Бейсенбі күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов Мамлют ауданындағы Новомихайловка ауылдық округінде көшпелі отырыс өткізу үшін Қызылжар өңіріне республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, Қазақ Ұлттық академиясының академигі Өмірзақ Озғанбаев бастап келген делегацияны қабылдап, алдағы игілікті істеріне сәттілік тіледі.
Кездесуді ашқан Ерік Сұлтанов:
– “Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы” РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев бастаған делегация облысымызға жұмыс сапарымен келіп отыр. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаудағы ардагерлердің үлесі ерекше. Олар ұзақ жылдардан бері бай тәжірибелерін, білімдерін еліміздің дамуына, жас ұрпақтың ертеңіне арнап келеді. Бүгінгі күні Қызылжар өңірінде зейнеткерлік жасындағы 97 мыңнан астам адам түтін түтетіп жатыр, олардың 230-ы – Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 13 мыңнан астамы – тыл еңбеккерлері. Аға ұрпаққа жан-жақты көмек көрсету – мемлекеттік органдардың маңызды міндеттерінің бірі. Соған орай ардагерлер кеңесімен бірге жергілікті жерлерде ауқымды жұмыс атқарылуда.
Таяуда ғана барлық ауылдық округтерде бастауыш ардагерлер ұйымының есеп беру-сайлау жиналыстары өтті, қарт адамдарға қамқорлық жасау айлығы жалғасуда. Биылғы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы ауқымды шаралармен есте қалады. Облыс орталығында Жеңіс бағы қайта жаңартылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Конституциясының 20 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын есте қаларлықтай етіп өткізуге ардагерлеріміз белсене қатысты. Қазіргі уақытта “Қазақстан – 2050” Стратегиясына, “100 нақты қадам” аясындағы “Нұрлы Жол” бағдарламасына орай Елбасымыз алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр. Ең өзекті мәселелер бойынша аға ұрпақпен кеңесу, олардың ой-пікірі мен ұсыныстарын білу, болашаққа нақты жоспарлар жасау біз үшін өте маңызды, – деді.
Өз кезегінде Өмірзақ Озғанбаев Қызылжар өңіріне облыс диқандарының күзгі науқанды ойдағыдай аяқтап шыққан сәтті кезеңінде келіп отырғандықтарын, облыстық ардагерлер ұйымы республика бойынша ең алдыңғы қоғамдық бірлестіктердің бірі саналатындығын, аудандық ардагерлер ұйымының барлығы облыс әкімінің қолдауымен қызмет көлігімен қамтамасыз етілгенін атап айтып, ауылдық округте көшпелі кеңес өткізуге барлық жағдайды жасағаны үшін Ерік Сұлтановқа ризашылығын білдірді.
Кездесуді қорытындылаған өңір басшысы:
– Сіздердің сапарларыңыз ардагерлер ұйымдарына ғана емес, мемлекеттік органдардың жұмысына да жақсы оң серпін беретіндігіне сенімдімін, – деді.
Бейсенбі күні Мамлют ауданындағы Новомихайловка ауылдық округінде көшпелі отырыс өткізуге келген республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің делегациясы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ардагерлер ұйымдарының жұмысын жетілдіруге және жастарды патриоттық тәрбиелеуге арналған “дөңгелек үстелге” қатысты.
Аталмыш шараға дейін астаналық делегация жаңғыртылған Жеңіс бағында болып, Отан қорғаушыларға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов Қызылжар өңірінің тарихы мен ұлы тұлғалары жайында қысқаша мағлұмат беріп, жиналғандарға астаналық делегацияны таныстырды.
– Республикалық ардагерлер ұйымы 2 миллиондай адамның басын біріктіріп отыр. 11 мыңдай бастауыш ардагерлер ұйымы 14 облыстық және 2 қалалық қоғамдық бірлестіктің құрамында жұмыс істейді. Қарттар айлығына орай өткізілген сенбіліктерде 3 млрд. теңгедей қаржы жиналды. Ол ардагерлердің мұң-мұқтаждықтарын шешуге жұмсалатын болады. Біз осы жолы Мамлют ауданындағы Новомихайловка ауылдық округінде көшпелі отырыс өткізіп, мүмкіншілігіне қарай бастауыш ардагерлер ұйымының оң бастамаларын республика бойынша тарату мақсатымен келіп отырмыз, – деді “Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы” РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы, академик Өмірзақ Озғанбаев.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің проректоры Мүкарам Тайжанова 78 жылдан бері жоғары білім беріп келе жатқан оқу орнында 333 ардагер бар екенін, олардың біреуі – соғыс, біреуі тыл еңбеккері екенін атап айтты. Университеттің ардагерлер ұйымын тәжірибелі аға оқытушы Жақсылық Ғалеев басқарады. Жергілікті зейнеткер-оқытушылар еліміздің болашақ мамандарын даярлауға ғана емес, жастарға ұлағатты тәрбие беруге, ғылымды дамытуға ерекше үлес қосып келеді. Университеттің емхана-профилакторийі, “Парасат” телестудиясы бар. Ардагерлерге құрмет пен көмек көрсету жан-жақты жүргізіледі.
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жақсылық Ысқақов, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Сағындықов, Петропавл қаласының құрметті азаматы Александр Липовой өскелең ұрпақтың тәрбиесі, студенттердің құрылыс отрядтары жұмысын жандандыра түсу, теледидарлар арқылы үзіліссіз беріліп жатқан “атыс-шабыстардың” жастар үшін зияндылығы жайында өз ойларын ортаға салды.
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Мария Батаева бір кездері мәселе етіп қойылған ардагерлер мен қоғамдық ұйымның мәртебесі жайын заң тұрғысында шешу қажеттігін, Петропавл қалалық ардагерлер ұйымының төрайымы Сара Тасеменова облыс орталығында жеке үйлерде тұратын, бүгіндері жүріп-тұрулары қиындаған майдангерлер мен оларға теңестірілген тыл еңбеккерлерін жанға жайлы пәтер кезегіне қою заң жүзінде мүмкін болмай отырғандығын мәселе етіп көтерді.
Өмірзақ Озғанбаев “Ардагерлер туралы” заң қаржы тапшылығына байланысты 11 жылдан бері қабылданбай жатқандығын, бүгінгі күні тым болмаса ұйымның мәртебесін белгілеу Парламентке ұсынылғанын, “дөңгелек үстелде” айтылған ұсыныстар тиісті органдарға жеткізілетіндігін, ардагерлердің жағдайын жақсарту республикалық ұйымның күн тәртібінен ешқашан түспейтіндігін мәлімдеді.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.