«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ӘЛІПБИ ЖАСТАР ҚОЛДАУЫНА ИЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір жастарына латын әліпбиіне көшу жайын түсіндіру жалғасуда. Бұл жайлы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ирина Тухватулина өңірлік коммуникациялар қызметінің кезекті баспасөз мәслихатында айтты.

– Латын әліпбиінің 1929-1940 жылдар аралығында қолданылғанын атап өткеніміз жөн. Ал 1990 жылдарда жазуды өзгертудің түрлі нұсқалары қызу талқыланды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында аталмыш мәселені қозғап, 2012 жылғы “Қазақстан – 2050” Стратегиясында бұл жайтқа ерекше тоқталды, – деген Ирина Тухватулина әлемде 4 млрд.-тан астам адам латын әліпбиін қолданатынын атап өтті. Жаңа реформа әлемдік ғылым мен білімге, технологиялық және коммуникациялық кеңістікке интеграциялауды жылдамдатуға бағытталған.

Басқарма басшысы латын әліпбиіне көшуге қатысты жоспарлары мен алға қойған міндеттеріне тоқталды. “Ең алдымен, жастарды жаңа реформа жайлы ақпаратпен қамтамасыз етуіміз керек. Бұл үшін біз биылғы сәуір айынан бері білім беру мекемелерін аралап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Жастардың қызығушылығын ояту мақсатында түрлі акциялар мен флешмобтар өткіздік. Сондай-ақ, облыстық мұрағаттарға экскурсия ұйымдастырып, бұрындары латын әліпбиінде басылған газеттердің сақталған нұсқаларын көрсеттік. Ең бастысы, біз оларды әлеуметтік желі арқылы жаңа реформадан хабардар етуіміз қажет”, – деді Ирина Тухватулина.

Облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы жастар бастамалары орталығының директоры Қуаныш Мәметов те латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы мен оның кезең-кезеңмен жүзеге асырылуы қажет екеніне тоқталды. Орталық қыркүйек айынан бастап білім беру мекемелері мен жастар жұмыс істейтін зауыттарда 14 шара ұйымдастырып, жастарға латын әліпбиіне көшу туралы ақпарат беріпті.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp