«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕРГІЛІКТІ АРДАГЕРЛЕРДІҢ ЖҰМЫСЫ ҮЛГІЛІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы Өмірзақ Озғанбаев бастап келген делегация жұма күні Мамлют ауданындағы Новомихайловка ауылдық округінде төралқаның көшпелі отырысын өткізді, жергілікті өскелең ұрпақпен кездесті. Аталмыш шараға Мамлют ауданының және облыстық ардагерлер кеңесінің басшылары қатысты.

Новомихайловкаға арнайы келген ардагерлерді жергілікті тұрғындар қонақжайлылықпен қарсы алып, арнайы көрме ұйымдастырды.  

Ауылдық округте ардагерлер ұйымы 2011 жылы құрылған. Содан бері жергілікті қарттар белсенді жұмыс атқарып, түрлі шаралардың бел ортасында жүрген көрінеді. Бүгінгі күні округке қарайтын ауылдардағы 308 қарияның барлығы да мемлекет тарапынан да, агроқұрылымдардың басшыларынан да қолдау тауып отыр.

– Біздің ұйымның құрылғанына 5 жыл ғана болды. Бірақ осынау аз уақыттың ішінде атқарған істеріміз көп. Әр мерекеге белсене қатысамыз. Өзіміз де түрлі шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Ұйымымызға ауылдардағы агроқұрылымдар жақсы көмектеседі. Олар облыс және аудан орталығына экскурсиялар ұйымдастырады. Сонымен қатар, театрларға апарады. Қарттарымыз болса білгендерін жастарға үйретуден жалықпайды. Оқушылармен жиі кездесеміз. Өйткені, олар – біздің болашағымыз, – дейді Новомихайловка ауылдық округіндегі бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Лидия Майер.

Жалпы Мамлют аудандық ардагерлер кеңесіне 3420 адам мүше. Олардың қай-қайсысы болсын шамалары келгенше қоғамдық істер атқарып, саяси науқаннан тыс қалмауға тырысады. Жиында сөз алған республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің мүшелері Новомихайловка ауылдық округінде атқарылып жатқан қарттардың жұмыстарын жоғары бағалады.

– Біз “Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы” РҚР орталық кеңесі Төралқасының көшпелі кеңесін Қызылжар өңірінде алғаш рет өткізіп отырмыз. Осы елді мекенде жасалып жатқан игі жұмыстарды көріп, жинақтап, зерттеп, оны бүгінгі шарада мақұлдап, бүкіл республикаға үлгі ретінде ұсынбақпыз. Бұл осынау округте үлкен бір саяси күшке айналған ардагерлердің кеңесі екен. Қоғамдық ұйым тек кешегі жұмысымен ғана емес, бүгінгі жастар тәрбиесіне араласу арқылы ағалық, ақсақалдық әңгімесімен де көптеген шаралар атқарып жатыр. Біз соған көз жеткіздік, – деді көшпелі отырыста ағынан жарылған республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев.

Алқалы жиында бастауыш ардагерлер ұйымына компьютер сыйға тартылып, аудандық ардагерлер ұйымының кеңестеріне “Отау ТВ” қабылдағыштары үлестірілді.

Республикадан келген қонақтар Новомихайловка орта мектебінде оқушылармен кездесті. Ардагерлер жас буынмен әңгіме-дүкен құрып, өткен өмірлерін баяндады. Оқу ордасында алдыңғы толқын өкілдерімен қарым-қатынас тығыз орнаған екен.

– Біз әр мереке сайын ардагерлерімізді құттықтап отырамыз. Әсіресе, Қарттар күні мен 9 мамырды үлкен мейрамға айналдырамыз. Оқушыларымыз қарттардың үйлерін, аулаларын жинастыруға қолғабыс етеді, – дейді Новомихайловка орта мектебінің директоры Екатерина Нагорная.

Бұл күні ардагерлер қан майданнан оралмаған боздақтардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жергілікті Мәдениет үйіндегі өнерпаздардың концертін тамашалады.

Гүлнар САЙЛАУҚЫЗЫ,

журналист.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp