Жақында Алматыда тұратын бір танысым жолы түсіп, Қызылжарға келген сапарында біздікіне соқты. Күн сенбі еді, біраз әңгімелестік. Кейін қаланы аралауға шықтық. Алматыда күн жылы болса да, солтүстікте салқын. Қонағым қалтырап тоңа бастады білем: “Жылы кеудеше сатып алайықшы әрі Қызылжардан ескерткіш болсын”, – деді. Біраз дүкенде болдық. Іздеген киімі табыла қоймады. Енді мен қысыла бастадым. “Петропавл әлеуеті мықты қала ғой, мұнда жеңіл өнеркәсіптің кең өріс алмауы мүмкін емес”, – деп танысым да қоймайды. Мен де төтесінен Қызылжардың кеудеше түгіл, шұлығын да таба алмайсың дедім. Оған оның өзі де көз жеткізді.
Біздің облысымызда не себепті жеңіл өнеркәсіп қарқын ала алмай отыр? Мәселенің мән-жайын анықтау үшін әуелі облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасына хабарластым.
Аталмыш басқарма басшысының міндетін атқарушы Жанат Жүсіпов өте жұмысбасты адам болуы керек, қыр соңынан қалмай жүріп әзер ұстадым. Мән-жайды түсіндірдім. Артынан бір емес, бірнеше мәрте телефон соққанымда, облыстағы жеңіл өнеркәсіптің жай-күйі туралы қойған сауалдарымның жауабы әзірленіп жатқанын айтты. Енді бірде электронды поштама сұрақтардың жауабын жіберуге уәде етті. Қош, оған да көндік. Бірақ басқарма басшысының міндетін атқарушы уәдесінде тұрмады. Сонда да үмітімді үзбедім. Білдей бір басқарма басшысының міндетін атқарып отырған шенеуніктің өтірік айтуы мүмкін емес қой деп өзімді өзім жұбатумен болдым. Басқарма өкіліне қайдам, менің өзіме бұл жағдай ыңғайсыз болды. Кейін біреулер арқылы байланысқа шығып, ешқандай жауап бере алмайтынын жеткізді. Бұл бір түсініксіз жағдай болды. Оның басқарма басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалғанына көп уақыт өте қоймағанын жақсы білеміз. Облыста кенжелеу қалған жеңіл өнеркәсіп саласын жандандыру бірден мүмкін емес екенін де жақсы түсінеміз. Алайда, ол жалғыз емес, басқармада басшыдан бөлек, орынбасарлар мен бөлім басшылары бар. Тіптен, бас мамандар да бұл мәселемен жақсы таныс болуы керек. Олай айт, бұлай айт, әйтеуір, жауап ала алмадық. Егер басқармада отырғандар өздері айналысып отырған мәселеге қатысты сауалға жарытып жауап бере алмаса, саланың да қарыштап дамып жатқанына сенім жоқ.
Амал жоқ, өзімізді толғандырған сауалға жауап алу мақсатымен облыстық статистика департаментіне хабарластым. Өнеркәсіп бөлімінің жетекшісі Ирина Усованың айтуынша, облыста жеңіл өнеркәсіппен айналысатын 12 кәсіпорын бар. Олар негізінен киім тігу, тоқыма, былғары бұйымдарын жасаумен айналысады. Статистика департаментінің мамандары биыл аталмыш салаға бөлінген қаржы сомасы туралы нақты ақпарат бере алмаса да, өткен жылы жеңіл өнеркәсіп 2013 жылмен салыстырғанда 49,7 пайызға өскенін хабарлады. Соған қарағанда ауызды қу шөппен сүртуге болмайтын сияқты.
“Адам көркі – шүберек” деп біздің дана халық бекер айтпаған. Бүгінгі қоғам адамды әуелі киген киіміне қарап бағалайды. Әсіресе, жастар соңғы үлгідегі киім киюге құмар. Қалтасы жұқалар Қырғызстанның немесе Қытайдың киімдерін алады. Ал Түркияның өнімдері одан қымбатырақ.
Бізде де жақсы киімдер шығарылады. Қазақстанда тігілетін киімдерді сатып алуға немқұрайды қарауымыздың себебі неде? Бәлкім, жарнамасы жетіспейтін шығар? Біздің облысты айтпағанда, елімізде шығарылатын киімдер қолжетімді ме, сапасы қандай деген сауалдың ойға оралатыны бар. Түркияның, АҚШ-тың, не болмаса Кореяның, Қытайдың киімін киіп, өзіміздің өнімдерімізге мұрын шүйірудің қажеті жоқ. Біз өз елімізде тігілетін киімдерімізді киіп, отандық жеңіл өнеркәсіпті қолдамасақ, сырттан келіп, “сендердің тауарларың жақсы” деп ешкім де айтпайды. Бұл ретте – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың таңдауы баршаға үлгі боларлықтай. Қыркүйек айында жұмыс сапарымен Атырау облысына барғанда Елбасы Қазақстанда тігілген киім мен аяқкиімді киетінін айтып, отандастарымызды қазақстандық өнімдерді қолдауға шақырған болатын.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, біздің облыста да жеңіл өнеркәсіп жоқ емес, бар. Көпшілікке белгілі “Петропавл аяқкиім фабрикасының” өнімдері тұтынушы нарығына жол тартқалы қашан?! Бірақ киім тігуде шатқаяқтап тұрған мәселелер жетіп артылады. Тым болмаса, еліміздің өзге өңірлерінен шығатын киімдерді сатып алуға құмартпайтынымыз шындық. Сатып алуға ниет білдірсек те, табу қиын. Осы орайда біз Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында 2014 жылы ашылған “Golden Nomad” ЖШС-нің ерлерге арналған классикалық киім тігетін фабрикасының костюмдерін облыс орталығындағы сауда орындарынан іздедік.
Қаланың бірқатар сауда орындары мен базарларында болғанымызда ондай костюмдердің біздің облыста сатылмайтынына анық көз жеткіздік. Өйткені, сауда орындарында Қазақстанда тігілген ерлердің классикалық костюмдерінің бірде-біреуін кездестіре алмадық. Мүмкін, тұтынушылар тарапынан отандық тауарды сатып алуға құлшыныс жоқ шығар? Мәселен, ең ірі “Рахмет” сауда орталығындағы ерлерге арналған бутиктерде Түркияның костюмдері сатылады. Бағалары да әртүрлі. Ең арзаны – 35 мың теңге.
“Алтын Адал” базарында да түріктердің тауарлары толып тұр. Бірақ мұнда олар 15-24 мыңның аралығында саудалануда. Қытайдың, Қырғызстанның тауарларын да базарда көп кездестірдік. Сатушылармен әңгімелескенімізде олар түріктің тауарларына деген сұраныс жоғары екенін айтады. Қазақстанда тігілетін костюмдерді сатуға олардың құлшынысы да шамалы екенін байқау қиын емес. “Алтын Адал” базарындағы сауда нүктелеріне кіріп, мән-жайды сұрастырып жүргенімде орта жастағы келіншекті сөзге тарттым. Аты-жөні – Любовь Когут. Ол 1974-1976 жылдары Шымкент қаласындағы ерлерге арналған классикалық киім тігетін “Восход” фабрикасында тігінші болып жұмыс істепті.
– Менің ата-анам кезінде Украинадан Қазақстанға көшіп келген. Отбасымызбен Шымкентте тұрдық. Сонда училищені тамамдадым. Ал 1974 жылы Шымкент қаласында ерлердің костюмдерін тігетін Қазақстандағы жалғыз фабрикаға жұмысқа орналастым. Сол кезде тігілетін костюмдер сапалы болатын. Қазір оның сапасы қандай екенін білмеймін. Біз тіккен киімдер шетелге экспортталатын. Әсіресе, велюр матадан тігілетін киімдерге сұраныс жоғары еді. Ал қазір мен мұнда сатушы болып жұмыс істеймін. Сатылымда – негізінен түріктің костюмдері. Бірақ мен елімізде тігілетін ерлердің костюмдері біздің де бутиктерден табылып, сатылымға шыққанын қалаймын. Біз ешкімнен кем емеспіз. Сұраныс болса, тауардың да сапасы артады. Сондықтан мен Петропавл базарларында қазақстандық тауарлардың сатылғанын құптаймын, – деді ол.
“Үмітсіз шайтан” демекші, отандық костюмдердің бар-жоғын білмек болып “Тайга” базарына да соқтық. Мұнда да сол көрініс. Бағалары бір-бірінен асқан кілең түріктің тауары. Аты-жөнін атаудан бас тартқан саудагердің бірі Қазақстанда тігілген киімдерді сатуға қарсы еместігін айтады. Фабрикалармен арнайы байланыс орнатпағандықтан әрі тұтынушылар тарапынан сұраныс болмағандықтан, отандық тауарға әлі қызығушылық таныта қоймағанын жеткізді. Бірақ алдағы уақытта сұраныс болса, Шымкенттегі тігін фабрикасымен байланысқа шығу ойында бар. Тек костюмдер сапалы болуы керек екенін айтқан саудагер барлығы да тұтынушыға байланысты екенін жеткізді. Осы орайда қала тұрғыны Назгүл Оразалина тек қана түріктің киімін киетінін алға тартты.
– Түріктің кез келген киімі сапалы тігіледі. Бағасы қымбат болса да, оларды алуға мәжбүрміз. Қазақстанда тілге тиек етерлік киім фабрикалары аз. Алдағы уақытта сапалы тауарлар шығарылатынына үміт зор. Шындығына келгенде кей кезде сол тауарлардың жарнамасының жоқтығынан Қазақстанда қандай киім тігілетінін де білмейміз, – деп Назгүл өзінің пікірін білдірді.
Осы орайда біз Оңтүстік Қазақстан облысындағы “Golden Nomad” ЖШС-нің ерлерге арналған классикалық киім тігетін фабрикасымен байланысып, отандық тауардың игілігін солтүстікқазақстандықтардың көруі мүмкін бе деген сауалға жауап іздедік. Серіктестік директорының орынбасары Балжан Халмұратованың айтуынша, алдағы уақытта солтүстік өңірлерде отандық фабрикада тігілген ерлердің костюмдері сатылымға шығарылмақ. Қазіргі таңда Астана қаласында серіктестіктің филиалы ашылған. Жуырда Петропавл қаласынан бір қыз (аты-жөні белгісіз) ерлердің классикалық костюмдерінің бірнешеуін сатып алған. Әзірге ол адамның кім екені және сауда нүктесінің қай жерде орналасқаны белгісіз. Балжан Халмұратова кейбір министрлік шенеуніктері мен облыс әкімдерінің костюмдері өздерінің фабрикаларында тігілгенін мақтанышпен жеткізді. Сондықтан бізге де ойланатын кез келген сияқты.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.