Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік – мемлекеттің маңызды мәселелерінің бірі. Өнеркәсіптік қауіпсіздік деген тіркес – қауіпті кәсіпорын нысандарының адамзат пен табиғатқа теріс әсер етпеуін қадағалау, қорғау деген ұғым. Бұл мақсатты жүзеге асырып отырған мекемелердің бірі – Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті. Осы орайда департамент басшысы Александр Иванищевті әңгімеге тартып, жаңадан құрылған саланың қызметі жайында айтып беруді сұраған едік.
– Александр Васильевич, өзіңіз басқарып отырған департаменттің жұмысы туралы қысқаша ақпарат беріп өтсеңіз. Оның басты міндеттері мен қызметтері қандай?
– Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қадағалау – бұрыннан қалыптасқан салалардың бірі. Тек әр кезде қадағалаушы органның атауы түрліше болды. Елімізде 2014 жылы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті құрылып, соның басшылығымен әр облыста департаменттер қызмет атқаруда. Департаментке өнеркәсіптік қауіпсіздікке қатысты үлкен міндет жүктеледі. Соның ішінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және техникалық регламенттерді әзірлеуге атсалысады. Мекеме қауіпті өндірістік нысандарда апаттар, оқыс оқиғалар орын алған кезде туындайтын қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің алдын алуды, реттелетін салаларда мемлекеттік бақылауды және қадағалауды қамтамасыз етеді. Біздің қызметкерлердің міндеті ауқымды. Оның ішінде өңір аумағындағы қауіпті өндірістік нысанды пайдалануға беру кезінде қабылдау сынақтарын, техникалық куәландыру шараларын жүргізеді. Жару жұмыстарын жүргізуге немесе қауіпті өндірістік нысандарды салуға, кеңейтуге, қайта жаңартуға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалық құжаттаманы тексеріп, рұқсат береді. Басқа да атқарушы органдармен бірлесе отырып, өз құзыры аясында апаттарды тексеруге қатысады. Тоқетерін айтар болсақ, департамент қызметі қауіпті өндіріс орындарында еңбек ететін адамдардың қазасына және денсаулықтарының зақымдануына жол бермеуге, түрлі төтенше жайттың алдын алуға бағытталған.
– Облыс аумағында сіздердің назарларыңызда жүрген қауіпті нысандар көп пе?
– Өңірімізде “Азаматтық қорғаныс туралы” заңда көрсетілген ережелерге сәйкес қауіпті деп танылатын өнеркәсіп нысандары жетерлік. Әсіресе, қауіпті техникалық құрал-жабдықтары бар нысандарды жіті қадағалау талап етіледі. Мәселен, 0,07 мега-Паскальдан асатын қысыммен немесе судың қайнау температурасы 115 градустан жоғарлаған кезде жұмыс істейтін құрылғылар қауіпті. Сондай-ақ, жүк көтергіш механизмдер, эскалаторлар, аспалы жолдар, фуникулерлер, лифтілердің техникалық ахуалы да ұдайы тексерілуге тиісті нысандар саналады. Техникалық ақауы бар құрал-жабдықтар адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Өңір аумағында назарға жиі ілігетін нысандар: ет және сүт өнімдерін өндірумен айналысатындар, мұнай базалары мен көліктерді жанар-жағармаймен қамтамасыз ететіндер, мұнай тарату құбыр тораптары, ұн үгетін комбинаттар, элеваторлар мен астық қабылдайтын кәсіпорындар, жүк көтеретін механизмдерді қолданатын ұйымдар. Бүгінгі күні департаменттің қадағалауында өңіріміздегі 800 кәсіпорын мен ұйымның 8,5 мың қауіпті нысаны бар.
– Өнеркәсіптік қауіпсіздік заңнамасын бұзу кезінде қандай заңсыздықтар жиі әшкереленеді? Оларды жазаға тартатын кімдер?
– Әңгімемізді екінші сауалыңыздан бастайын. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес өнеркәсіп қауіпсіздігін қадағалау бойынша әкімшілік заңсыздықтарды әшкерелеу департаментке міндеттеледі. Қауіпсіздік ережелерінің белгіленген нормалары мен талаптары бар. Әр салада жұмыс барысында адам өмірі мен денсаулығына теріс әсер ететін жайттардың алдын алу жұмыс берушіге жүктеледі. Мәселен, құрылыс пен тау өнеркәсібі нысандарының жаңа құрылысы, қайта жөндеу, жаңғырту жобаларын жасаған кезде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы, апаттық жағдайдың орын алуына жол берілуі әшкереленсе немесе ол нысандарда абайсыздықтан адам өміріне ауыр және орташа ауыр деңгейде залал тигізілсе, ондағы жауапты тұлға жазаға тартылады. Қауіптің деңгейіне қарай айыппұл салынуы ықтимал, сондай-ақ, өндіріс орнының немесе жекелеген учаскенің жұмысы тоқтатылуы мүмкін. Соңғы шара көп жағдайда сот шешімімен жүзеге асырылады. Алайда, адам өміріне аса қауіп төндіретін жағдайда департаменттің мемлекеттік инспекторы үш күнге дейін сот шешімінсіз ондай әрекетке бара алады.
– Ендеше атқарған жұмыстарыңыз бойынша 2014 жылға және осы жылдың алты айына қандай қорытынды жасайсыз?
– Өздеріңіз білетіндей, 2014 жылдың 27 ақпанында Қазақстан Президентінің Жарлығымен еліміздегі орта және шағын бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жарияланды. Ол сол жылдың 2 сәуірінде күшіне еніп, жылдың соңғы күніне дейін созылды. Сол кезде департаменттің жоспарлы тексерістері жүргізілмеді. Тексерістің басқа тетіктері бойынша инспекторлар өңірдегі 53 кәсіпорындағы 400-ден аса қауіпті нысанды тексерді. Мораторий күшіне енгенше 19 жоспарлы, 5 жоспарсыз және басқа сипаттағы 29 тексеріс жүргізілді. Осы жұмыстардың барысында 340 заңсыздық әрекет әшкереленіп, 7 нысанның жұмысы тоқтатылды, 29 адам жауапқа тартылды. Сонда белгіленген 22 айыппұлдан 880 мың теңге төлетілді. Ал биылғы бірінші жартыжылдықта департамент инспекторлары 20 кәсіпорында 100 өндірістік қауіпті нысанды тексерді. Петропавл қаласының прокуратурасының талабы бойынша бір тексеріс ұйымдастырылды. Соңғы жағдайда өндіріс тоқтатылып, іс сотқа берілді. Жобалық-сметалық құжатты тексеру бойынша 29 өтініш қаралып, оның 8-і дұрыс баға алды. Сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалардың 142 өтініші бойынша тексерістер жүргізілді.
– Жасыратыны жоқ, бақылау-қадағалау қызметін атқарып, түрлі құжаттар беретін мемлекеттік органдардың қызметкерлері жемқорлықтың құрығына жиі ілігіп жатады. Сіз басқарып отырған мекеменің қызметкерлері осындай заңсыз әрекеттерге бармас үшін қандай жұмыс жүргізесіздер?
– Сөзіңіздің жаны бар. Мәселені шешетін, құжаттайтын, келісетін қызмет түрлерінде сыбайлас жемқорлықтың ызғары жиі сезіліп жатады. Сондықтан мен қол астымдағы қызметкерлердің осындай олқылықтарға жол бермеуі үшін оның алдын алу жұмыстарын ұйымдастыруға тырысамын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілетін жылдық жоспар бекітілген. Ұжымда бұл тақырыпқа байланысты әңгімелесулер жиі өткізіліп тұрады. Апта қорытындысы жасалған кезде жемқорлыққа итермелейтін істің шеті көрінсе, алдын алуға тырысамыз. Тексеріске барған қызметкердің құжаттары, ол болған нысанның жайы толықтай бақыланып отырылады. Қызметкерлердің заңсыз тексеріс жүргізуіне жол берілмейді. Әр тексеріске нұсқама беріледі. Департамент жұмыстарын жүзеге асыру барысына сараптама жасалып, заңды және жеке тұлғалардан сыбайлас жемқорлыққа қатысты түскен өтініштері бойынша мониторинг жүргізіледі. Департаменттің құзырындағы рұқсатнама құжаттарын “Е-лицензиялау” жүйесі бойынша беру енгізілген. Бұл – жұмыс айқындығының бір көрінісі. Мекеме әкімшілігінде 53-42-48 сенім телефоны жұмыс істейтінін естеріңізге сала кетеміз. Біздің қызметкерлер тарапынан осалдық байқалса, әкімшілікке хабарласып, бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз.
Сұхбаттасқан
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.