«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА ОҢ НӘТИЖЕ БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің өңірімізде биыл “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020”, “Бизнестің жол картасы”, тағы басқа мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсінген ауыл тұрғындарының саны артқан. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. Оған облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереев және облыстық мәслихаттың депутаты Светлана Кашенцева қатысты.

Алдымен Анархан Дүйсенова өңіріміздің әлеуметтік саласының дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы және болашағы туралы баяндады. Жыл басынан бері “Жұмыспен қамтудың жол картасы” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 2,3 миллиард теңге қаржы бөлінсе, төрт мыңға жуық адам бағдарлама қатысушысы атанған. Екінші бағыты бойынша 32 жоба мақұлданып, 235 жеңілдетілген несие берілген. Бағдарлама аясында салынған үйлерге 11 отбасы орналастырылып, облыс орталығында жастар үшін тұрғызылып жатқан екі жатақхананың құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.  

Соңғы тоғыз айдың ішінде 22500-ге жуық адам жұмысқа орналастырылса, қоғамдық жұмыстарға 4000-нан астам адам тартылып, 10500-дей жаңа жұмыс орындары ашылған екен.

Анархан Қалиқызы өз баяндамасында биылғы жылы білім беруді дамытуға 39 миллиард теңге жұмсалғанын айтты. Бүгінгі күні бұл сала бойынша балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі толық шешімін таппай отыр. Бұл мақсатта атқарылып жатқан жұмыс аз емес көрінеді, жыл соңына дейін “Нұрлы Жол” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 320 орындық және 800 бүлдіршінге арналған 3 жекеменшік балабақша ашылады деп жоспарлануда.

Концессиялық жобалар аясында тағы осынша мектепке дейінгі білім беру мекемесін ашу көзделген.

Мамлютка қаласында және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Буденное ауылындағы шәкірттер игілігіне берілген жаңа мектептер арқылы апатты білім беру ордаларының проблемасы шешімін тапты. Биыл Тайынша қаласында және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка ауылында жаңа мектептердің құрылыс жұмыстары басталды, 2016 жылы ғимараттар пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Облыс әкімінің орынбасары біздің өңірімізде ата-анасы жоқ жетім балаларға көрсетіліп жатқан көмек түрлері туралы да айтты. Оларды қолдау мақсатында 5-18 жас аралығындағы 89 тәрбиеленушіге банктен арнайы есепшот ашылған. “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-да 450 жеткіншектің өз есепшоты бар. Бүгінгі күні біздің өңірімізде 2700-ге тарта ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім бала үй кезегінде тұр. Сондай-ақ, жетім балалар үйлерінен бала асырап алуға ниетті ерлі-зайыптылар саны жыл санап артып келеді екен. Биыл 34 бала отбасыларға берілген.

– Облысымыздың денсаулық сақтау саласында да ауқымды жұмыс атқарылуда, – деді Анархан Қалиқызы. Бұл мақсатқа биыл 21 миллиард теңге қарастырылыпты. Бүгінгі күні ауылдық медициналық мекемелердің материалдық базасын нығайтуға аса мән берілуде. 88 медициналық жабдық және құны 168,5 миллион теңгеге 55 санитарлық көлік сатып алынған.

Анархан Қалиқызы өз хабарламасында денсаулық саласын дамытуға арналған бағдарламалардың жүзеге асырылуы жөнінде айта келіп, әлі күнге дейін дәрігер мамандардың тапшылығы сезіліп отыр, деді. Бүгінгі күні өңірімізде 118 медицина қызметкері жетпейді.

Баспасөз мәслихатында облысымыздағы мәдениет және мұрағат ұйымдарының жұмысы туралы да сөз болды. Қазіргі таңда 600-ге жуық мұрағат және мәдени нысан тұрғындарға қызмет көрсетеді. Биыл аталмыш саланы дамытуға 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Жыл басынан бері Мағжан Жұмабаев, Аққайың, Шал ақын, Мамлют, Тайынша аудандарында 8 ауылдық демалыс орталығы ашылған. Облыс бюджетінен 200 миллион теңге қаржы бөлініп, облыстық филармония ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының материалдық-техникалық базасын нығайтып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге бөлінген 100 миллион теңге мақсатты жұмсалып, толықтай игерілген. “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында бөлінген 41 миллион теңге Аққайың ауданының Полтавка ауылындағы Мәдениет үйін, Мамлют ауданының Новомихайловка және Ақжар ауданының Байтөс ауылдарындағы клубтарды жөндеуге жұмсалды.

– Облысымыздың спорт саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Петропавл қаласында бой көтерген Спорт сарайы өскелең ұрпақты саламатты өмір салтына баулып, белгілі спортшылардың қанат қағуына үлес қосатын болады, – деді Анархан Қалиқызы.

Баспасөз мәслихатына қатысқан тілшілер облыс әкімінің орынбасарынан диспансерлік есепте тұрған науқастарға тегін дәрі-дәрмектер арқылы берілетін көмек түрі, жастарды жұмысқа орналастыру, мүгедектерді қолдауға бағытталған шаралар жөнінде сұрап білді.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp