Бұл сауал бүгінгі таңда кез келген депутатты ойландыруға тиісті. Өйткені, біздің “халық қалаулысы” атанғанымызға төрт жылға жақындап қалыпты. Өз сайлаушыларымыздың және азаматтық ар-ұжданымыздың алдында есеп беретін кез жеткен сияқты.
… Бірде “Нұр Отан” партиясының Шал ақын аудандық филиалында өткізген азаматтарды қабылдауыма Алқаағаш ауылындағы сайлаушыларымның атынан екі ақсақал келгені есімде. “Көктемдегі лайсаңда ауылдан көлікпен жолға шыға алмаймыз. Себебі – күре жолға шығаратын грейдер жолдың бір тұсы опырылып қалады. Осыны депутатымыз ретінде аудан әкіміне айтып, ауылымыздың жолын қалпына келтіруге көмектесіңіз”, – деді олар. “Бұл туралы аудан әкіміне оның ауылдық округтеріңіздің орталығында жыл сайын өткізіп жүрген есеп беру жиналысында айтпадыңыздар ма?” – деп қарсы сауал қойдық. “Ауыл әкімі бізді ондай жиынға шақыра қоймайды. Аудан басшысына “ұнамайтын” сұрақ қойып жүре ме деп қаймығатын шығар…” – деді ақсақалдар. Аудан деңгейінде шешілуге тиісті мәселе болғандықтан, сол кездегі аудан әкіміне хат жолдауымызға тура келді. Көп кешікпей, Алқаағаштың жолына мүмкіндігінше жөндеу жүргізілді.
Аталмыш ауылға жуырда барып, жергілікті мектепте сайлаушылармен кездесу өткіздік. Алқаағаштықтар бұл жолы былтыр “Сыбаға” бағдарламасы арқылы бірсыпыра сиыр сатып алған ауылдастары кешке малын қораға қамамай, көшеге бос жіберетіндігінің салдарынан ауылды қи басып бара жатқандығын айтып, шағынды. “Бұл мәселені ауылдық округ әкімі мен аудандық мәслихаттың депутатына айттыңыздар ма?” – деп сұрадық. Алқаағаштықтар олардың бұл ауылда сирек төбе көрсететіндігін жасырған жоқ. Соған орай аудан басшыларымен сөйлесіп, алқаағаштықтардың көтерген мәселесіне орай шара қолдануды өтінуімізге тура келді. Кейін телефон арқылы хабарласқанымызда алқаағаштықтар жерлес фермердің малдарын кешкілік қораға алып, көшені ластауды тыйғанын айтты.
Осындай мысалдарға қарап, көңілге түйген ой: облыстық мәслихаттың депутатының кейде аудандық деңгейде шешілуге тиісті, бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінетін тұрмыстық мәселелерге де араласпауына болмайды екен. Сондықтан да ай сайын Шал ақын ауданының кемінде бір елді мекеніне барып, сайлаушылармен кездесу өткізіп жүрмін. Ал облыстық деңгейде қолға алған өзекті мәселелер де баршылық.
Айталық, 2012 жылы облыстық мәслихаттың өзім жетекшілік ететін депутаттық өкілеттіктер, азаматтардың құқықтары, қоғамдық бірлестіктермен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы көшпелі отырысын өткізген едік. Сол жолы 1991 жылы бұрынғы аудандық партия комитетінің шағын ғимаратында 110 оқушыға арналып ашылған Новоишимка қазақ орта мектебінде болып, онда 460 шәкірт үш ауысыммен оқып жүргенін, оқу кабинеттерінің тарлығынан тиісті санитарлық талаптар қадағаланбай, балалардың денсаулығына қауіп төнгізіліп отырғанын өз көзімізбен көрдік. Ал осыған дейін облыстық білім басқармасының бұрынғы басшыларының бірі облыстық әкімдікте болған алқалы жиын үстінде: “Біздің облыста үш ауысыммен оқытатын мектеп жоқ”, – деп мәлімдегені жалған болып шықты. Сұрастырып білсек, 1991 жылы Тайынша қаласында бұрынғы аудандық атқару комитетінің ғимаратында ашылған 110 орындық қазақ орта мектебінде де 400 оқушы үш ауысыммен оқып жүрген болып шықты. Міне, осы проблемаға облыстық мәслихаттың сессиясында өңір басшылығының назарын аударып, оны кешіктірмей қолға алуды сұрадық. Нәтижесінде үш ауысымда оқытатын Новоишимка және Тайынша қазақ орта мектептері үшін жаңа ғимараттар салуға қажетті жобалық-сметалық құжаттаманы жасатуға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Бұл мәселені облыс әкімі Ерік Сұлтанов өз бақылауына алып, үстіміздегі жылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауына сәйкес мемлекет қазынасынан бөлінген қаржы есебінен аталған екі мектепке жаңа ғимараттар салғыза бастады. Олардың құрылысы келесі жылы аяқталуға тиісті. Бұл Қызылжар өңірінде мемлекеттік тілдің өрісін одан әрі кеңейте түсуге бағытталған игілікті іс болып табылады.
Шал ақын аудандық орталық аурухананың тозығы жеткен корпустарын жөндеу қажеттігін де облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырыстарында бірнеше рет көтеруге тура келді. Сөйтіп, бұл мәселе 2013 жылы ішінара шешімін тапты. 2014 жылдың аяғында Шал ақын ауданы мәслихаты депутаттарының өтініші бойынша облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қабылдауында болып, облыстық маңыздағы КТ-40 “Кривощеково – Афанасьевка – Садовка” бағытындағы сапасы өте төмен жолды күрделі жөндеуден өткізу мәселесін қарастыруын өтіндік. Облыс басшысы қолдау білдіріп, қажетті қаржы бөлгізгендіктен, бұл жол биыл қалпына келтірілді.
Шал ақын ауданы бір кезде атақ-даңқы дүрілдеп, Ніл Болатбаев, Жақсылық Ысқақов сынды бірінші басшыларының қызметтері жоғарылатылса, олардың ізбасары болған Есім Шайкин Социалистік Еңбек Ері атанған, алдыңғы қатардағы өңір еді. Өкінішке қарай, еліміздің тәуелсіздігі жылдарында Айдарбек Сапаровтан басқа әкімдері мардымды іс атқарып жарытпай, бірінен соң бірі ауыстырылғандықтан, берекесі кетіп, әлеуметтік-экономикалық дамуы кенжелеп қалған. Соған орай үстіміздегі жылы облыс әкімі көршілес Ақмола облысында ұзақ жыл бірнеше ауданды абыроймен басқарған Қызылжар өңірінің тумасы Ербол Сағдиевті қызметке шақырып, Шал ақын ауданын басқаруды сеніп тапсырғаны мәлім. Өңір басшысының осы кадрлық шешімі дұрыс болғандығын қазір шалақындықтардың кәрі-жасы түгел құптай айтып, ауданның жаңа басшысының қолға алған игі бастамаларына қолдау білдіріп, оған үлкен үміт артып отыр. Әсіресе, ауылдық округтерде биылғы жаз айларында ауданішілік жолдарды қалпына келтіруде қыруар іс тындырылғандығы кімді болсын қуантқандай.
Әрине, біз, облыстық мәслихаттың депутаттары, өзіміздің негізгі жұмысымызды атқара жүріп, қоғамдық қызметімізді де ақсатып алмауға шама-шарқымызша күш салып келеміз. Бұл орайда ортаға салар ойлар да бар. Мәселен, қазір облыстық мәслихатта үш тұрақты комиссия жұмыс істейді. Депутаттардың белсенділігін арттыра түсу үшін алдағы кезде олардың санын көбейткен жөн болар еді деп ойлаймын. Мәселен, Елбасы белгілеген Бес институттық реформаны жүзеге асыруға байланысты бес тұрақты комиссия құру қисынды емес пе? Мемлекет басшысы бекіткен “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, ауылдық округ, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу, облыс орталықтарында азаматтардың тиісті бюджеттік жобаларды талқылауға қатысуының тетіктерін іске қосу қарастырылғандығы есеп беретін мемлекет қалыптастыру бағытындағы аса маңызды демократиялық өзгерістер болғалы тұр. Осынау туған елімізді әлемдегі ең мықты дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосып, Мәңгілік Елге айналдырудың ұлы мақсатын көздеген реформалардың алғы шебінен көріну – азаматтық парызымыз.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
облыстық мәслихаттың №19 Шал ақын аудандық сайлау округі бойынша сайланған депутаты.