Жүйрік уақыттың көшінде тізбектелген күндер зымырап өтіп жатыр-ау! Бүгіндері алпыс деген жастың ауылына қонған соң оны айқын сезіне бастайды екенсің. Отыз жылдан астам журналистік жолымда сан алуан мінезді адамдармен, ел басқарған азаматтармен, еңбегімен еленген қарапайым тұрғындармен кездесудің сәттері түсті. Бүгіндері олардың ішінде арамыздан мәңгіліктің көшіне ілесіп кеткендері қаншама?! “Өлі разы болмай, тірі байымас” деген пәлсәпалық тұжырымның мағынасына үңілетін болсақ, мұндай тұлғалы азаматтарды еске алып отыру, олардың жарқын істерін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп жеткізу замандастардың мойнындағы борыштардың бірі емес пе? Мен осындай еліне елеулі тұлғалардың қатарына өңіріміздің прокуратура органдарында әріптестеріне үлгі боларлық істерімен көрінген, алайда, сұм ажалдың қанды шеңгелі арамыздан жастай алып кеткен Сәбит Күрлеуітовті қосар едім.
Сәбит Халықұлымен алғаш рет Мамлютка қаласында кездестім. Осындай қоңыр күз болатын. Астық жинау науқаны аяқталған тұс еді. Бұл кезде мерзімді басылымдарға жазылу науқаны жүргізіліп, журналистер қауымы үшін іссапарлар кезеңі басталатын. Ол кездегі “Ленин туы” (қазіргі “Солтүстік Қазақстан”) газетінің журналистері аудандарға бөлініп, басылымға жазылуға жауапты болатын. Сол жылы менің “үлесіме” Мамлют ауданы тиді. Ауданға іссапарға барайын деп жатқанда партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Жарасбай Сүлейменов жақсы ақыл-кеңес берді. “Мамлют ауданының прокуроры Сәбит Күрлеуітов – ұлтжанды азамат. Оқыған-тоқығаны көп, қазақ басылымдарының шынайы жанашыры. Қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын қалт жібермейді. Оған мүмкіндігінше жолығуға тырыс. Ол сенің жұмысыңа міндетті түрде қол ұшын береді”, – деді әріптесім.
Мамлютка қаласына келген соң сол кездің тәртібі бойынша аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына барып, іссапарымның мақсатын жеткіздім. Ол идеология саласына жауапты үшінші хатшыға газетті таратуға тиісті тапсырмалар берді. Бұл ауданда басқа этнос өкілдері көп тұратындықтан, газетіміздің таралымы көңіл көншіте қоймайтын. Осы жағдайдың тағы қайталанатынын іштей сезген соң аудандық прокуратураға жол тарттым. Ауданның прокуроры Сәбит Күрлеуітов мені ескі танысындай қарсы алды. Орта бойлы, толықша келген иманжүзді азаматпен әңгімеміз бірден жарасып кетті.
Ауданда болған күндерімде Сәбең ауыл шаруашылығы құрылымдарының, мекемелердің басшыларымен кездесіп, қазақ газетіне жазылу жөніндегі өтінішін сыпайы жеткізе білді, кейбіреуімен ұлттық намысты қайрай отырып сөйлесті. Соның нәтижесінде газетіміздің аудандағы таралым жоспары артығымен орындалды. Көп кешікпей Сәбит Күрлеуітов облыс прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалып, Петропавл қаласына көшіп келді. Содан кейін әртүрлі алқалы жиындарда, жұмыс кабинетінде кездескенде оны басқа қырынан тани түстім.
Сәбит адами мінезге бай азамат болатын. Оның бойында жақсы қасиеттермен бірге прокурордың, тергеушінің мінездері әдемі үйлесім тапқан еді. 1975 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген соң еңбек жолын өзі туған Жамбыл ауданында тергеуші болып бастаған болатын. Жас маманның білімдарлығын, іскерлігін, өзіне де, өзгеге де талап қойғыштығын бағалаған басшылық оны Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев) ауданы прокурорының орынбасары, жаңа ашылған Целинный ауданының прокуроры етіп тағайындады. Мен Сәкеңмен танысқанда ол Мамлют ауданының прокуроры қызметінде болатын. Заң саласында қызмет істеп жүріп, көптеген адамдардың тағдырына араша болған, түрлі қылмыстарға әділетті үкім шығаруға жол ашқан ол адамдардың конституциялық құқын қорғауға, жастардың бойына ұлттық тәлім-тәрбиені сіңіруге мол үлес қосты. Шындық іздеушілермен жақынындай әңгімелесу, достасу, өмірге дұрыс бағыттау, заңгер ретінде ресми әділ шешімдер шығару өмірінің мағынасына айналды. Ұлтына, еліне деген махаббат болашаққа үлкен сенім арқалатып, құқық қорғау саласының ауыр жүгін көтерушілердің бірі болды. Мемлекеттің ісін жеке басынан жоғары қойып, тынымсыз еңбек етті.
Заң тек заң тілінде ғана сөйлеп, соған лайықты жұмыс жүргізілуі тиіс. Өте күрделі әрі жауапты сала болғандықтан, әр заңгерден терең білім, биік парасат, көкжиегі кең таным-түйсік, іскерлік, сонымен бірге жылы жүрек талап етілетіні сөзсіз. Тергеу және прокурорлық қадағалау жұмыстары барысында қателікке ұрыну, жеке адамға ғана емес, мемлекетке де үлкен зиянын тигізуі мүмкін. Әр істің оқиғасын бес саусақтай білу, қылмыстың ізін суытпай ашу, сауатсыз шешімдерге дұрыс қадағалау жүргізу, ол үшін ең басты міндет әрі парыз болатын.
Тергеушілік – заң саласындағы қиын жұмыстың бірі. Неше түрлі қылмыскермен бетпе-бет отырып, жасаған қылмысын мойындату жүйкеге жүк түсіретін ауыр жұмыс екені белгілі. Мұндай кезде тергеушінің де ар-ожданы таразыға түседі. Сәбит сондай сәттерде мың ойланып, мың толғанып: “Қателескен жоқпын ба?” – деп ар сотының алдында өзіне-өзі қатаң талап қоя білетін. Ісқа-ғаздарын бірнеше рет тексеріп, дәлелдермен қайта-қайта салыстыратын. Қауіпті қылмыскерлердің “түрмеден шыққан соң сазайыңды берем” деп қоқанлоқы жасағанына қарамай, соттан әділетті үкім сұрайтын. Қажет болған жағдайда жәбірленушіге де, айыпталушыға да заңгер ретінде моральдық-психологиялық көмек көрсетуге дайын тұратын. Өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білуінің, істі сауатты атқаруының арқасында сапалы жүргізілген тергеу жұмыстары сот орындарынан кері қайтарылмайтын. Әділеттің жолындағы жемісті еңбегі әділ бағасын алды. Иірімі мол, тұңғиығы терең заң саласы ол үшін үлкен өмір мектебіне айналды.
Сәбиттің прокурорлық қызметі де үлкен жетістіктерімен ерекшеленді. Әрине, құқықтық сауатсыздық басым қоғамда адамдардың құқығын қорғау, мол қиындықтарды кездестіретіні сөзсіз. Прокурорлық жұмыста талай сорақылыққа, қатыгездікке, сұмдыққа толы істердің куәсі болды. Адам бойындағы мәңгі арпалысатын ізгілік пен зұлымдықтың күресі заң орындарында том-том іс болып тіркеліп, тау-тау архивтерді өмірге әкеледі. Прокурор шеніндегі жылдары маңдай терді сығып алғанымен, өмір жолында айшықты із қалдырды. Көптеген адамдардың тағдырына оң ықпал жасап қуантты, олармен достасты. Әділетті ісімен жұрттың жүрегінен орын алды. Халықпен тығыз байланыса жүріп, қарапайым адамдарға өз құқығын қорғауда көп нәрсені үйретті. Саламатты өмір салтын қалыптастыруға, жасөспірімдер қылмысының алдын алуға, әйелдер құқығын қорғауға күш-жігерін жұмсады. Мемлекеттік тілдің құқық қорғау орындарында қолдану аясын кеңейтуге ұйытқы болды. Халықтың құқықтық білімін көтеру мақсатында газет-журналдарда көптеген мақалалары жарық көрді.
Прокурордың жауапкершілігі ауыр болса, тергеушінің жұмысы тегеурінді. Ұтымды шешім қабылдауды, серіппедей күш-жігерді қажет етеді. Барлығының айналатын қазығы – адалдық. Өмір бойы адалдықтың алтын қазығын айналып жүру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиетті іс. Адал болу – ауыр жүк. Заң жолында қара қылды қақ жарып, шындықты айта білу, әділетті үкімді талап ету басты бәйгеге тіккенмен бірдей десек те болады.
Сәбең КСРО және Қазақстан Республикасы прокуратураларының құрметті қызметкері, өңірімізге белгілі азамат Сапар Дүйсеновті тәлімгері ретінде ерекше құрмет тұтатын. Облыстық прокуратураның 20 жылдығына арналған «Жылдар арқылы – заңның салтанатына» атты кітапта Сапар Дүйсенов: “Сәбит деген жігіт өте сондай намысы бар, жігерлі адам еді, өз бетімен өріске жеткен, бірақ өмірі қысқа болып, осы дүниеден ерте кетті”, – деп еске алыпты өзінің талантты шәкіртін. Бұлай деп айтуына Сапар Дүйсенов ақсақалдың толық негізі бар. Мамлют ауданының прокуроры, содан соң зейнет жасына жеткенде облыс прокурорының бірінші орынбасары қызметтеріне одан кейін Сәбит Күрлеуітов тағайындалып, өзінің еңбекқорлығымен көзге түсті. Ол ұстазының сенімін ақтай білді.
Сәбеңді жақсы танитын азаматтардың бірі кезінде облыстық сотта, әділет басқармасында басшылық қызметтер атқарған, өңіріміздегі үздік судьялардың бірі – Қазыкен Досанов. “Біз Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінде бір жылдары оқыдық. Ол студент кезінің өзінде құрдастарынан білімдарлығымен, іскерлігімен ерекшеленіп тұратын. Кейіннен өңірімізде тергеу, прокуратура органдарында басшылық қызметтер атқарып, өзін тек жақсы қырынан көрсетіп, ұлтымыздың мақтаулы азаматтарының қатарынан көріне білді. Қырықтың жуан бел ортасында жол апатынан қайғылы қазаға ұшырады. Оның еліне беретіні әлі де көп еді”, – деп еске алады Қазыкен Аманбайұлы.
“Орнында бар оңалады” демей ме қазақ атамыз. Сәбиттің сүйікті жары Жұпар балаларына әкесінің жоқтығын сездірмеуге тырысып, оның артында қалған үш қызын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» бой жеткізді. Жұпар зейнет жасына жетсе де, бүгіндері облыстық ішкі істер департаментінде жұмыс істейді. Қыздары өз бақыттарын тауып, тұрмысқа шыққан, жеңгеміз жиендер сүйген. Үлкені Айгүл әке жолын қуып, қазір Астана қаласында Бас прокуратурада жауапты қызмет атқаруда, әділет кеңесшісі. Сәуле де заңгер мамандығын таңдаған, бүгінде отбасымен бірге елордада тұрып жатыр. Ал жастайынан өнерге бейім болып өскен Лаура – облыстық филармонияның әншісі. Тек бұл қызықтарды тамашалау бақыты аяулы азаматқа бұйырмағаны ғана өзекті өртейді екен.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.