«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕЙІРІМСІЗ БОЛЫП БАРАМЫЗ-АУ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Туған күніме сыйланған раушан гүлінің жапырақтары қурағанын байқадым. Сарғайған жапырақтың біріне саусағымның тигені сол еді, өзгелері де сусып жерге түсе бастады. Көктемде гүлдеп көзқуанышыма айналған раушан күтімін қалай ғана ұмыттым? Қазір сол кездегі әдеміліктің нышаны да жоқ. Қап! Күнделікті күйбің тірліктің жетегінде жүріп, жан-жағымызға зер салып қарамаймыз-ау. Осы бір немқұрайдылығым болмаса, тырбиған сабақтардың орнында жапырақтары жайқалған раушан гүлі тұрар еді. Енді бұл өсіп-жетілмес деген оймен даладағы қоқыс жәшігіне апарып тастау үшін сыртқа беттедім.

Гүлдің осындай күйге түскеніне өзімді кінәлі сезінгендіктен бе, есіме ұмытыла бастаған жайттар түсе бастады. Кішкентай кезімде үлкендерден: “Ағаш, гүлдің де жаны бар. Оларды аялап, күтіп, баптаңдар”, – дегенді көп естуші едік. Содан ба екен, ауылымдағы көптеген үйлердің маңайында ағаштар жайқалып өсіп тұрушы еді. Ал қоршауында бір тал ағашы жоқ үй сондай салқын көрінетін. Жапырақтарынан айрылып, жалаңаштанып қалған менің раушан гүлімдей көріксіз болып тұратын. Әлгі үйдің иесіне қариялардың: “Үйіңнің жанына тым болмаса бір тал ексейші. Ық болмаса да, көктеп тұрсын”, – деген ақылдары аяқасты қалды. Көненің көзіндей болған сол қариялардың сөздерінде-ақ қаншама тәмсіл жатыр. Өсіп-өнетін тіршілік үшін көктеу мәңгіліктің белгісі болса, жалаңаштанудың салдары алдымен ұсқынсыздану, артынан құлдырау екен ғой.  

Тәннің де, жанның да көңілге жылылық ұялатар “жапырағынан” айрылуы да тамырға балта шапқанмен бірдей. Бүгін оған да көз үйренгендей. Бүгінгі қоғамда мейірімнің құлын мүсінін қорғап тұрған “жапырақ” та сарғайып, сабағынан үзілейін деп тұр. Оны сарғайтқан уақытында құйылмаған су емес, немқұрайдылық, сосын қатыгездік қой деп ойлаймын. Бұлай ойлауымның да өзіндік бір себебі бар. Өткен жолы бір танысым: “Таңертең аялдамада он шақты кісі тұрдық. Автобус келіп тоқтағанда сол кісілердің дені отырды. Дәл осы кезде аялдамада қалған екі кісінің бірі кеуде тұсын ұстап құламасы бар ма? Қасында тұрған әйел автобус ішіндегілерге “Жедел жәрдем” шақырыңдар. Мына кісі ауырып қалды”, – деп жанұшыра айқайлады. Ешкім қозғала қойған жоқ. Автобус жүргізушісі: “Ол мас қой”, – деді де, есікті тарс жапты. Жаңа ғана сол кісімен аялдамада бірге тұрған біз оның мас болмағандығын жақсы білеміз. Сонда да жүрек талмасы ұстап құлаған кісіге көмектесуге ешқайсымыз құлық танытпадық. Мен: “Қазір автобустан түсіп, “Жедел жәрдем” шақырғанша біраз уақыт өтеді. “Жұмысқа кешігемін” деп ойлап үлгердім. Ауырып жатқан кісінің өмірінен гөрі, жұмыстан кешікпеуді артық көрдім”, – деді.

Адамның өміріне осындай немқұрайдылықпен қарап, көмек қолын созбайтындай қатыгездік танытуымыз қалай? Қай жерден кінәрат кетті? Діліміздің тамыры тереңде, нәр алар топырағымыз құнарлы. Ендеше мейірімнің желегі неге сарғаюда? Осындай ойлардың шырмауында қоқыс жәшігіне қалай жеткенімді де білмей қалдым. “Адамның ойы жүйрік” деп бекер айтпайды екен-ау. Сананы сан тарапқа жүгірткен ойлардың әсерінен райымнан қайттым. Бір кездері ыстық ықыласпен сыйға тартылған гүлді қоқыс жәшігіне тастауға қимай, үйге бет алдым. Мүмкін, топырағын қопсытып, суарып, тыңайтқыш құйсам, қайта жасыл желекке оранар? Көктемде бүршік атып, алқызыл гүлдерімен тағы да қуантар?!

Ал “жапырағы” сарғая бастаған мейірімді не істейміз? Оны да күнделікті күтіп, баптап, тыңайтқыш құю керек шығар? Әлде кеш пе?

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp