“Наның бар болса, жаныңдағымен бөліс” демекші, Қазақстанда тұратын этностар қазақ ұлтымен бірге суық пен ыстықты бөлісіп келеді. Соның арқасында елімізде тыныштық орнап отыр. Мәдени орталықтар ашып, кітап-журналдар шығарып, елімізге еңбектерін аянбай атқарып жүрген қаншама өзге этнос өкілдері Қазақстанның толыққанды азаматтары болып, сіңісіп кеткен. Қонақжай қазақтың жерінде өсіп, өркендеп жатқан этностардың бірі – поляктар.
Тарих деректері бойынша поляктардың алғашқы бейресми бірлестіктері қазақ жерінде XVIII-XIX ғасырлардың 80-жылдарының аяғына таман Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Алматы қалаларында пайда бола бастаған. 1936 жылғы жер аудару науқаны, Ұлы Отан соғысы кезіндегі тұрмыс ауырлығы қазақ пен поляк өкілдерін еріксіз жақындастырды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 250 мыңға жуық поляк этносының азаматтары Қазақстанға жер аударылған.
Бүгінгі таңда біз өңірімізде кең тараған жеті этностың біріміз. Жалпы Тайынша ауданында өңіріміздегі поляк этносының 80 пайызынан астамы өмір сүреді. Бір сөзбен айтқанда, аудан тұрғындарының 21,8 пайызын құраймыз. Аталмыш ауданда қалың шоғырланғандықтан, бізге ұлттық салт-дәстүрімізді, тілімізді, ділімізді жаңғыртып, ұрпаққа үйрету маңызды. Осы орайда 2000 жылдары “Вита Пол” қоғамдық бірлестігі құрылды. Өзіне артылған міндетті атқарып жүрген бірлестік мүшелері ауданішілік шаралардан тыс қалмайды. Осы орайда айтарым, ауданымыздағы поляктар өздерінің туысқандары, достары, жақындары өмір сүретін және әртүрлі этнос өкілдері біртұтас тату отбасына айналған Қазақстанды өз Отаны ретінде мақтанышпен, сый-құрметпен қабылдайды. Мұндай сезім барлық этнос өкілдеріне тән шығар. Ал Елбасының “Мәңгілік Ел” Ұлттық идеясын жариялауы қазақстандық патриотизмді дамыту бағытында жасалған зор қадам болып отыр. Дамыған елдерге тән ерекшелік – халқының, азаматтарының рухы ояу, асқақ болады. Олар өздерін ешкімнен кем санамайды. Олар басқаны сыйлайды, санасады, үйренеді, сонымен бірге өзіне де сенеді, өзін де мақтан тұтады. Дамыған елдің адамы – нағыз патриот: өз елін, өз жерін, Отанын сүйеді, өз тілін, дәстүрін, әдебиетін, тарихын біледі, қадір тұтады.
Елбасы қазақстандық патриотизм туралы, әрбір азаматтың елжандылық сезімін ояту, қалыптастыру туралы тектен-тек айтып жүрген жоқ. Патриотизм – біздер үшін қуатты күш, қосымша инвестиция. Оның негізінде рух, намыс жатыр. Менің ойымша, еліміздің әлемдік саясатқа араласуы, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз, Мәңгілік Ел боламыз деп талпынып жатқанымыз, дамыған 30 елдің қатарына қосылу бағдарламасы, алда “ЭКСПО – 2017” көрмесін өткізетініміз – осының бәрі халықтың, әр азаматтың патриоттық сезімін оятуға бағытталған шаралар. Қазақстанды Отаным деп санайтын әр азаматтың патриот болуы шарт. Патриоттық сана-сезім – бұл Отанды сүю.
Александр ГАЛЯШИНСКИЙ,
“Вита Пол” қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Тайынша ауданы.