“Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның облыстық филиалы Халықаралық үнемдеу күніне орай баспасөз мәслихатын өткізді.
1924 жылы қазан айының 27-ші жұлдызында 29-ға жуық алпауыт мемлекеттің жинақтаушы банк өкілдері Милан қаласында өздерінің тұңғыш халықаралық конгресін өткізген болатын. Үш күнге созылған жиынның ең соңғы күнінде олар 31 қазанды “Халықаралық жинақтау күні” деп белгілейді. Кейіннен профессор Равизза бұл күнді “Дүниежүзілік үнемдеу күні” деп жариялады. Ал 1989 жылы БҰҰ-ның нұсқауымен Халықаралық үнемдеу күні ресми түрде бекітілді. Осыған орай “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” облыстық филиалының бастамасымен 31 қазан мен 7 қараша аралығында Үнемдеу күнін атап өтуге арналған акция өтуде. Бұл туралы “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” облыстық филиалының директоры Райхан Әбдірахманова мәлімдеді. Оның айтуынша, біздің облыс бойынша банктің 18200 салымшысы бар. Салымшылар депозитінде 5 миллиардтан астам қаржы жинақталған. Осынау апталық аясында аталмыш банктен жинақтау есепшотын ашып, депозиттерін толтырған салымшыларға арнайы сыйлықтар қарастырылған. Мұндай іс-шаралар республиканың әр аймағында өтуде.
Сонымен қатар, отырыс барысында ұлттық валютамен ашылған жеке тұлғалардың депозиттері бойынша теңгенің бағамдық айырмашылық өтемақысы төленетіні айтылды. Тұрғын үй құрылыс жинақ шарттарына қосымша келісімін жасау үшін электронды сандық қолтаңба болуы тиіс. Райхан Әбдірахманова қараша айында “Береке” шағынауданында 45, 90 пәтерлі екі тұрғын үй пайдалануға берілетінін де хабарлады.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.