«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СПОРТ – СЕРІГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығының тұрғыны, байырғы танысым Любовь Евсеевамен жолымыз жиі түйіседі. Кездестірген сайын оның ширақ қимылына, өзгермеген түр-сымбатына қарап, “Әдемі қартаю да асыл қасиет”, деген сөздің байыбын бағамдағандай боламын.

Сырт адамдар Любовь Анисимовнаны 75 жаста деп әсте ойламайды. Өмірдің ұзақ жолында қиындық көрмеді деп те айта алмаймыз. Екі ұлының бірі жүрегін қарс айырып, өмірмен ерте қоштасты. Ана үшін бұдан артық қасірет бар ма?! Соның өзінде тағдырға мойынсұнбай, жетпіс жастың бел ортасында әдемі қалпын сақтап қала білгені сүйсіндіреді. Ал жас мөлшерін естіп, таңданыс білдіргендерге өзі болса: “Мұның еш құпиясы жоқ, спортпен шұғылданыңдар, саламатты өмір салтынан қол үзбеңдер”, – деп жанашырлықпен ақылын айтады. 

“Әдетте ерте тұрамын да, сағат сегізде мен “Нептун” аквапаркінде боламын. Бұл жердегі сүйікті ісім – бассейнде жүзу. Су спортының бұл түріне 2000 жылдан бері ден қойып келемін. Оның арасында пилатспен айналысып, жаттықтыру залында бір-екі сағат дене жаттығуларын жасаймын”, – дейді Любовь Евсеева. Жаттықтырушысы Ғалия Шәріпқызы: “Менің тобыма қосылғаннан бері Любовь Анисимовнаның жаттығуды босатқан күні жоқ. Оның әдемі қалпын, спортқа деген сүйіспеншілігін жоғары бағалаймын”, – дейді.

Спорттан қол үзбейтін адамның денсаулығы сыр беруші ме еді әрі су адамды жасартатын қасиетке де ие. “Бассейннен кейін анадан жаңа туғандай, ерекше бір әсерге бөленесің”, – дейді өзі. Ал күнделікті таңертеңнен түске дейінгі уақытын спорт залында өткізетін қарт ана жаяу жүруді де дағдысына айналдырған. Барар жеріне жаяу жететін одан, әсіресе, жастарымыз өнеге алса, игі! Бүгінгі күні Любовь Анисимовнаға ұқсағысы келетін көршілерінің қатары көбейгенін де айта кеткен жөн.

“Денсаулығына жанашыр адам спортпен айналысады”, – дейді ол. Суда жүзуден 35 жылдан бері қол үзген жоқ, оған дейін де аэробикаға, басқа да спорт түрлеріне уақыт тауып жүріпті. “Көпшілік жұмыс бастылығын алға тартып жатады. Бірақ ниет болса, уақыт табылады. Адам енжарлықтан, дұрыс тамақтанбаудан, аз қимылдаудан сырқаттанады”, – дейді Любовь Евсеева. Оның сөзінің жаны бар. Адамды жалқаулықпен қатар, ішімдік ішу, темекі тарту сияқты жаман әдеттер де қарттыққа тез алып барады.

Аптасына үш мәрте бассейнге, қалған күндері жаттығу залына келетін ол жанына серік болсын деп таныстарына жиі қолқа салады екен. “Алғашында келіседі де, кейін ерінеді, сөйтіп тастап кетеді. Ол дұрыс емес. Адам өзіне жанашыр болуы керек”, – дейді қарт ана. Немерелері де әжелеріне ұқсап баққысы келеді, сондықтан бос уақыттарын спортқа арнайды.

Айтпақшы, жүзумен айналысатын топтың ішіндегі жасы үлкені де – осы кісі. Ол ас мәзіріне де ерекше мән береді. Ет өнімдерін ұната қоймайды екен әрі майлы, ащы тағамдарды пайдаланбауға тырысады.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp