Облыстық әкімдікте аудан әкімдерінің селекторлық режімде қатысуымен қысқы төтенше жағдайларға әзірлік барысы пысықталды.
Өткен жылы құтқарушылар қар құрсауынан 2623 адам мен 960 техниканы құтқарыпты. Ал алдағы қыста ауа температурасы 40 градусқа дейін төмендеуі мүмкін деген болжам айтылуда. Осы орайда өңіріміздегі төтенше жағдайлар жөніндегі департамент жергілікті әкімдіктер мен жол ұйымдарының әзірлігін тексерген. Мәлімет бойынша төтенше жағдайларға 708 техника мен 240 жылыту қосыны әзір көрінеді. Сондай-ақ, өтімділігі жоғары 41 техника өз міндетін атқаруға дайын.
Төтенше жағдайларға дайындығымызды тағы бір мәрте тексеруді тапсырған облыс әкімі Ерік Сұлтанов:
– Бұл өте маңызды мәселе. Мен әр ауданның даярлығын білемін. Десе де, уақыт барда әр техниканың жұмысын тағы бір тексеріңіздер. Жөндеуді қажет ететін көліктерді ерекше бақылауға алу керек. Облыс бойынша орын алатын оқыс оқиғаларға шығатын жедел штаб құрылуы тиіс. Біз кез келген жағдайда қолдау көрсете білуіміз қажет, – деді.
Ал энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Антон Федяев тұрғындарды газ, су, электр энергиясы және жылумен қамтамасыз ету жоспарға сай жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
– Бүгіндері өңір тұрғындарын жылумен қамтамасыз етіп жатқан барлық қазандықтар жұмыс істеп тұр. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдени ошақтар кестеге сәйкес жылумен қамтылды. Бюджеттік мекемелерге көмір уақтылы әрі толық мөлшерде жеткізілді. Коммуналдық кәсіпорындар мен Петропавлдағы 2-ші жылу-электр орталығында қатты отынның 1 айлық қоры сақтаулы. Жалпы жылыту маусымына биылғы жылы 4,5 млрд. теңгеден астам қаржы бағытталды, – деді ол.
Бұдан соң жиында облыс жолдарын қалыпты жағдайда ұстап, қардан арылтуға бағытталған техникалар жайы сөз болды. Жалпы жыл сайын өңіріміздің бір мың шақырымнан астам жолы қар құрсауында қалады екен. Оның 589 шақырымы облыстық маңыздағы жол болса, оларды қардан тазарту жұмысымен “Петропавл жолдары” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысатын көрінеді. Ал аудандық маңызы бар жолдарды тазалауға ауыл шаруашылығы құрылымдарының 400 техникасын жұмылдырмақ. Осы орайда өңір басшысы Ерік Хамзаұлы аудан әкімдеріне жағдайды үнемі бақылауда ұстау қажеттігін қадап айтып, бір аптаның ішінде қолдағы бар техникалардың даярлығы жөнінде есеп беретіндерін ескертті.
Отырыста қаралған мәселенің тағы бірі – денсаулық сақтау саласының қысқы уақытта тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов өңірімізде 6 мыңға жуық медицина маманы және 600-ден астам емдеу мекемелері тұрақты түрде жұмыс істейтіндігін жеткізді. Ал оқыс оқиға орын ала қалса, тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызметі бар санитарлық авиация мен телемедицина пайдаланылмақ. Сондай-ақ, қан және бір айға жеткілікті дәрі-дәрмек пен азық-түлік қоры әзірленген.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.