«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨЛ АҚШАМЫЗ — ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіз Қазақстан тарихында ұлттық валютаның дүниеге келуі шын мәнінде бетбұрысты кезең болды. 1993 жылдың 15 қарашасында төл валютамыз – теңгенің айналымға енгізілуімен еліміз экономикалық және қаржылық тәуелсіздікке ие болды. Ширек ғасырға жуық уақыт экономиканың басты бір негізі болып табылатын ұлттық валюта үшін – салмақты міндет жүктелген күрделі кезең болып табылады. Осыған орай мереке қарсаңында “Қазақстан Ұлттық банкі” республикалық мемлекеттік мекемесі облыстық филиалының директоры Мираш Жұмашевпен әңгімелескен едік.

– Мираш Жұмашұлы, теңгенің айналымға шыққанына жиырма төрт жыл толып отыр. Сіз биыл облыстық филиалға директор болып тағайындалдыңыз. Сізді білікті банк қызметкері ретінде сырттай танимыз. Әңгімеміздің басында өзіңізді таныстыра кетсеңіз және теңгенің айналымға шыққан кезін еске алсаңыз?

– Мен 1976 жылы Арқалық қаласындағы бухгалтерлік техникумды ойдағыдай тамамдаған соң сол кездегі Торғай облысының Жангелдин аудандық банкіне инспектор болып орналастым. Бұл қызметке мені қазіргі белгілі қаржыгер, экономист, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің тұңғыш төрағасы, осыдан жиырма төрт жыл бұрын өз валютамыз – теңгені айналымға енгізуге сүбелі үлесін қосқан Ғалым Байназаров қабылдап, батасын берген болатын. Осы елімізге белгілі азаматқа берген уәдемнің үдесінен шығу үшін аянбай еңбек етіп жүрмін. Қарағанды мемлекеттік университетін өндірістен қол үзбей жүріп бітіріп, банк саласының маманы атандым. Он бес жылдан кейін маған Торғай облыстық банкін басқару сеніп тапсырылды. Одан кейін жиырма жылға жуық “Қазақстан Ұлттық банкі” РММ-нің Қостанай облыстық филиалының директоры болып, еліміздің банк саласының дамуына хал-қадірімше үлес қосқан секілдімін. Енді, міне, Ұлттық банктің кадрларды алмастыру қағидасына сәйкес Қызылжар өңіріне қызметімді ауыстырып отырған жайым бар.

1993 жылдың қоңыр күзінде елімізде орын алған бұл оқиға аға буын өкілдерінің есінде шығар. Тәуелсіздік алғаннан кейін өзіміздің дербес ақша-несие саясатын жүргізу қажеттілігі өмір талабы еді. Мен ол кезде Торғай облыстық банкін басқарып жүрген болатынмын. Қиын болса да, қуанышты сәттерді басымыздан өткіздік. Арнайы ұшақпен өз валютамыз – теңге облыс орталығына әкелініп, ол құпия түрде барлық банк мекемелеріне аса сақтықпен жеткізілді. Кейде тәулік бойы демалыссыз жұмыс істеген сәттеріміз де болды. Мемлекет басшысының арнайы Жарлығы шыққан кезде біз теңгені айналымға енгізуге дайын болатынбыз. Сол күндері тұрғындардың қуанышын, қолға тиген төл теңгеміз үшін мақтаныш сезімін бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біз үш күн бойы кеңестік рубльді қап-қаппен арнайы орындарға жеткізіп, оларды кейін жойдық. Оның орнына Алаштың ардақтылары бейнеленген төл теңгеміз еркін айналымға шықты. Бұл күндерді ғасырлық тарихы бар сәт деп бағалауға болады.

– Қазақстанның тәжірибелі банкирінің бірі ретінде дербес қаржы-несие саясатын жүргізудің артықшылығы неде деп айта аласыз?

– 1991 жылы КСРО-ның ыдырауымен бұрынғы біртұтас экономикалық жүйе өзінің бар мүмкіндігінен айырылды. Ресей төл валютасын кіргізетіндігін жасырған жоқ. 1993 жылы бұл басы ашық мәселе болатын. Бұған дейін бірқатар елдер уақыт үнемдеу үшін рубль аймағында ұзағырақ қалғысы келді. Өз тәуелсіздігін жариялап, егемен мемлекеттің нышандарына ие болған Қазақстан 1992 жылдан бастап ұлттық валютасын енгізуге дайындала бастады. Бұл құпия түрде жүргізілді. Өйткені, басқа елдердің аумағында бос қалған айналымда жоқ сабан ақша вагон-вагон болып бізге құйылып, жаңа валютамыз бір күнде құнын жоғалтар еді. Оның үстіне ТМД кеңістігіндегі нарықтың төлем қабілеттілігі азайып, құлдырап жатты. Қазақстанға бұған балама іздеу керек болды. Басқа елдермен сауда-саттық қатынастарын орнату, банк жүйесін дүниежүзілік банк жүйесіне байланыстыру, міне, мұның бәрі бір күнде шешіле қалатын шаруа еместі.

Алдымызда аса ауқымды да күрделі міндет – ұлттық экономиканы, төл ақша жүйесін, республикалық бюджетті құру міндеті тұрды. Төл валютаны енгізу – бұл егемен елдің экономикасын құру бағытындағы үлкен істің бастауы, Қазақстанның сол кездегі қалыптасқан құрылымы мен ерекшеліктерін ескере отырып, тәуелсіз қаржы-несие саясатын жүргізудің мүмкіндігі екендігін біз жақсы түсіндік. Материалдық өндіріс пен қызмет көрсету саласындағы қолма-қол ақша мен қайтарымсыз қаржыландырудың басқа да түрлері бойынша бұрынғыдай Мәскеуге қол жаюдың күні өтті. Елімізде ақша айналымын, сыртқы және ішкі несиелерді жаңа экономиканың дамуына жұмыс істету мақсатында үлкен іс-шаралар атқарылды. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы Президентінің, Жоғарғы Кеңестің, Үкімет пен Ұлттық банктің алтын-алмаз қоры, мемлекеттік қойма, монета сарайы туралы тиісті Жарлықтары мен шешімдері қабылданды. Жұмыс Ұлттық банк бастаған дербес мемлекеттік банк жүйесін құрудан басталды. Бұрын Орталық банктің көп филиалының бірі болып келген Ұлттық банк ол кезде қуаты аз, шығынды, материалдық базасы нашар мемлекеттік мекеме болатын.

Ел басшылығының тиісті шешімдеріне сәйкес валюта биржасы ұйымдастырылды, монета сарайы, банкнот фабрикасы, алтын-валюталық резервтерге арналған мемлекеттік қойма салынды. Ол кезде бізде, тіпті, мектеп бітірушілердің аттестаттарын шығаратын фабрика да болмаған еді. Теңгені жасау мен енгізу туралы шешімді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қабылдады. Сөйтіп, 1993 жылдың 15 қарашасында айналымға шыққан теңге ұлттық экономиканың басты құралы, мемлекеттің ақша жүйесінің негізі атанды. Қаржы секторындағы нақты реформалар да осы кезден бастау алды. Теңгенің айналымға шығуымен халық шаруашылығының барлық саласында нарықтық тетіктер енгізіле бастады. Қаржыгер ретінде мен теңгені енгізген соң Тәуелсіздіктің нақты белгісі пайда болды дер едім.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында Қазақстанның Үшінші жаңғыруы туралы, республиканы қайта түлетудің жолдары жайлы ойларымен бөліскен еді. Сонда әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіру үшін халықты рухани жаңғыртудың да ерекше маңызы барын атап айтты. Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласы осы мәселеге арнайы жазылған жаңа бағдарлама болып табылады. Бұл жайында сіздің ойыңыз қандай?

– Мақалада өзі қуатты, әрі жауапкершілігі биік біртұтас ұлт болудың жолдары көрсетілген. Солардың ішінде сананы жаңғырту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы сияқты маңызды мәселелер бар. Сонымен бірге, Елбасы таяу жылдарда атқарылуға тиіс міндеттерге тоқталған. Бұл – саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтыру мен орнықтырудың, жоспарлы мәселелерді жүзеге асырудың нақты жолдарын нұсқайды. “Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек”, – деді Елбасы.

Бұл – реформаларды толық жүзеге асыруға қажет шаралардың бір бөлігі жəне маңыздысы. Қашан да жаңалықты жаңа адам ғана жасай алады. Бірақ реформашыл адам сырттан келмейді, өз адамдарымыздың сана-сезімін, түсінігін, ұғымын жаңартып, оны заман өзгерісіне лайықты бейнеде қалыптастыру қажет. Бұл үдерісте ұлттық дəстүрге сүйену, қазақ тарихы мен ұлттық салттардың озық үлгілерін өркендеудің берік діңіне айналдыру, сол негізде болашаққа қарай нық қадаммен ілгерілеу – Президент қалауы екені түсінікті.

Жаңа мемлекет пен жаңа адам бүгінгі ұрпақты сапалық жағынан өзгерте отырып, солардың қолымен реформаны іске асыруы керек. Ұлттық код – сол қазақтың жақсы мағынадағы бейнесі, халықтың жаңаға бейімділігі, жаңашылдықты бойына сіңірген өмірі, ұғым-түсінігі, шығармашылығы, яғни бүкіл осы күйде қалыптасқан ұлттық тұтастығы. “Ұлттық код, ұлттық мəдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды”, – деді Елбасы. Ұлт адамының бойына ХХІ ғасырға лайық қасиеттерді дарыту, жаңалықтың жаршысы етіп шығару біздің ұлттық кодымызды толықтырады, жетілдіреді. Ол ізденіс үстінде үйрене жүріп, жаңарады. “Нағыз қазақ – домбыра” (Қадыр Мырза-Әлі) дегендей, нағыз қазақтар сондай ұлттық кодқа ие болып шығады.

Осындай тұлғаның нағыз үлгісі – Елбасының өзі. Ол – жаңашыл, күрескер адам. Қоғамды жаңарту, адамның сол жағдайға орай жаңғыруы, тəуелсіз елдің белсенділікпен ілгері басуының негізгі бағдарын анықтап, ұйымдастырып отырған, жас мемлекетті алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарына қосқан, енді осындай 30 елдің бірі етуге ұмтылып жүрген қайраткер. Біз іске асырып жатқан тынымсыз реформалар – Мемлекет басшысының ой-өрісінің жемісі. Осы типтегі жаңашыл адам ғана ел келешегіне белсенді қызмет ете алмақ. Ұлттық кодты анықтайтын, соны жаңғыртуға көмектесетін сала есебінде Елбасы білім мен ғылымды атайды. Қазіргі заманда білімге құштар халық қана жаңара алады. Ол дүниеден өз орнын тауып, əлеуметтік, техникалық өзгерістерге қатысады.

Елбасы айтқандай, “ұлттық сананың полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы” болып шығады. “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы – Ұлы Дала елінің болашағын айқындайтын бағдарлама. Ширек ғасыр бұрын ғана тəуелсіздік алып, бүгін əлемнің озық отыз елінің қатарына қосылудан үміткер ұлттық мемлекетіміз қазірдің өзінде-ақ бағыт-бағдары айқын, ұстанымы берік, дарқан даладай өрісі кең ел екенін мойындатуда.

– Үстіміздегі жылдың он айындағы Қызылжар өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына қысқаша тоқтала кетсеңіз.

– Бүгіндері біздің облысымызда экономиканың барлық салалары табысты дамып келеді. Өнеркәсіп өндірісінде, ауыл шаруашылығында, бөлшек сауда айналымында айтарлықтай өсім бар. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қаржы секторы да өзіндік үлес қосуда. Тұтастай алғанда ол өзінің тұрақтылығын сақтауда. Өңіріміздің қаржы секторында қазір екінші деңгейдегі он алты банктің филиалдары мен олардың қырық тоғыз құрылымдық бөлімшесі жұмыс істейді. Ал валюта нарығында 112 ақша айырбастау пункті, уәкілетті ұйымдар, екінші деңгейдегі банктер мен “Қазпочта” акционерлік қоғамының филиалдары бар.

Жыл басынан бері облысымыздағы екінші деңгейдегі банктердің филиалдарындағы салымның көлемі 1,3 есе өсіп, 130,4 млрд. теңгеге жетіп отыр. Бұл солтүстікқазақстандықтардың банк жүйесіне сенімінің жоғары екенін және қаржы секторы экономикалық жағдайдың индикаторының бірі болып табылатынын көрсетеді.

Биылғы жылы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне несие беру былтырғы деңгеймен салыстырғанда, 1,4 есе өсіп, 35,8 млрд. теңгеге жетті. Тұтыну және ипотекалық несие беруде де өсім байқалды. Қуанарлық жағдай, бүгіндері жерлестеріміздің ұлттық валюта – теңгеге сенімдері арта түсуде. Қазір барлық сатып алу-сату операциялары теңгемен жүргізіледі. Өңірімізде төлем карточкасы нарығы жақсы дамып келеді. Қазір облыс аумағында 291 банкомат, 3042 роs-терминал жұмыс істейді. Облыс тұрғындарында 341,4 мың пластикалық карточка бар. Есепті кезеңде өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, төлем карточкасы арқылы операциялар саны 9,8 пайызға артты. Бұл бағытта алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар атқарылатын болады.

– Мираш Жұмашұлы, әңгімемізді басқа арнаға бұрсақ. Сіз бос уақытыңызды қалай өткізесіз? Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?

– Сұрағыңыздың ауанын түсіндім. Отбасымда алған тәрбием шығар, мен жас кезімнен өзімнің жан-жақты болып өсуіме ұмтылдым. Негізгі жұмыстан қол босаған уақытта адам физикалық та, рухани да демалуға тырысуы қажет деп санаймын. Мұны менің өмірлік ұстанымым деуге де болады. Бос уақытымды жолдастарыммен шахмат, бильярд ойнағанды жақсы көремін. Ал аңшылық менің негізгі хоббиім. “Қансонарда шығады бүркітші аңға”, – деп ұлы Абай атамыз жырлағандай, күз-қыс айларында аңшылық құрғанды жаным сүйеді. Онда да менің негізгі мақсатым – міндетті түрде аң атып алу емес, өзімнің бос уақытымды табиғат аясында өткізу.

Менің үстелімде ресми қағаздармен бірге газет-журналдар, әдеби кітаптар жатады. Республикалық, облыстық газеттерді күн сайын шолып отыру әдетіме айналған. Соңғы кездері ғана Мұхтар Әуезовтың “Қилы заман”, Оралхан Бөкейдің “Кербұғы”, Мәшһүр Жүсіптің “Ит дүние” кітаптарын оқып шықтым. Әдеби-көркем қоғамдық-саяси “Мағжан” журналының әр санымен қызыға танысамын, онда танымдық мақалалар көп жарияланады. С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының қойылымдарына зайыбым екеуіміз барып тұрамыз.

Әскери ұшқыш, қаржыгер және мемлекеттік қызметші болып жұмыс істеп жүрген ұлдарымнан немерелер сүйіп отырмын. Немере сүю мен тәрбиелеу кез келген адамға берілетін нағыз бақыт деуге болады. Бос уақытымда олармен араласу арқылы мен өмірдің ең ләззат сәттерін сезінетін секілдімін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

 

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp