«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАҒА ӘКЕ КЕРЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі таңда түрлі себептерге байланысты тұрмыс құрмаған арулардың арасында “өзім үшін бала туып алдым” деген сөздер сәнге айналып бара жатқан сияқты. Өкініштісі сол, бұл сөздер бұрындары құлаққа түрпідей тиетін болса, қазір ол санамызға сіңіп, әдеттегі жағдайға айналып барады. Қоғамдағы осындай келеңсіздікке оқырмандар ойы қандай?

Дәмелі ҚАЗИЕВА,

зейнеткер:

– Бұл – қазіргі қыздар тәрбиесінің ақсап тұрғандығының бірден-бір көрінісі. “Өзім үшін бала тудым” деген сөздің өзі мәнсіз және мағынасыз. Бала деген ол – жеке тұлға. Онымен қуыршақ сияқты ойнап, шаршаған кезде тастай салуға болмайды. Әр сәби бақытты отбасында дүниеге келіп, оны әке-шешесі бірге тәрбиелеуі керек. Әрине, өмірде өз орнын таба алмаған бей-бақ әйелге сол бала мүмкін бақыт сыйлар. Алайда, баланы толыққанды азамат етіп тәрбиелеуге жалғызбасты ананың күш-қуаты, ой-түйсігі жете ме? Солай болған күннің өзінде де, отбасында әкенің орны бөлек екенін ұмытпау керек. Аналардың барлығы баласына тек жақсылық тілейді, ол рас. Бірақ аспанға күн қандай қажет болса, балаға әке де сондай керек. Осының барлығын біле тұра, сәбиді әкенің ыстық ықыласынан бөлуге болмайды.

Болатбек ШАЯХМЕТОВ,

қала тұрғыны:

– Алтын уақыттарын өткізіп алған қыздар үшін бұл мүмкін жалғыздықтың орнын толтырудың бір жолы шығар. Сондықтан да оларды сөге жамандаудан аулақпын. Әркімнің тағдыры өз қолында. Тек күні ертең “өзім үшін” деп туған бала өзімшіл болып, ержеткенде басқа қатарластары сияқты әкесінің жоғына анасын кінәламаса болғаны. Олай да болуы мүмкін ғой. Себебі, анаға бала қандай керек болса, ол сәбиге әке де соншалықты қажет екені даусыз. Бұл – өмірдің жазылмаған заңдылығы. Оған қарсы шығу үшін алдағы тосқауылдарға қарсы тұра алатындай мықты болу керек.

Алуа БЕКЖАНОВА,

студент:

– Қандай жаста болса да, қыз балаға оң жақта отырып, балалы болу – ұят нәрсе. Мұндайға мүлдем жол беруге болмайды. Бүгінде “сәнге” айналып бара жатқан жағымсыз дүниенің түбіне балта шабу керек. Әйтпесе, жаман әдет жұққыш келеді.

Шыны керек, қазір қоғамда ондай жалғызбасты аналар аз емес. Кейбіреуі, тіпті, тентегін жұрт алдында жетектеп жүруден де қымсынбайды. Бұл – ұят нәрсе. Және оны ешқандай себеппен ақтап алуға болмайды. Жағдайды осындайға дейін ушықтырмау үшін бойжеткендер ертерек тұрмыс құрып, отбасылық өмірдің ағымымен ілегіп кетуге тырысу керек. Байлық та, баспана да, басқа да кезегімен болатын дүние, ең бастысы, жақсы адаммен шаңырақ көтеріп, ұрпақ жалғасын ойлау керек.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp