«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫНЫМСЫЗ ЖАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамлют ауданындағы Бостандық ауылының тумасы, партия және ауыл шаруашылығы қызметінің ардагері, облыстық “Память” қоғамдық қорының және облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Болат Сағындықовтың есімі жерлестерімізге жақсы таныс. Ауылдас ағамыз туралы жазайын, бірегей абзал азамат жайлы өз білгенімді ортаға салайын десем, соның ретін келтіре алмай жүрген жайым бар. Ол елемегендіктен емес. Бәрі Бөкеңнің қазақ атам айтқандай, сегіз қырлы екендігінде, соның бәрін бүгінгі болмысымен, күнделікті қам-қарекетімен, ерекше бір белсенділігімен қолына қалам алып, көптің алдына өзі жайып салып жүргендігінде болып тұр.

Әйтпесе, сонау шалғайдағы Бостандық ауылынан түлеп ұшып, сол кездері екінің бірінің қолы жете бермейтін жоғары оқу орнын қазіргіше шетелде, Ресей Федерациясында бітірген біздің ауылдың екі азаматының бірі – осы Бөкең де, екіншісі – Болат Мағазұлының ең жақын туысы, замандасы Ғазез Есмұқанов ағамыз болатын. Ғазез ағамыздың Жезқазған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, Алматыда Ауыл шаруашылығы министрлігінде жоғары қызмет атқара жүріп, 1992 жылы шетелдегі қандастарымыздың елге көш бастауына басшылық жасағаны – бөлек әңгіме. Бүгінгі сөз Бөкең жайында.  

Бөкең бөлімше агрономы, кеңшардың бас агрономы, 15 жыл кеңшар директоры, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, облыстық жеміс-көкөніс базасының директоры қызметтерін атқарып-ақ, ауыл шаруашылығының білгір маманы екендігін іс жүзінде дәлелдеді. Бескөл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып, жоғары лауазымға лайық екендігін танытты. Өрлеудей-ақ өрледі. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде жас маман қазіргі Тимирязев ауданындағы “Москворецкий” кеңшарын басқарып, оның іргелі шаруашылық болуына зор үлес қосты. Бөкеңнің қазіргі Қызылжар ауданындағы “Озерный” кеңшарын басқарған жылдары да бағындырған биіктері аз емес. Тіпті, жекешелендіруге байланысты кеңшарлар таратылып жатқанда да сан салалы шаруашылықты ұстап қалуға тырысып бақты. Бірақ оған заман ағымы жол берді ме? Сол кездегі аудан басшылары орнына басқа адамды сайлап, былайша сыпайы айтқанда, зейнеткерлікке “құрметтеп” шығарып салды.

Еңбек етіп үйренген, қол қусырып отыра беруді білмейтін ағамыз шаруа қожалығын құрып, егін екті, бие байлап, қымыз өндірді, пайдалы сусынды сақтаудың өзіндік технологиясын насихаттады. Сөйте жүріп, сонау шалғайдағы Францияға барып, халықаралық агробизнес мектебінде дәріс алды, шетелдегі фермерлердің мал шаруашылығын қалай дамытып жатқандығымен танысты. Француздардың мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өткізудегі үйлесімділігін, ұсақ шаруашылықтарды кооперациялаудың, жалпыға жар салып жүрген инновацияның сол елде қалай жүзеге асып жатқандығын өз көзімен көргендіктен, соның біздің елге де қажет екендігін талай айтқанымен, соны іске асыруды қолға алатын тиісті министрліктің, одан қалды кәсіпкерлердің жоқтығына күні бүгінге дейін өкінеді. Қолдан келетінді ұқсата алмау деген осы.

Сонымен Бөкең ағамыздың партия мен ауыл шаруашылығы саласында атқарған жұмыстарының өзі, қазақы тілмен айтқанда, бір атанға жүк боларлықтай. Сонысымен ғана қандай болсын құрметке де, сый-сияпатқа да лайық. Айтпақшы, сол жылдары “Құрмет белгісі”, “Халықтар достығы” ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталды. Егемен ел болғалы Қазақстан Республикасы Президентінің екі мәрте Алғыс хатына ие болды. Алайда, Бөкең “толдым-болдым, осым да жетер” дейтін жан емес. Қол қусырып отыра беруді жөн көрмейтіндігін бүгінгі істерімен де дәлелдеп жүр.

Тынымсыз жан ағасы Қилаж Мағазұлы құрған “Память” қоғамдық қорының игілікті ісін жалғастырып, бұрынғы “НКВД” мекемесінің орнында, қазіргі Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының жанындағы алаңда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған мемориалдық кешеннің ашылуына ұйытқы болды. Облыстық прокуратураның, соттың және ішкі істер департаментінің мұрағаттарын ақтарудың нәтижесінде бұл күндері ұзыннан-ұзақ созылған еске алу қабырғасына Петропавл қаласынан және аудандардың елді мекендерінен қуғын-сүргін құрбаны болған 7612 адамның есімдері тасқа ойып жазылды. Әлі де ақталған жаңа есімдермен толықтырылатын орын қалдырылды. Мұрағаттармен жұмыс істеудің арқасында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың есімдері жазылған екітомдық жинақ жарық көрді. Осының бәріне облыстық әкімдіктің қолдауымен Бөкең басқаратын “Память” қоғамдық қорының сіңірген еңбегі ерекше. Енді ағамыз: “Осы жерге мұражай тұрғызса, кешен өзінің алдына қойған мақсатын толық жүзеге асырар еді. Сонымен бірге өскелең ұрпақ еліміздің сол бір кезеңінде жазықсыздан жапа шеккен боздақтардың кім болғандығын біліп жүрер еді. Ондай нысан өткеннен сабақ алу үшін де қажет қой”, – деп осы күрмеуі келіп жатқан мәселеге түбегейлі нүкте қоюды армандайды.

Болат ағамыз ақсақалдар алқасының төрағасы ретінде өскелең ұрпаққа парасаттылықты, отансүйгіштікті, инабаттылықты, былайша айтқанда, халықтық педагогиканы үйретуге арналған қариялардың тәрбие мектебін ашуға да мұрындық болды. Бұл тәрбие мектебі облыстық ардагерлер кеңесі жасаған кесте бойынша қоғамдық негізде жұмыс істейді.

Бөкең – ауыл шаруашылығы маманы болса да, ақындыққа жақын адам. Сонау облыс орталығындағы қазақ мектеп-интернатында оқыған жылдары жыр жазумен әуестенген екен. Сол машығын күні бүгінге дейін жанына серік етіп келе жатқан жайы бар. “Дала жыры”, “Ауыл жыры”, “Өмір жыры” жинақтары соған дәлел.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp