіңдер!” – деп бұйырыпты. Қайта айналып келген жолдастары оны өлімнен құтқарып, Уәкең дала госпиталінде жатып, жазылып шығады. Жарақат алған көзі де қалпына келеді. Бұл оның “тіл” әкелуге шыққан бірінші жорығы болатын. Кейін мұндай операцияның талайына қатысады. Барлаушылық өжеттігі бағаланып, партизандармен байланыс жасағаны үшін “Ерлігі үшін” медалімен марапатталады.

Әңгімені түрлендіріп айтқанды жақсы көретін ол: “Госпитальдан сауығып шыққан соң біздің бөлімнен Киевтегі авиация мектебіне курсанттар іріктеп жатыр дегенді естідім. Сол жолы “аттестатымды жоғалтып алдым” деп өтірік айтуға тура келіп, нәтижесінде авиация мектебінен бір-ақ шықтым. Оны 1944 жылы 3 қыркүйекте бітіріп, куәлік алдым”, – дейді.

Коммунистер қатарына өтіп алған Уәли Оразбаевты генерал Василий Сталин басқаратын ұшқыштар дивизиясы құрамында Берлинге жібереді. Мұнда ол техникалық қызмет сержанты, екінші санатты авиамеханик дәрежесіне дейін көтеріледі. Оның міндеті – шабуылдаушы “ИЛ-2”, реактивті “МИГ-15” және “МИГ-19” ұшақтарды техникалық жөндеп, аспандағы айқасқа сақадай сай ету. Оның тобы Далгопа әуежайына, кейін Германияның Потс-дам қаласына тоқтайды. Бұл кездер 1945 жылдың аяғы еді. Осында ол соғыс жылдары да, кейін де аттары аңызға айналған маршалдар Жуков пен Чуйковты көреді.

Уәкең елге 1950 жылдың 25 шілдесінде бір-ақ оралады. 8 жыл 2 ай бойы солдат етігін шешпеген ол әскери өмірдің біраз сынынан өтті. Қызылтуға келген соң белгілі ұстаз Сабыр Мәліковтің басшылығындағы Кішкенекөл мектебіне әскери дайындық сабағы бойынша тәлімгерлік етеді. Біз “тәте” деп құрметтейтін Гүлжиян деген апамызға үйленеді. Сөйтіп жүре берер ме еді, кім білсін, кейбір мұғалімдер оның жігіттік намысына тимесе?!

Ол оқиға былай болыпты. Бірде Лекер Болатбаев пен Кеңес Әбдірахманов деген мұғалімдер: “Әуелі 10-сыныпты бітіріп ал, содан кейін бізбен сөйлес”, – деп шіренсе керек. Намысшыл Уәкең: “10-сыныпты да бітірем, институтқа түсіп, орыс әдебиетінен сабақ та берем”, – деп қайсарланады. Сондай сөз аузынан шыққан соң ол 1955 жылы Оралдың пединститутынан бір-ақ шығады. Орыс тілі мен әдебиеті факультетінің үш курсын бітірген жылы демалыста Алматыға барады. Онда жерлесі Сәкен Жүнісовті жолықтырып, әңгіме барысында Сәкен аға: “Майдандас, қанды көйлек ағаң, зеренділік, атақты батыр, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының майдандас серігі – Мәлік Ғабдуллинге неге жолықпайсың?” – дейді. Ол кезде Мәлік Ғабдуллин ҚазПИ-дің ректоры болатын.

– Ертеңіне Сәкен екеуіміз Мәкеңе келдік. Сәкен оны жақсы біледі, ал Мәлікпен соңғы кездесуден кейін 17 жыл өткен. Танымапты. Мән-жайды айта бастағанымда, Мәкең орнынан ұшып тұрып, құшақтап, қайта амандасты. Таныстықты пайдаланды дерсіңдер, бірақ ол өзі: “Ой, бала, Оралда не құның қалды, маған неге келмедің?” – деп дүрсе қоя берді. Не керек, Мәкең сол бойда Орал пединститутының ректорына: “Мынау өзімнің жігітім, маған жібер, 4 айлық стипендиясын төле”, – деген хат жазып, қолыма ұстатты. Оған қандай адам қарсы келеді, Оралда бір күннің ішінде стипендиям да, қажетті құжаттарым да дайын болды, – дейді.

Уәли Оразбаев ҚазПИ-ді жақсы тамамдап шыққан. Көне славян тілінен төрттігі болып, “қызыл диплом” ала алмай қалады. Институттан кейін елге келіп, Өндіріс, Мортық, Амангелді, Ақтүйесай мектептерінде жоғары сынып оқушыларына орыс тілі мен әдебиетінен көп жыл бойы дәріс берген. 1984 жылы еңбек зейнетіне шығады.

Ардагер жауынгерге туған ауылы – Өндірістен топырақ бұйырды. Ол артында үлкен үлгі-өнеге қалдырып, мәңгі ұйқыға кетті.

Сағидолла ИКЕНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp