«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨРТІНШІ “СЕМЕЙНЫЙ” АШЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары Петропавл қаласында тұрғындардың өскелең талаптарына жауап беретін ірі сауда орындарының ашылуы игі дәстүрге айналған. Соның бір көрінісі қазан айының соңғы жұлдызында С.Мұқанов көшесінде орналасқан, келушілерге есігін айқара ашқан “Семейный” сауда-көңіл көтеру кешені болды.

Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысып, петропавлдықтар мен қала меймандарының қуанышына ортақтасты.

– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі сауда инфрақұрылымдарын осызаманғы форматқа көшіру туралы міндет қойған болатын. Біздің өңірде бұл бағытта мақсатты жұмыс атқарылуда. Қала базарлары қайта жаңартылып, осызаманғы сауда орталықтары іске қосылып жатыр. Бүгінгі “Семейный” сауда-көңіл көтеру кешенінің пайдалануға берілуі мемлекеттік-жекеменшіктік серіктестіктің жарқын бір көрінісі болып табылады. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында “Таткрафт-Инвест” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы кешенді салуға қомақты демеуқаржы алды. Аталмыш бағдарлама шеңберінде тың жобаларды жүзеге асыру өңір экономикасының әлеуетін көтеру, тұрғындарды қолжетімді бағамен әрі сапалы өнімдермен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу жолындағы кезекті қадам болып саналады. Бүгіндері облысымыздың бөлшек және көтерме сауда салаларында 11 мыңнан астам адам еңбек етуде. “Таткрафт-Инвест” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзінің сауда орындары арқылы республикалық “Қазақстанда жасалған” акциясына белсене қатысуда. Компания сауда желілерінің сөрелерінде солтүстікқазақстандық агроқұрылымдар мен кәсіпорындардың өнімдеріне кең орын берілген, – деген Ерік Хамзаұлы салтанатты түрде жаңа сауда-көңіл көтеру кешенінің лентасын қиды.

Алдын ала хабарланған қала тұрғындары бұл күні жаңа сауда орнына көп жиналды. Алғашқы сағаттан-ақ сауда қызу басталып кетті. Оның үстіне сауда кешенінің басшылығы алғашқы күні барлық тауарлар мен өнімдерді 10-15 пайыз төмен бағамен сатуға ұйғарыпты. Жаңа сауда орталығы бір жарым гектар жерді алып жатыр. Бұл төртқабатты ғимаратта гипермаркет, 75 сауда павильонынан тұратын өнеркәсіп тауарлары аймағы, балалардың көңіл көтеру орталығы, “Fast Food”, “Пиццоли”, “Focconcino” дәмханалар кешені, нан-тоқаш, кондитерлік және кулинарлық, өңделген ет өнімдерін шығаратын өндірістік цехтар орналасқан. Орталықтың атауы көрсетіп тұрғандай, оған келген тұтынушылар өздеріне қажетті тағам өнімдерін, киімдерді, тұрмыстық-химиялық заттарды, ыдыс-аяқтарды, т.б. сатып алып, дәмханалардан дәм татып, Астана, Алматы қалаларындағы “Мега” сауық кешендерінің үлгісімен жасалған ойын-сауық орнында балаларының қуанышқа бөленген сәтін тамашалай алады.

– Петропавл қаласында ашылған бұл біздің төртінші орталығымыз, – дейді “Семейный” сауда желілерінің директоры Андрей Исаков. – Бұрынғыларын дайын ғимараттарда орналастырған болатынбыз. Бұл жолы зауыттың бос қалған ғимаратын алып, өзіміздің бизнес-жоспарымызға сәйкес құрылыс жұмыстарын жүргіздік. Жобаның жалпы құны бір миллиард теңгеден асады. Алғашқы екі қабатта, негізінен, сауда, ал үстіңгілерінде көңіл көтеру орындары орналасқан. Петропавл қаласында біз тұңғыш рет балаларға арналған орталық жобасын жүзеге асырып отырмыз. Әртүрлі аттракциондар, ойын автоматтары мен көліктер келушілердің көңілінен шығады деп ойлаймыз. Сауда-көңіл көтеру кешенінде жаңадан 250 жұмыс орны ашылды. Оның үстіне жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін толтыруға өз үлесімізді қосарымыз анық.

“Семейный” сауда-көңіл көтеру кешені ашылған күні түн ортасына дейін жұмыс істеп, тұтынушылар, демалушылар қатары сиремеді. Ал сол күні көрші орналасқан “Қызылжар” коммуналдық базары мен “Нан плюс” супермаркетінің сатып алушылар қатары біршама азайды. Бұл – нарық заманының талабы. Тұтынушылар, әсіресе, қазіргідей қымбатшылық кезде бағасы арзан өнімдерді, тауарларды сатып алуға тырысады.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp