«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҚСЫ СӨЗ ДЕ — ШИПА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында өткен салтанатты жиында адал еңбегімен елге танылып, өз мамандығының шебері атанған бір топ ақхалатты абзал жан қошеметке бөленді. №3 қалалық аурухананың терапия бөлімшесінің меңгерушісі Зәуреш Рахимберлина да үздіктер қатарынан көрініп, “Денсаулық сақтау ісінің үздігі” төсбелгісінің иегері атанды.

Дәрімен де, жанымен де адам ауруына шипасын беріп, көңілдерге сәулесін сеуіп жүрген жанның жақсы істері көпке үлгі. Зәуреш Әлімқызы Қарағанды медицина институтын 1985 жылы тамамдағаннан кейін Шал ақын ауданындағы Афанасьевка ауылында еңбек жолын бастаған. 1989 жылдан бері қалалық №3 ауруханада қызмет істейді. Қашан көрсең ақжарқын, жүзі жылы Зәуреш Әлімқызы – төрт ұлдың анасы. Ұлдарының алды өмірден өз орындарын тауып, жемісті еңбек етуде.

– Мен жұмысымды өте жақсы көремін. Өз ісіме бар ынтамды салуға тырысамын. Ең бастысы, мамандықты сүю керек. Одан керектіңді түю керек. Тәжірибе жүзінде білімімді шыңдаудан жалықпаймын. Әрдайым ізденісте болған жөн. Сонымен қатар дәрігер маман кішіпейіл болу керек. Сырқат жандарға күшіңді ғана емес, жүрегіңді де жұмсай білу керек. Маған науқас келсе, оның психологиясын білуге зер қоямын. Жүрегіне үміт отын ұялатуға жанымды саламын. Дәрігер адамды дәрімен ғана емес, тілмен де емдей алады.

Жалпы еңбек жолымда кездестірген қиындықтарым мен қызықтарым көп. Дәрігерлік мамандықты таңдаған жастарға тілерім, болашақта білікті маман болып, биіктен көріне берсін. Халықтың денсаулығын жақсарту жолында барлық өмірімді арнап жүргеніме ризамын,– дейді Зәуреш Рахимберлина.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: терапевт дәрігерлер Ұлпан Нұғыманова, Әсем Қазинұрова және бөлімше меңгерушісі Зәуреш Рахимберлина (ортада).

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp