«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ОЙЫН АРЗАН, КҮЛКІ ҚЫМБАТ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Н. Погодин атындағы орыс драма театрында облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен қазақтілді командалар арасында облыс әкімінің кубогы үшін “Жайдарман” фестивалі өтті.

Сайыста біздің облыстан – тоғыз команда, Астана, Павлодар қалаларынан көңілділер мен тапқырлар клубының ойыншылары қатысып, бақ сынасты. Зал лық тола жиналған қауым жастардың өнеріне сүйсініс білдіріп, қолдап-қолпаштап отырды. Осыдан-ақ КТК ойындарының соңғы уақытта ерекше қарқын ала түскенін анық аңғаруға болады. Әсіресе, алғыр да өжет, пысық, әзіл-қалжыңы келіскен жастардың ана тіліне деген жанашырлығы көңіл қуантады. Ана тілінде сөйлеп қана қоймай, ана тілінде ойлайтын өңір жастарының қарым-қабілетін көріп, “Жарайсыңдар!” деп айтуға әбден болады.

Бірінші болып сахна шымылдығын түрген Тайынша ауданының “Тайынша ұландары” командасы көрермен қауымды ширақ биімен серпілтіп тастады. Ал жамбылдық “Ойпырмай” командасы ойыншыларының әзілдері көңілден шықпады. Ойыншылар бір-бірін келемеждеп, тұқыртумен болды. “Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы”,– деп ұлы Абай айтпақшы, сөз саптаулары да көңілді көншітпеді. Көрермендердің дені жастар болған соң КТК ойындарының да жастарға беретін тәрбиелік мәні ерекше екенін естен шығармағанымыз жөн болар еді.  

Айыртаудың “Алтын жүрек” командасы өзгелерден ерекшеленді. Өйткені, қазақ тілін ту еткен команда мүшелерінің дені – өзге этностың ұлдары мен қыздары. Сахнада өздерін жақсы ұстайды, актерлік шеберліктері де аз да болса байқалды. Облыс орталығынан шет жатқан Уәлиханов ауданынан келген құрама ерледі. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы сияқты мерейлі мерекелерді сөз еткен “Қызылту құрамасы” қоғамдағы өткір мәселелерді әзілмен қозғай алды. Есілдік “Шәжімбаев жастары” мен әскери институттың “Ұлттық ұлан” құрамасы қоғамдағы келеңсіз жайттарды әңгіме өзегіне айналдырды.

КТК ойынының қонақтары – “Павлодар жастар құрамасы” мен астаналық “Күлтегін” командасы жақсы өнер көрсетті. Ұшқыр ойлы, тәжірибесі мол ойыншылардың сахна мәдениетін жақсы меңгергендері анық көрінді. Сахнада ерсі қылық жоқ. Әзілдері де салмақты. Шығармашылық ізденіс деген осы болар.

Фестиваль қорытындысы бойынша “Павлодар жастар құрамасы” Гран при иегері атанып, облыс әкімінің кубогымен марапатталды. Бірінші орынға “Күлтегін” (Астана қ.) қол жеткізді. Екінші және үшінші орындарды “Қызылту құрамасы” (Уәлиханов) мен “Алтын жүрек” (Айыртау) командалары тең бөлісті.

Шара соңында сөз алған қазылар алқасының төрағасы, “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС директоры Кәрібай Мұсырман мен “Қазақстан КВН одағы” РЖҚБ президенті, республикалық “Жайдарман” әзілкештер мен тапқырлар сайысының жүргізушісі Есен Елеукен ойынға баға беріп, өздерінің пікірлерін білдірді. Олар жергілікті командалардың жетістігі ауыз толтырып айтуға жетіңкіремесе де, талпыныстан танбаса, бағындырар белес алда деген қорытындыға келді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp