Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың бастамасымен құрылған “Құлагер” хоккей командасы жоғары топтағы ойындарының бірін Петропавл қаласының “Жас өркен” шағынауданында жаңадан салынған Спорт сарайында өткізді. Жерлестеріміздің өз алаңындағы алғашқы қарсыласы – турнир кестесінде 2-ші орында келе жатқан астаналық “Номад” клубы.
Кездесу басталмас бұрын облыс әкімі Ерік Сұлтанов барша қызылжарлықтарды құттықтап, хоккейшілерге сәттілік тіледі.
– Облыс орталығында пайдалануға берілген Спорт сарайы солтүстікқазақстандық спортшылардың алдынан зор мүмкіндік ашып отыр. Өз құрамамыз құрылып, хоккей спортына қайта оралдық. Енді хоккейшілеріміз көрші облыстардың мұз айдынында емес, өзімізде жаттығатын болады. Спорт кешенінің спортшыларымызды жаңа жеңістерге жетелейтіндігіне, осы бір ғажайып спорт түрінің жанкүйерлерін қуантатынына сенімдімін, – деді Ерік Хамзаұлы.
Тартысты басталған кездесуде алғашқы шайбаны біздің құрама соқты. Артынша “Номад” командасы екі мәрте ойыншылар басымдығына ие болғанымен, есепті теңестіруге шамалары жетпеді.
Ойынның екінші кезеңінде айдын иелері негізінен қорғаныста болды. Қарсыластарының қарқыны бәсеңдегенін байқаған астаналықтар шабуылдарын күшейтті. Нәтижесінде 28-минутта астаналық Егор Петухов есеп теңестірді. Араға екі минут салып, дәл осы хоккейші құрамасын алға шығарды. Толассыз шабуылдардың бірінде тағы бір астаналық – Данил Юнышев қақпашымыз Джон Мюррейді қапы қалдырды. Екінші кезең 1:3 есебімен аяқталды.
Үшінші кезеңде “Құлагер” командасының ойыншылары қарымта шабуылдарға көшті. Нәтижесінде екінші шайбаны соғып, есеп айырмасын 2:3-ке дейін қысқартты.
Жаңа аренадағы алғашқы кездесу жерлестеріміздің жеңісімен аяқталмаса да, ол әдемі голдармен, сейвтермен және қос команда арасындағы күш сынасуымен қала тұрғындарының есінде қалары сөзсіз.
Айта кету қажет, “Құлагер” клубы теміртаулық команда негізінде құрылған болатын. Бұған дейін төрт ойын өткізіп, екі рет ұтып, екі ойында қарсыластарға есе жіберген петропавлдық құрама команда ойыншыларының орта жасы – жиырма бесте. Құрама сапында қазақстандық ойыншылардан бөлек финн және америкалық хоккейшілер де бар. Сондай-ақ, жоғары лигада өнер көрсетуге жергілікті спортшылар да шақырылған.
Қанат АТАМАНОВ.
“Солтүстік Қазақстан”.