«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРДАСТАРДЫҢ ҚАЛЖЫҢЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Серікбай Құсайынов – өңірімізге белгілі күйші, домбырашы. Қарт ұстаз осы өнерге ұзақ жылдар бойы жас шәкірттерді баулып, қанаттандырды.

Секең домбырашылығына қоса ел әңгімелеріне жетіктігімен, зейінділігімен де танымал. Ол, әсіресе, ауыл айтқыштарының әзіл-қалжыңдарын зердесіне түйген. Осы әңгіме-хикаяларды айтқанда айызыңыз қанады.

Біз бүгін Серікбай ақсақалдың өзінен жасы үлкен ағаларының, Жамбыл ауданындағы Баян ауылының қарттарының өмірінен алынған қызықты әңгімелерін оқырмандардың назарына ұсынып отырмыз.  

Ертеде Жамбыл ауданындағы біздің Баян ауылында Шайқының Қаппасы және Нұржанның Сұрағаны есімді түйдей құрдас ағалар өмір сүрген. Олар 1912 жылы туған, Ұлы Отан соғысы басталғанда отызға толмаған екі азамат та майданға алынады.  

1943 жылы соғыста жараланған екеуі де елге оралыпты. Қаппастың оқ тиген басы жарылып екі бөлінгендей болыпты, оның үстіне сол аяғынан қатты жараланыпты.

Ал Сұрағанның оң аяғы кемтар болып, ол аздай бір қолын оқ жұлып түсіріпті.

Осындай күйге душар болса да, құрдастардың көңілдері жасымай, аман оралғандарына шүкіршілік етіп, екеуара қалжыңдары жарасып жүреді екен.

Соғыстан кейінгі тапшылық кезі ғой. Қыстың қақаған суықтарында олар жоқ аяқтарының етік, пималарын сау аяқтарына ауыстырып киіп жүріпті. Сөйте жүре бірі екіншісінің үйіне жиі қыдырып баратын болыпты. Қаппас Сұрағанды қонаққа шақырып, өзінің үйіне арқалап әкеле жатады. Сұраған жай тұрсын ба:

– Қаппас, осы сенің басың нешеу? – дейді.

– Екеу, – дейді құрдасы. – Немістер бір басымды екі бөліп берді ғой.

– Бәсе! Басың екеу болса да, миың аз ба деймін. Өйткені, жолдың сол жағына шығып кетіп, оппалап келесің, – дейді Сұраған.

– Сенің кең етігің сол аяғыма бағынбай келеді, – депті Қаппас.

Келесі жолы Сұраған Қаппасты арқалапты. Сонда Қаппас:

– Әй, Сұраған, осы сенің қолың нешеу? – дейді.

– Бір жарым ғой. Немістер бір қолымның жартысын алып қойғанын білмеуші ме едің?! Оны неге сұрайсың?

– Арқаңда дұрыс жатпай, бір жағыңа ауа беремін, – депті Қаппас.

Құрдастардың әзіл-шыны аралас қалжыңдарына ел-жұрт қарық болып отырушы еді.

 

«ШОЛПАН» АУЫЛЫНЫҢ АДАМЫ

Бірде Қаппас пен Сұраған бір ауылға құда болып барады. Құдалыққа жан-жақтан жиылған үлкенді-кішілі адамдар әңгіме-дүкен құрып, жөн сұрасып отырады.

– Жөнің түзу жан екенсің, өзіңді таныстыра отыр, – дейді бір егде қарт Сұрағанға.

– Қантай Керейдің екінші баласы Қалыбектен тараймыз. Одан Итқара – Тоқсан – Тұяқ – Нұрғожа. Одан мына мен, есімім – Сұраған!

– Аталарын тізбектеп отырған бұл кісі «Шолпан» ауылында тұрады, – дейді әңгімеге араласқан Қаппас.

– Қой, шырағым, мен жақын маңайда ондай ауылды естіген емеспін, – депті қарт.

– Ондай ауыл бар. Шолпан деген шолпысы сыңғырлаған әйел. Мына Сұраған сол ауылдан.

– Әй, қайдам? – деп күмілжіпті шал.

Қаппастың айтып отырған Шолпаны – Сұрағанның әйелі.

«БІР СИЫР ҚУСАМ ДА КЕТПЕЙДІ, ЕКІ СИЫР БАҚСАМ

ДА БІТПЕЙДІ!»

Қаппас шаруаға ебі жоқ, мал-мүлік жимаған, қоңторғай ғана тұрмысы бар адам болған.

Қолындағы жалғыз сиырына дайындаған шөбі қыс түсе таусылып қала береді. Бір үйде бірнеше үйелмен туыс болып тұрғанда білінбеген бұл тапшылық кейін оңаша үйге шыққанда сезіледі.

Бірде ол немере ағасы Махметтен шөп сұрай келеді. Ағасы:

– Жаз бойы әңгіме қуып, бос жүргенше жалғыз сиырыңа шөп шаппайсың ба? – деп кейістік білдіреді.

– Бір сиыр қусам да кетпейді, екі сиыр бақсам да бітпейді! – депті Қаппас. – Алла Тағала ағайындарыма амандық берсін!

ҚАППАСТЫҢ ҚУЛЫҒЫ

Мырзахметтің Қамза деген баласы ауыл молдасы. Ауыл адамдары жұма күндері арнайы барып, сол кісіге аруақтарға арнап дұға оқытып тұрады. Қаппас үйі жақын болған соң молдекеңе жиі барады, сондықтан үй жағдайын жақсы біледі. Ал Сұраған көп бара бермейді. Бір гәбі – молданың үйінің кіреберісінің маңдайшасы төмен. Оны жақсы білетін Қаппас өзінен бойы әлдеқайда биік Сұрағанды: «Дұғадан кешіксек, ұят болады», – деп, әй-шайға қаратпастан асығыс бастай жөнеледі. Қаппастың ізін іле-шала кіре берген Сұраған қараңғы дәлізде басын маңдайшаға оңдырмай соғып алады.

Молда дұға оқып, оның уағызына сүттей ұйыған Сұраған маңдайшаның төмендігін ұмытып кетіп, шыға бере басын тағы да ұрып алыпты.

– Әй, сенен-ақ көрдім-ау, – дейді құрдасына ренжіп.

– Сорайған бойыңнан көр! Бұл үйдің маңдайшасын мен салды дейсің бе?

Қаппастың қалжыңына еті үйренген құрдасы ренішін лезде ұмытып, бірін-бірі қажап әрі жөнеле беріпті.

 

«ТОҚАЛДАРДАН

ТАЯҚ ЖЕП ӨСТІМ ҒОЙ»

Шалабай қажыдан тараған, Оразай қажының баласы Қажынәсіп деген кісі ата-бабаларының қажылығының зардабын тартып, жазықсыз сотталып, жер аударылған.

Алайда, өміршең, қайсар жігіт мойымайды.

Қалжыңқой, өткір тілді, тауып айтатын ділмар болған.

Бірде оның түйдей құрдасы Сұраған бойы шарғы Қажынәсіпке тиісіп: «Әй, осы сен әкеңе тартпағансың-ау. Әйтпесе, денең зор, алып жігіт болмас па едің. Бойың өзің бағып жүрген бұзаулардан байқалмайды ғой», – депті.

Расында да, әкесі Оразай зор денелі адам болған екен.

Қажынәсіп қарап қалмай:

– Әй, Сұраған, сен мен әкемнің бәйбішесінен туғанымды жақсы білесің ғой. Әкем марқұм бірнеше тоқал алғаны да саған аян. Міне, сол тоқалдары мені аяды дейсің бе? «Өй, жүгермек!» – деп әрқайсысы төбемнен түйгіштей бергесін бойым өспей, бәкене болып қалдым. Тоқалдардан таяқ жеп өстім ғой, – депті.

– Ойбай, онда кешір, – депті құрдасының уәжіне риза болған Сұраған.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp