Петропавл қаласы бойынша ішкі істер басқармасының бірінші полиция бөлімі қызметкерлері алаяқтық фактісі бойынша 27 жастағы қала тұрғынының үстінен қозғалған қылмысты тексеру барысында күдіктінің облыс орталығының тағы екі тұрғынымен сөз байласқанын анықтады. Естеріңізде болса, өзін мемлекеттік органдардың қызметкері ретінде таныстырған әйел жәбірленушілерден тұрғын үй алып беремін деп ірі көлемде ақша алғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Аталған факт бойынша еліміздің Қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті осыған дейін де алаяқтық әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылыпты.
Оған жұртты алдауға дәстүрлі емес медицинамен айналысқан, 1969 жылы туған азамат көмек бергені белгілі болды. Ол алдына келген ем қабылдаушыларға мемлекеттік қызметте істейтін танысы пәтер алып бере алатынын айтып, сендірген.
Тергеуші Аслан Есендіковтің айтуынша, жәбірленушілерден Петропавл қаласынан пәтер алып беремін деген желеумен ақша алған алаяқ әйел оларға енді аз ғана қаржы қосып, баспананы Астана қаласынан алуға болатынын айтады. Бұл іске кейін Астана қаласында тұратын Алмагүл Ерікқызы деген қосылады.
Бүгінгі күні тәртіп сақшылары осы іске қатысты 17 оқиға бойынша тергеу жүргізуде. Арам жолға 2012 жылы түскен күдіктілер барлығы 65 миллион теңгені қолды еткен. Күдіктілер бүгінгі таңда тергеу оқшаулағышында отыр.
Юрий КЛЫКОВ,
облыстық ішкі істер департаменті
баспасөз қызметінің инспекторы.