Петропавл қаласында “Тіл – достықтың алтын көпірі” атты облыстық байқау болып өтті. “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Достық үйінде өткен сайысқа 18-29 жас аралығындағы қазақ тілін жақсы меңгерген студенттер мен әр салада еңбектеніп жүрген жас мамандар қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған шараның мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, жас буынды патриоттық сезімде тәрбиелеу. Ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, баға жетпес құндылықтарымызды насихаттау.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Мемлекеттік тілді әр деңгейде меңгерген үміткерлер бірінші кезеңде өздерін таныстырды. Қатысушылардің біреуі ән айтса, екіншілері өлеңмен өздерін таныстырып, шамалары келгенше қалың қауымның көңілінен шығуға тырысып бақты. Осы орайда өзін сахналық көрініс қою арқылы таныстырған, Петропавл қаласындағы №2 орта мектептің мұғалімі Мария Приль көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Ал Есіл ауданындағы Жәлел Қизатов атындағы ауыл шаруашылық колледжінің студенті Орзигул Ярашова Өзбекстан елінде туып-өссе де, бүгінгі таңда Қазақстан азаматы екенін, жарқын болашағы үшін тілді, ұлттық құндылықтарды құрметтейтінін мақтанышпен айтып, көпшіліктің көңілінен шықты.
Екінші кезеңде қатысушылар бір-бірімен жұмыс, отбасы жайында әңгімелесіп, тілді қаншалықты жатық меңгергендерін көрсетуге тиіс еді. Бұл тапсырмада үміткерлер “Екі құрбының әңгімесі”, “Дүкендегі сатушы мен тұтынушы” деген тақырыптарды таңдағандарымен, өздерін көрсете алмады. Дайындықтың аздығынан ба, әйтеуір, сахнаға шыққан қатысушылар бір-бірінің сұрақтарын түсінбей, кібіртіктеп, залдағы адамдарды біраз жалықтырып алды.
“Шабыт жұлдызы” деген тақырып аясында өрбіген шешуші кезеңде қатысушылар өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезініп, барынша тапсырманы жақсы орындап шығуға талпынды. Қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынға Петропавл қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы №43 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Алина Гайнуллина лайық деп танылды. Ал Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті Саида Бекбуди гран при иегері атанды. Тіл майталмандары арасында топ жарған жеңімпаздарға диплом және естелік сыйлық табыс етілді. Мемлекеттік тілді меңгеріп, оны ерекше мақтан тұтқандары үшін байқауға қатысқан барлық үміткерлерге сертификаттар берілді.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.