«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“САЛА КӨШБАСШЫСЫ” АТАНҒАН СЕРІКТЕСТІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің облыс орталығында жертөле қабырғаларына, кәріз, су құбырлары құдықтарына арналған темір-бетонды “СевКаз Родник” серіктестігі шығарады. 2011 жылы қайта құрылған серіктестік, негізінен, “Ақ бұлақ” мемлекеттік бағдарламасы бойынша елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында су құбырлары желісіне арналған темір-бетон құрылғыларын құюмен айналысады. Сондай-ақ, таза суға арналған сұйыққойма шығарады. Оның көмегімен таза ауызсуға қол жеткізуге болады. Сұйық-қоймалардың пішіндері де әртүрлі. 50-5000 текше метрлік темір-бетон бұйымдары жасалады.

– Өткен жылы біз 102 миллион теңге табыс тапқан едік. Биыл табыс көлемі біршама азайды. Өнімдерді өткізуде күрмеуі қиын мәселелер де жетіп артылады. Бірақ біз нарық заманында өмір сүргендіктен, қолымыздан келгенше жұмыс істеуіміз керек. Доллар бағамының өсуі бізге айтарлықтай әсер ете қойған жоқ. Өйткені, бетон өнімдерін дайындауда шикізат қорының дені өз елімізде шығарылады. Сондықтан өнімдерді бұрынғы бағамен сатудамыз, – дейді серіктестік директоры Сағат Хамзин.  

Биыл өндіріс цехы 66 миллион теңгенің өнімін сатқан. Мұнда шығарылатын темір-бетон бұйымдары тапсырыс бойынша дайындалады. Қазіргі таңда цехтың қоймасында 30-40 миллион теңгенің дайын өнімі жатыр. Бетонды дайындау барысында қажетті қоспалар Астана, Қарағанды қалаларынан жеткізіледі.

Серіктестікте қазір 23 адам жұмыспен қамтылған. Орташа жалақылары 120-130 мың теңге көлемінде. Құрылыс кезеңінің саябырлаған сәті болғандықтан, тапсырыс көлемі де біршама азайған. Сондықтан цехта қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ресейден бағасы 3 жарым миллион теңге тұратын жаңа бетон араластыратын машина сатып алынған. Мамандардың айтуынша, жаңа құрылғы іске қосылғаннан кейін өндіріс көлемі екі еседей ұлғаяды.

Бұл серіктестік түрлі кезеңдерді бастан кешті. Оның атауы да бірнеше рет өзгертілді. 1984 жылы зауыттың бас технологы, бас инженері болған Сағат Хамзаұлы жетпістің үстіне шықса да, қажыдым, шаршадым демейді. Керісінше, ұжымға үлгі-өнеге көрсетіп, ұйытқы болуда. Өз кезегінде серіктестікте жұмыс істейтін жігіттер білікті басшыны ерекше құрмет тұтады. Солардың бірі – Наиль Хамидулин. Оның бұл цехта жұмыс істегеніне – 21 жыл. Осынау уақыт ішінде түрлі жағдай орын алғаны белгілі. Әйтсе де, ол болашаққа зор сеніммен қарайды. Сағат Хамзаұлының жанашырлығы мен қамқорлығын сезінді. Бүгінде ол өндіріс цехының бригадирі болып еңбек етуде. Ал серіктестік басшысы алдағы уақытта пеноблок шығару жоспарда бар екенін жеткізді. Бұл тек уақыттың еншісіндегі мәселе. Осы орайда өнім сапасы қандай деген заңды сұрақ бар. Өндіріс кешені биыл Ұлттық бизнес – рейтингтер одағының “Сала көшбасшысы – 2015” сертификатымен марапатталған. Өткен жылы рейтингте 10-орында болса, биыл үздіктер қатарынан көрініп, бірінші орынға қол жеткізген. Бұл – жемісті еңбектің жеңісі.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕРДЕ: жоғарыда (солдан оңға қарай) – серіктестік директоры С.Хамзин мен бас бухгалтер В.Запорожец; төменде – дайын өнімдер.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp