“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру институты” филиалында “Білім беру ортасының психологиялық қауіпсіздігі” тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара халықаралық ынтымақтастық аясында Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы дипломнан кейінгі педагогикалық білім академиясымен бірігіп ұйымдастырылды.
Бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәрбиелеу жұмысының маңызды міндеттерінің бірі болғандықтан, қоғамымыздың кішкентай мүшелерін кемсітушілік пен күш көрсетуден сақтау, білім беру ортасында қолайлы жағдай жасау, тағы басқа да мәселелер төңірегінде ой-пікірлер ортаға салынды. Сондай-ақ, білім берудегі заманауи теориялық және практикалық көзқарас, өмірлік қиын жағдайларға душар болған балаларға әдістемелік көмек көрсету, қауіпсіздікті сақтаудың педагогикалық жолдары, арнайы білім беру және интернаттық ұйымдардың психологиялық қауіпсіздікпен қамтамасыз етілуі талқыға түсті. Аталмыш мәселелер бойынша Қорған облысының білім беруді дамыту және әлеуметтік технологиялар институтының мектепке дейінгі және бастауыш жалпы білім беру кафедрасының меңгерушісі Елена Алфеева, Ресей Федерациясының Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет және Ресей халық шаруашылық академиясының қоғаммен байланыс кафедрасының доценті Анна Сосновская, Өскемен медициналық колледжінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Бақыт Сейілханова тәжірибелерімен бөлісті. Қазіргі таңда балаларды қорғау мәселесі бойынша ювеналды соттың педагогика саласымен байланысы жайлы Петропавл қаласының ішкі істер бөлімі ювеналды полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Асылбек Рамазанов әңгімелесе, облыстық психоневрологиялық диспансердің психологі Татьяна Яковлева балалардың психикалық қауіпсіздігін медициналық тұрғыда талқылады. Облыстық білім беру саласындағы ақпараттық технологиялар және әдістемелік жұмыс орталығының әдіскері Ирина Якимова білім беру жұмысын ұйымдастыруда оқушылардың психологиялық қауіпсіздігі мен денсаулығы жайлы ойын ортаға салды.
Шара барысында психологиялық тренингтер, коучингтер, шеберлік сыныптары өткізілді.
Дариға ӘБІШЕВА,
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру институты” филиалының аға оқытушысы.