Соңғы жылдары сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан қыз-келіншектер көбейіп келеді. Петропавл қаласы бойынша биыл 100 мың адамға 43,7 жағдай тіркелген. Омырау төсі сырқатына шалдығудан екінші орын Мағжан Жұмабаев ауданына тиесілі, онда 100 мың адамға 31 жағдай орын алған. Сүт безі қатерлі ісігі 20-60 жас аралығындағы әйелдерде кездеседі. Сонымен қатар, соңғы алты жылда 50 мен 60 жасқа дейінгі әйелдердегі сырқатты ерте анықтау 16 пайызға өсті. 800-ден астам науқас диспансерлік есепке алынып, соның 68 пайызы аурудан толық айығып шықты.
Облысымызда әйелдерді рентгеннен өткізетін 11 стационарлық және 3 жылжымалы маммограф аппараты бар. 50-60 жас аралығындағы барлық қыз-келіншектер тұрғылықты мекенжайына қарасты емханаларда екі жылда бір рет тексеруден өте алады. Десек те, сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан көптеген әйелдер ауруы асқынған кезде, яғни 3-4-ші сатыда ғана дәрігерлер көмегіне жүгінетінін айта кетсек, артық емес.
Сүт безінің қатерлі ісігі әдетте ағзадағы гормондар деңгейінің бұзылуынан (етеккір, генеративтік, лактациялық қызметтер) әйелдің жыныс жүйесінің созылмалы ауруларынан, тұқым қуалаушылықтан, жиі күйзеліске ұшырауынан болады. Қатерлі ісіктің белгілері мынадай: сүт безіндегі ауырмайтын, байланған түйіннің болуы, түйін үстіндегі терінің тарылуы, сүт безі мөлшерінің едәуір ұлғаюы, кеуде ұшының тартылуы немесе қозғалмауы, терінің нақты бір жерінің қызаруы, қол астында бір немесе бірнеше байланған түйіндер және омырау ұшынан білінетін бөлінділер.
Сүт безінің қатерлі ісігі ауруы жас талғамайтынына дәрігер ретінде көзіміз жетіп отыр. Сондықтан қыз-келіншектер бұл дерттің алдын алу үшін дәрігерге жиі қаралып тұруы қажет. Егер де бойдағы дерт дер кезінде анықталып, ем жасалса, аурудың асқынуына жол берілмейді.
Онкологиялық диспансерде ауруды ерте бастан анықтау үшін дәстүрлі “Ашық есік күндері” ұйымдастырылады. Шара барысында қыз-келіншектерге ультрадыбыстық тексерулер тегін жүргізіліп, аурудың қауіптілігі турасында кеңес беріледі. Тексеру нәтижесінде көптеген әйелдердің өз денсаулығына немқұрайдылықпен қарайтынын, яғни медициналық-санитарлық сауаттылығының төмен екендігін байқап жүрміз. Мысалы, көптеген елді мекендерде тұратын әйелдер өздерінің ауру-саулығын тексеруді қиынсынады. Керісінше “денім сау” деп, тексеруден қашқақтайды.
Әйелдер арасында бұл сырқат түріне ем қонбайды деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Өз тәжірибемде сүт безі қатерлі ісігінің алғашқы сатысында қаралып, тексеруден өткен науқастардың – 80-90, тіпті, 100 пайызының сауығып кететінін байқап жүрмін.
Сол сияқты дәрігерлік қызметімде сырқатына қазақы ем-дом жасап, ісіктің соңғы сатысында ғана бізге келіп, опық жегендерді де кездестірдім. Бұл сырқатқа шалдыққандар маммолог мамандардың көмегімен ғана аман қала алады.
Рашид АЛИЕВ,
облыстық онкологиялық диспансердің маммолог дәрігері.