“Стандарттау және сертификаттау институты” РМК-нің облыстық филиалы өнеркәсіптің 14 басым секторында еңбек ететін қызметкерлер үшін семинарлар өткізіп, техникалық реттеу, стандарттау, сәйкестікті бағалау, аккредиттеу, метрология сипаттамалары және негіздері бойынша дәріс бермек. Ондағы мақсат – техникалық реттеу, метрология және менеджмент жүйесі бойынша сала мамандарының біліктілігін арттыру, өнеркәсіп ұйымдарындағы қызметкерлердің кәсіби құзыреттілік деңгейін жетілдіру.
Қазақстанда техникалық реттеу, метрология және менеджмент жүйелері саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру бойынша 2015-2019 жылдарға арналған ірі жоба бар. Онда техникалық реттеу және метрология жүйесін жетілдірудің кешенді жоспары жасалған. Осы жоспар аясында қазанның 19-ы мен 23-і аралығында кезекті семинар ұйымдастырылды. Онда Кеден одағының талаптары мен принциптері бойынша екі бағыттағы техникалық регламенттер сөз болды. Біріншісінде – төмен вольтті жабдықтар қауіпсіздігінің техникалық регламенттері бойынша электрлі жабдықтар өндіруге назар аударып, екіншісінде – техникалық жабдықтардың электромагниттік үйлесімділігі, сондай-ақ, ауыл және орман шаруашылығында қолданылатын тракторлар мен тіркемелерді жасаған кезде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін техникалық регламенттер пысықталды.
Семинарға қатардағы қызметкерлерден бастап, инженерлер мен менеджерлер деңгейіндегі мамандар шақырылды. Бұл жолғы шараға өңірімізде электрлі жабдықтар мен ауыл шаруашылығы техникаларын өндіруші кәсіпорындардың мамандары атсалысты. Атап айтсақ, “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ, “ПАМЖЗ” АҚ, “ЗИКСТО” АҚ, “КазТехМаш” ЖШС, “СевКазЭнерго” АҚ мен басқа кәсіпорындар қатысты.
Семинарды өнеркәсіптегі басым секторлардың жетекші сарапшылары, Кеден одағы мен Қазақстан Республикасының техникалық регламенттерін әзірлеушілер және бағыт бойынша сарапшы-аудиторлар жүргізді. Шара соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді. Қатысушылар мен атсалысқан кәсіпорындардың әкімшілігі ұйымдастырылған шараның маңыздылығы мен тиімділігін жоғары бағалап, ризашылықтарын білдірді.
Мамандардың біліктілігін арттыру шарасы әрі қарай жалғасын табады. Келесі бес күндік оқыту бағдарламасында техникалық реттеу, стандарттау, Еуразиялық экономикалық одақ туралы заңнама, Дүниежүзілік сауда ұйымындағы мемлекетаралық және халықаралық стандарттар, Еуразиялық экономикалық одақ пен Қазақстан Республикасының техникалық регламенттерінің талаптары, Қазақстан Республикасының менеджмент жүйесін өңдеу және енгізу сияқты бағыттарға арналады.
Ләззат КЕНЖЕТАЕВА,
“ҚазСтИн” РМК облыстық филиалының директоры.