«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТІСТІКТЕР ЕСЕЛЕНІП, ОЛҚЫЛЫҚТАР ЖОЙЫЛУЫ ТИІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдіктің кезекті отырысында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі шаралар мен қысқы спорт түрлерін дамыту мәселелері талқыланды.

2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттiк бағдарламасына 28,6 млрд. теңгенi құрайтын 41 жоба енгiзiліп, осының арқасында 2006 жұмыс орны ашылмақ. Осы орайда өңіріміздің 11 ауданы бағдарламаға қатысушы болса, Есіл және Жамбыл аудандары ниет танытпаған көрінеді. Осыны тілге тиек еткен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Евгений Глотовтың айтуынша, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша осы күнге дейін өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында 155 өтініш мақұлданған.

Бағдарламаға қатысушыларының жалпы санында ауылдық кәсіпкерлердің үлесі өскен. Жүк және жолаушы тасымалдау, қызмет көрсету, азық-түлік өнімін өндіру, сауда-саттық салалары бойынша көптеген жобаларға несие беріліпті. Аталмыш бағдарламаның тиімді жүзеге асырылуының арқасында кәсіпкерлер 2 мыңнан астам жұмыс орнын сақтап, болашақта тағы 685 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Бұдан басқа “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық”, “Ырыс” бағдарламалары бойынша да солтүстікқазақстандықтар өз кәсіптерін ашуда. Мәселен, “Ырыс” бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік субъектілері 6 тауарлы-сүт фермасын пайдалануға берген. Сондай-ақ, Евгений Глотов өңіріміз республика бойынша кепілдендіру бойынша бірінші орында болса, субсидияландыруда төртінші орыннан көрінгенімізді жеткізді. Әйтсе де, бұл көрсеткіштерді місе тұтпай, аталмыш бағыттағы жұмысты әлі де жандандыру керек.  

– Кәсiпкерлермен белсендi жұмыс жүргізу керек. Бұл бiздiң үлкен қорымыз. Елбасымыз дамыған елдерде жалпы ішкі өнімнің 60-90 пайызы кәсiпкерлiктiң арқасында қалыптасатынын әлденеше рет атап өткен болатын. Бiздiң облысымызда әзiрге бұл көрсеткiш – 27 пайыз. Көп жағдайда жергілікті атқарушы билік кәсіпкерлермен жұмысты нашар жүргізуде. Әр ауданда кем дегенде екі startup – жобалар болуы тиіс, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Ал облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Виктор Бестик қазiргi таңда қысқы спорт түрлерiнiң 426 секциясы жұмыс iстейтiнiн атап өттi. Бұл секцияларда 7 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады. Облысымызда шаңғы жарысы, конькимен сырғанау, биатлон, шайбалы хоккей, шорт-трек, спорттық бағдарлау, қысқы президенттiк көп сайыс және керлинг сияқты тоғыз қысқы спорт түрi дамуда. Облыстың алдыңғы қатардағы спортшыларына ай сайын шәкiртақылар мен облыс әкiмiнiң гранттары бөлiнген. Солтүстiкқазақстандық 10 спортшы 2017 жылы Алматы қаласында өтетiн XXVIII Дүниежүзілік қысқы универсиадаға қатысуға үмiткер болып отыр.

Жалпы қысқы маусымға 327 хоккей корты, 22 шаңғы базасы және коньки мен шаңғыны жалға беретін 126 пункт дайын. Әйтсе де, бірқатар аудандарда қысқы спорт түрлеріне қажетті жабдықтар жеткіліксіз екен. Аудан әкімдері қыс басталғанға дейін бұл олқылықтарды жоямыз, деді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp