«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖҰРТТЫҢ БАСЫ ЖАТА ҚАЛУШЫ ЕДІ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кенжегүл біреудің кенжесі болғандықтан, алдыңғы апаларына арқа сүйеп, жасынан қазан-ошаққа араласпай, ине-жіпке жармаспай, ерке-тотай болып өскен қыз екен. “Қыз – жат жұрттық” деген емес пе, сол қыз сыланып-сипанып бойжеткенде оған біздің ауылға, біздің ауыл деймін-ау, нақ көршіміз Қалима апайдың үйіне келін болу бұйырды. Құдай қосқан қосағы – Тұрақбай. Апайдың қыздардан кейін көрген қызығы осы ұл. Ол да – шыбық сындырмай, іс тындырмай бұлаңдап өскен ерке жігіт. Сөйтіп, көрші үйде ерке-тотайлар отбасын құрды. Келін алғасын майлы халатын сыпырып, жылы суға қолын малып отырамын деген Қалима апай баяғы салпылдаған жұмыстан қол үзбеді. Келінге келін болды.

Ауыл кемпірлерінде де қулық болады ғой. Қалима апай екі жастың аңысын байқап, бір күні Астанадағы қызына барып, бірер ай жатып келуге жиналады. Ондағысы екі жастың өздерінше күнкөріп, үйреніп, пысысын дегені еді. Ұлына – дала, келінге үй шаруасын тапсырып, Астанаға бір-ақ тартты.  

Үйдегі кәрі кетіп, еркіндік тиген олар ерте жатып, кеш тұрып, рахат тіршілік жасап жатты. Әйтсе де, шай қойып, сорпа-суын жасауға жаттыға бастады. Бір күні Кенжегүлдің төркін жұрты сау етіп, қонаққа келе қалсын! Қайын жұртының келгеніне Тұрақбай да Кенжегүлден кем қуанған жоқ. Көрші үйдің баласына қорадағы қойдың бірін сойдырып тастады. Кенжегүл де пысылдап жүріп от жағып, қазан көтерді. Қыздарының қазан-ошаққа араласқанына әжептәуір риза болып төркін жұрт отыр.

Не керек, Кенжегүл мен Тұрақбай күйбеңдеп жүріп ет пісіріп, табақ жасады. Үйеме табақтың дәл ортасына қойдың басын салды. Дастарқанға жеткенше әлгі бас домалап, табаққа тұра қоймады. Сонда Тұрақбай:

– Кенжегүл-ау, жұрттың басы жата қалушы еді, біздің бас неге жатпайды? – деп домалап кеткен басты табаққа қайта салды. Тұтас басты байқап қалған шешесі:

– Қызым-ау, басты жағынан айырмай, тұтас пісіріпсің ғой. Бізді қойшы, басқа қонақтар келсе, ұятқа қалатын едіңдер, – деп жатыр.

– Үлкен қонақтар келгенде шешем мүшелерді бөлмей тұтас салатын деп Тұрақбай болмады ғой, – деп Кенжегүл ақталғандай болды.

Жоламан ШАХАНОВ.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp