Ата-баба аруағын ардақтау – ұлтымыздың ұлы игілігі. Кеңестік идеологияның қыспағынан үріккен кездерімізде олардың қабірін іздеп, тәу ету түгіл, есімдерін маңайыңа естіртіп айтуға қорқатын едік қой. Егемендік пен Тәуелсіздіктің ризығы осы емес пе – Қазақ хандығының 550 жылдығын Елбасымыздың өзі ұлықтап, Тараз өңірінде ұлан-асыр той өтті. Өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілткен Нұрсұлтан Назарбаевқа ел-жұрттың алғысы шексіз.
Ел билеген данышпан хандарымыздың жасыл туын желбіреткен айбынды батырларының есімдері ескерусіз қалған жоқ. Осылардың арасында менің алтыншы бабам, Абылайдың сенімді серігі Баян батыр Қасаболатұлының, оның ағасы Сарының болғанын мен және өзге де ағайындарымыз мақтан етеміз.
Өткен жылдың жазында, шілде айында, Тимирязев ауданындағы Докучаев ауылының тұсында уақтың Сары және Сүйір батырларының кесенелері ашылып, оның тұрғызылуына биылғы жылдың 13 қазанында өмірден озған ұрпағы, елімізге танылған заңгер Мақсұт Нәрікбаевтың зор еңбек сіңіргенін айтуым керек.
Өкінішке қарай, 1714-1771 жылдары ғұмыр кешкен айбынды Баян батырдың зираты ұзақ уақыт бойы табылмай, жанымызды бір өкініш жегідей жейтін еді. Біздер, ұрпақтары, қол қусырып жүрмей, қолда бар деректерді тірнектеп жинап, іздеу салған едік. Біздің осы мақсатымызды мың болғыр Қарағанды облыстық “Орталық Қазақстан” газетінің редакторы Мағауия Сембай құптап, оған физика ғылымдарының докторы, профессор Есмұхамбет Смайылов қосылып, батыр баба зиратын табуға ұйытқы болды. Аталған газетте жарияланған мақалалар қозғау салып, көнекөз қарттардан дерек алып қалған азаматтар үн қосты да, Баян батырдың жерленген зираты табылды.
Осы хабар бізге жетісімен қарап жатпастан, Қарағанды облысының Шет ауданындағы Қарабұлақ ауылына жол тарттық. Ұлдарым Қайролла мен Толқын және батырдың Асқат Құлжабаев, Қайрат Жаныбаев, Сайлау Асқаров, Аманжол Баймұратов сынды ұрпақтары бар, бәріміз облысымыздың Баян батыр туған Мағжан Жұмабаев ауданындағы Аралағаш ауылындағы 280-290 жылдық тарихы бар қорымнан топырақ алып аттандық.
2015 жылғы 9 қазандағы осы сапарымыз сәтті болып, батыр баба жерленген қорымды көріп, аруағына тәу еттік. Сол елдің үлкендері мен жастарының басын қосып, ас бердік, дұға бағыштадық. Олардың ризашылығына бөлендік және ең бастысы, баба зиратын аман-есен сақтап қалған ақсақалдардың өткендеріне салауат айтып, көзі тірілеріне тағзым еттік.
Бұл қорымда жорық үстінде қаза болған Баян батыр мен 60-70 сарбазы жерленіпті. Қорымның ұзындығы 80-90 метрдей болса, ені 4-5 метр шамасында екен. Баянның даңқты батырлығын білетін сол кездегі азаматтар оның зиратына екі найза қағып, қабірдің үстіне биіктете тас үйгізіп, сақтап қалыпты. Және де бұл кейінгілердің жадында жүруі үшін жастардың санасына жақсылап сіңіріпті. Содан былай бұл қорым, соның ішінде Баян батыр зираты киелі аталып келіпті.
Осы сапарымызда Сары, Сүйір, Баян батырлардың ұрпақтары Байтоқа би, Жантоқа шөбересі Басшұғыл болыстың, шөпшектері Жаныбай, Олжабай (менің әкем) зираттарынан топырақ ала барған едік, соны ырымдап, зиратқа салдық. Айта кетейін, биыл Докучаев ауылының маңындағы Сары және Сүйір батырлардың кесенесіне де осылайша топырақ жеткізген едік. Ал 2015 жылдың 4 қыркүйегінде шау тартқан 87 жасыма қарамастан, Баян батырдың Павлодар қаласында орнатылған ескерткішіне отбасымызбен барып, дұға оқып, мінәжат еткен едім.
“Өлі риза болмай, тірі байымайды” дейді ғой халқымыз. Биыл Қарабұлаққа барғанымызда Баян бабамыздың зиратын қоршауды ұйғарған едік. Бірақ оған ауа райының қолайсыздығы мұрсат бермеді: көктемгі үлкен су тасқыны қайтпаған екен. Енді бұл ойымызды келесі жылы жүзеге асырмақпыз.
Мен мынадай бір ойға беріліп отырмын. Баян батырды ардақтауға келгенде бізден гөрі павлодарлықтар белсендірек екен. Онда батыр бабамызға арналған республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Соған қоса, биылғы 6-7 қараша күндері осы Павлодарда батырдың туғанына 300 жыл толуына орай өтетін республикалық шараға шақырту алдым.
Ата-бабаларға тағзым ету – елдіктің белгісі. Ұрпағымыз өткенімізді ұлықтап, болашаққа бірлікпен қадам басса, еліміздің іргесі нық, келешегі кемел болатыны анық.
Зейнолла қажы ОЛЖАБАЙҰЛЫ,
зейнеткер.
Петропавл қаласы.