Есімдері елге танылған, партия, кеңес органдарында қызмет атқарған тұлғалардың ғұмырнамалары әдетте ұқсас келеді. Бұл азаматтардың көбі, мысалы, бүгіндері сексен, тоқсан жасағандары, тіпті, одан да ересектері – әуелі комсомол, содан кейін партия ұйымдарында еңбек етіп шыңдалғандар. Арамызда шоқжұлдыздардың ортасындағы Айдай болып жарқырап, айызымызды қандыратын асыл ағалар мен апаларды көргенде бойыңа қуаныш пен мақтаныш сезімі қатар ұялайды. Ал осынау жасқа жете алмай, өмірден озғандарын еске алғанда ілтипат пен тәтті сағыныш бойды баурайды. Осылайша біздің әңгімемізге арқау болып отырған Қасым Қажыбайұлы Төлебеков те топырақтан тысқары болса, бүгін сексен жасқа толатын мерейтойын атап өтер еді.
1935 жылдың 31 қазанында Петропавл қаласында дүние есігін ашқан Қасым Төлебеков өмір соқпақтарымен жүріп өте келіп, есімі елімізге белгілі қоғам және мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілді.
Ол 1957-1958 жылдары кеңес армиясы қатарында жауынгерлік борышын өтейді. Жігерлі жас Алматының мал дәрігерлік-зоотехникалық институтын тамамдаған соң Сергеев ауданының “Октябрь” кеңшарына қызметке орналасады.
Қатардағы зоотехниктің еңбекке деген құлшынысы, соған сай білімі мен қабілеті танылғандықтан арада небәрі үш жыл өткен соң 1964 жылы оны Преснов ауданындағы “Миролюбовь” кеңшарына бас зоотехник етіп тағайындайды.
Жігерлі жас мұнда көп тұрақтамайды. Өзіне тапсырылған жұмысқа әр кез жауапкершілікпен қарайтын Қасым Қажыбайұлы 1966 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі қызметіне жоғарылатылады. 1969-1970 жылдары аталған басқарманың мал шаруашылығы бөлімінің бастығы қызметін атқарады.
Оның атқарған қызметтерін жіпке тізгендей түгендеп шығу міндет емес десем де, өмір жолының деректеріне көз жібере келгенде төмендегідей ой түйесің. Қарымы кең, іскерлік қабілеті мол, тығырыққа тірелген шақтарда жол таба білетін, болашақты болжай алатын адамдарда даңғыл жолға ұмтылғандай қасиеттер қалыптасады екен. Осы айтылғандай, Қасым Қажыбайұлы да кең ауқымдағы тұлғасымен дараланғанын байқайсың.
Оның 1970-1973 жылдары Бескөл аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқаруы да сүйсінерлік жай.
Іскерліктің, өзіне тапсырылған істі көңілдегідей, тиянақты атқара білуінің, үлкен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жас азамат Булаев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалады. Ол осы аудан коммунистерінің басшысы қызметін 1973-1981 жылдары атқарса, одан кейінгі кезеңдерде республикамыздағы танымал партия басшыларының қатарына қосылды. Бұған негіз болғаны Қасым Қажыбайұлының басшылығымен Булаев ауданы еңбеккерлерінің 1975-1980 жылдардың аралығында мемлекетке астық, картоп және көкөніс тапсырудың жетіжылдық жоспарын мерзімінен бұрын орындауы десем, артық айтқаным емес. Булаевтықтар осы жылдар аралығында Отан қамбасына 12,5 миллион пұт астық құйды. Сондай-ақ, мемлекетке сүт пен жүн тапсырудың жоспары мерзімінен бұрын орындалды.
Аумақта құрылыс қарқынды салынды. Аудан еңбеккерлері басқа да толайым көрсеткіштерге қол жеткізді.
Осы жетістіктерінің бәрі Қасым Қажыбайұлының ысылған басшы ретінде Қостанай облыстық партия комитетінің екінші, одан соң Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалуына мұрындық болды. Ал 1988 жылы Алматы облыстық партия комитетіне басшылық етіп, астаналық өңірдің коммунистерін экономикалық, саяси-әлеуметтік тапсырмаларды ойдағыдай орындауға жұмылдырды.
1991 жылдан 1994 жылғы наурызға дейін – құрметті еңбек демалысына шыққанша – республика Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары болып еңбек етті.
Жерлесіміздің ерен еңбегі елеусіз қалмай, соған орай марапатқа бөленді. Оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1980 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сондай-ақ, Қасым Қажыбайұлының омырауына екі Ленин, қос Еңбек Қызыл Ту және бір Октябрь революциясы ордені тағылды.
Қасым Төлебековтің еліміздегі ең биік дәрежелі қоғамдық қызметтер атқарғаны да жадымызда. Атап айтқанда, ол 1987-1989 жылдар аралығында 10-шы және 11-ші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, 1989-1991 жылдарда КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Еліміздің дамуының өзіне бұйырған бір кезеңінде елеулі еңбегімен лайықты құрметке бөленген ардагер 2014 жылдың қараша айында Алматы қаласында өмірден озды. Қасым Қажыбайұлының бойына Тәңір бұйыртқан қабілеті мен бейнесі бүгінгі көзі тірі үзеңгі жолдастарының жадында қалды. Оны жас ұрпақ та қадір тұтып, құрметтеуі парыз деп ойлаймын.
Сәуле МӘЛІКОВА,
облыстық мемлекеттік мұрағаттың директоры.