Мамлют ауданында тұратын үш жасөспірім түрлі түсті металл және 120 мың теңге ақша үшін ерлі-зайыпты тұрғындарды қатыгездікпен өлтіріп, құдыққа лақтырып жіберген. Оқиға осыдан екі күн бұрын болған екен. 77 және 72 жастағы қарттардың көрінбей кеткеніне алдымен көршісі алаңдап, аудандық ішкі істер бөліміне хабар беріпті. Тәртіп сақшылары оқиға орнына жеткенде есігі ашық жатқан үйден отбасы мүшелерін таба алмаған. Марқұмдардың өлі денелері қызметтік иттің көмегімен Мамлютка қаласындағы қаңырап бос жатқан машина жасау зауытының құдығынан табылды.
Жедел іздестіру нәтижесінде қанды қылмысқа қатысы бар деген күдікпен үш жасөспірім ұсталды. Жауап алу барысында олар қылмыстарын мойындап, оқиғаның қалай өрбігенін айтып берді. Қауқарсыз қариялардың үйіне баса-көктеп кіргеннен кейін оларды аяусыз соққыға жығып, мерт қылған. Одан кейін екі мүрдені қоларбаға салып, ескі құдыққа лақтырып жібереді де, оқиға орнынан іздерін суытыпты. Күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.