“Солтүстік Қазақстан” газетінің мәдениет бөлімінің қызметкері Нұргүл Оқашева – өзінің қабілетін өңірімізде ғана емес, елімізде де танытып жүрген дарынды жас қаламгер. Ол өлең-жырларымен бірқатар облыстық, сонымен бірге республикалық жыр бәйгелерінде, мүшәйраларда жеңістерге жетіп, бас жүлделер еншілесе, толғақты тақырыптарды қозғаған мақалаларымен де танылуда.
Жақында әріптесіміз тағы бір марапатқа ие болды. Нұргүл Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен “Инновациялық даму” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған “Аңсар – 2015” жас журналистер мен жазушылар арасындағы әдеби-шығармашылық конкурсқа қатысып, “Ең үздік журналистік мақала” аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды.
Оның жеңісіне арқау болған Бейімбет Майлиннің шөбересімен және Жұмабек Тәшеневтің ұлымен сұхбаттары “Солтүстік Қазақстанда” жарияланған еді. Конкурс комиссиясы осы мақалаларды бас жүлдеге лайық деп бағалағаны бізді де қуанышқа бөледі.
Енді Нұргүл Оқашеваның бұл мақалаларымен еліміздің оқырмандары да таныса алады.
Біз жас әріптесімізге ақжолтай тілек арнап, шынайы ықыласымызды білдіреміз.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.