«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮТУМЕН ӨТКЕН ӨМІР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қан майданға аттанған боздақтарының от ортасынан аман оралуын ұзақ жылдар бойы үміт үзбей күткен бірлі-жарымды аталарымыз бен әжелеріміз туралы жазылмай жүрген жоқ. Менің туған топырағым – қазіргі Есіл ауданындағы Қарағаш ауылында осындай, екі бірдей отбасының қан майданға кеткен перзенттерін күтумен өмірден өткені күні бүгінгідей көз алдымда. Түтін саны 300-ге жетіп жығылатын Қарағаш ауылы ол кезде ірі елді мекендердің бірі еді. Қан майданға жүз жігітін аттандырған ауылдың оны ғана елге оралған. Нақты жастарын ұлғайтып, бозбала шағында қанды жорыққа аттандырылған өрімдей жігіттер қыршынынан қиылды. Жұмыр басты пенде мұндай оғаштыққа иланғысы келмейді екен. Олар маған ет жақын адамдар болғандықтан, бәрін де өз көзіммен көрдім. Бір Алланың жазғанына мойынсынбау қателік екенін біле тұра, олар ақыры үміт жібін үзе алмады…

Әкем Ғайсаның екі ағасына да пайғамбарлардың есімдері қойылған еді: бірі – Иса, екіншісі – Мұса. Міне, сол Мұса атамыздың зайыбы – Нұрила әжеміздің өзін де, сөзін де әлі күнге дейін ұмыта алар емеспін. 2009 жылы Түркістан қаласында болғаным бар. Онда жерленген небір әулиелердің, хандар мен билердің есімдеріне көзіңіз түскенде елжірейді екенсіз. Сол жылы Түркістанда туған Домалақ ананың тағдырына да қаныға түскен едім. Мұны айтып отырған себебім сол – Нұрила әжеміз десем, Домалақ ана есіме түсе кетеді. Өйткені, оның да есімі Нұрила еді ғой.

Нұрила әжеміз сүйегі асыл аналардың бірі емес, бірегейі еді. Иса атамыз екеуі үш бірдей ұл берген Аллаға разы болатын. Кез келген қазақ сияқты, олардың да ұлдарының есімдері ұйқасып тұратын: Жантұяқ, Тайтақ пен Жанұзақ. Үшеуі де ержетіп, үйлі-баранды болатын шақ туғанда тұтқиылдан соғыс басталғаны-ай. Жоғарыда айтылғанындай, Қарағаш жүз жігітін жауға аттандырды. Солардың ішінде жұптарын жазбаған Иса атамыз бен Нұрила әжеміздің үш ұлы да кете барды. Арыстай үш ұлының оралмағанына қатты қайғырған Иса атамыз көп ұзамай көз жұмды.

Сөйтіп, Нұрила әжеміз бір бөлмелі ағаш үйде жалғыз қалды. Оны жалғызсыратпай, сіңлім Шора екеуіміз алма-кезек үйінде қонып жүрдік. Мұның бәрі уақытша амал еді: әкем үйімізге тағы бір бөлме қосып, әжемізді қолымызға алды. Енді мен оның маңынан ұзамайтын болдым. Ақылы – азық, сөзі – сусын әжеміздің сондағы айтқандарын құлағыма құйып алдым. Ол сіңлім екеуімізге қыз бала туралы танымдық сипаттағы әңгімесін айтудан жалықпайтын. Әсіресе, әдептен озбауды қатты тапсырды. Нұрила әжеміз еңбекқорлығымен ерекшеленетін. Ол үйінің ауласына картоп, сәбіз бен жуа егетін. Ауылда бірде-бір адам картоп салып көрмеген сол заманда көкөніс өсіруді қолға алғаны неге тұрады?!

Таңертең бізге көрген түсін айтып отыратын. “Менің Жантұяғым, Тайтағым, Жанұзағым – біреуі болмаса, біреуі келетін шығар. Түсімде көрдім”, – дейтін көбіне. “Мынау менің балаларымның киген бәтеңкесі. Міне, көйлегі. Міне, шұлығы”, – деп күн сайын көрсетіп отыратын. “Аман-есен келсе, өздері киеді”, – деп бітіретін сөзін.

Өмір бойы осы сөзінен жаңылған жоқ. “Дәме” деген ұғымды білдіретін парсы сөзі – үміттің жібі үзілмейтінін сол әжеміз дәлелдей білді. Намаз оқып отырғанда қайтыс болған Домалақ ана сияқты ол да Құдай – бір, пайғамбар хақ деп білді. Ол: “Маған Құран бағыштарсың”, – дегенінде түсініңкіремеген едім. Алайда, айтқаны келді.

Сұм соғысқа қылшылдаған азаматтарын аттандырмаған шаңырақ жоқ. Үлкен ағам Өмірзақ от ортасынан аман-есен оралды. Өмірінің соңына дейін лауазымды қызмет атқарған оның есімін елдегілер мақтан тұтады. Ал екінші ағам Байзақ пен жеңгем Мәлике әке-шешемнің қолында болды. Әсіресе, Нұрила әжемізді күтуге келгенде жеңгем алдына жан салмайтын. Заман қаншама қиын болғанымен, адамдар сонша мейірімді еді-ау. Аяулы ата-енең түгіл, көрші-қолаңға деген ілтипат ерекше болатын. Осының бәрі тұрғындардың татулығының, пейілдерінің кеңдігінің нәтижесі болғандығын баса айтқым келеді.

Электр жарығы да жоқ сол заманда қолмен кір жуу немесе пешті жағып қойып, тамақ істеу қандай қызық еді?! Елге қонақ келсе, біздің үйге соқпай кетпейтін. Нұрила әжеміздің маңынан шықпайтын Мәлике жеңгем жоқты – бардай, барды дардай қылып, келгендерді күтуге кірісетін. Жұбайын сыйлауға, әжемізді күтуге, бала-шағасын тәрбиелеуге, үйге де, түзге де қарауға – бәріне де уақыт табатын.

Сол кезде бала болсам да, бәрі де көз алдымнан кетпейді. Жаз бойы есік алдындағы алаңға көкөністің түр-түрін өсіріп, қыбырлап жүретін, ал кешкілік майданға кеткен үш ұлының киімдеріне қараумен олардан күдер үзбеген Нұрила әжеміз қайсарлықтың ескерткішіндей еді ғой. Жалғыз оның ғана емес, бәріміздің бабымызды таба білген Мәлике жеңгеміздей жан бар ма екен? Міне, осындай қарапайым да қайсар қазақ әйелдерінің арқасында соғыстың зіл батпан салмағы жеңілдей түсті дер едім.

Нұрила әжеміз сияқты ғажайып адамдар біздің ауылда көп те, жоқ та емес еді. Бір ғажабы – бізбен көршілес тұрған Әбубәкір атай мен Көкенай әжей де тағдырлас болды. Олар да үш ұлын бірдей майданға аттандырған болатын. Үшеуі де оралмады. Үш бірдей боздағын өлді деуге сенбеген ата-ана өмірлерін оларды күтумен өткізді.

Сара БИЖАНОВА,

ардагер ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp