«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРТТАР ҮЙІН ПАНАЛАҒАН МАЙДАНГЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұл оқиғаны демалыс орындарының бірінде естідім. Оның кім және оқиғаның қай қалада болғанына тоқталмай-ақ қояйық. Мәселе онда емес. Менің айтайын дегенім қараусыз қалған қарттар жайында.

Жаңа танысым көлік жүргізушісі болып істейді екен. Кезекті жұмыс барысында ол қарттар үйіне барады. Асығыс көліктен секіріп түскен шопыр жігіт бір бума қағазын алып, ішке еніп бара жатқанда, есік алдындағы ағаштан істелген орындықта отырған қарт адамды көзі шалып қалады. Кілт тоқтай қалған ол балаша жүгіріп барып: “Ассалаумағалейкум”, – деп ақсақалға қол береді. Шашын ақ шалған қарт адам оған қарап, сабырлы үнмен “аманбысың…” деген бірауыз сөзден әрі аспайды. Бұл әңгіменің жалғасы болмайтынын бірден түсінген жігіт ол жерден асығыс кетіп қалады.

Сол жолы қарттар үйінен қайтар жолда оның көз алдынан орындықта отырған егде тартқан адамның мұңлы жүзі, омырауында жалт-жұлт етіп жарқырап тұрған медальдары кетпей қояды. Соғыста талай рет өліммен бетпе-бет келіп, жарқын болашақ үшін жанын қиюдан аянбаған жауынгерлердің бірі болғаны көрініп-ақ тұр. Қиындыққа құрыштай шынығып, бейбіт өмірдің орнауына сүбелі үлес қосқан жанның қартайған шағында осындай мүсәпір күйге түскені қалай? Сұрақ көп, жауап жоқ. Қалай болғанда да, шопыр жігіт орайы келгенде ақсақалмен ашық сөйлесуге бел буады.

Арада біраз уақыт өткенде, ол қайтадан қарттар үйіне барады. Осы жолы да орындықта отырған ақсақалға сәлем беріп, ішке кіріп кетеді. Шыға бере көзінің қырымен бір қарап, алға баса бергенде, қарт орнынан сәл тұрып: “Бері келші, қарағым”, – дейді.

Іштей қуанып кеткен жігіт балаша жүгіріп оның қасына келеді. “Отыр, айналайын, сәлемің түзу екен. Қазақта бір көрген біліс, екі көрген таныс деген жақсы сөз бар. Осы сенің менен бір нәрсе сұрағың келетіндей ме, қалай? Кел, әңгімелесейік”, – дейді. Өзі де осындай сәтті асыға тосқан ол қарттың жанына жайғасып, әңгімені әріден бастайды. Ақсақалдан туған жері, туыстары жайында сұрағанымен, одан әріге бата алмайды. Жүрекке түскен жараның бетін тырнап алғысы келмесе де, ақсақал әңгіменің тізгінін өзі алып, күндіз күлкісін, түнде ұйқысын ұрлаған жағдайды жайып салыпты.

– Майдан даласында жүргенде жеңіске жетіп, аман-есен елге оралсақ деп армандайтынбыз. Жаратқанға шүкір, сол күнге де жеттік. Соғыстан кейін елмен бірге еңбек етіп, еңсемізді көтердік. Шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірдің сындарынан сүрінбей өтуге тырыстық. Көпке дейін бала тұрақтамады. Алла беріп, зайыбым маған шекесі торсықтай ұл сыйлады. Баламды ешкімнен кем қылмай өсіруге тырыстым. Өкінішке қарай, алпыстан асқанда зайыбым өмірден өтті. Сөйтіп, қартайғанда келін-баланың қолында қалдым. Жазғы өмір күзге айналғанда жалғыз қалып, келіннің қас пен қабағына қарап отырған кәрі-құртаңдар аз емес қой. Әйтеуір, немерелердің тәтті қылығына қарап, бәрін ұмытасың, қатты айтылған сөздер болса, кешіре саласың ғой. Мен де солай істеп жүргенмін, бірақ қырсық келіннің сөзіне ерген балам бірінші болып арқама пышақ сұққандай болды.

“Жарығым” деп маңдайына жел тигізбей өсірген ұлым мемлекеттік қызметте істейді. Мақтаныш етер мансабы да, бір басына жетер байлығы да бар. Ештеңеден тарлық көріп жатқан жоқ. Кең сарайында шалқып өмір сүріп жатқан жайы бар. Тек маған келгенде, келін екеуінің қабағынан қар жауып, кірпіктеріне мұз қатып қалатын әйтеуір. Оларға не істегенімді білмеймін. Осылай “ішімдегіні тап” деп жүрген ұлым бір күні: “Әке, үй үлкен, жалғыз өзің жалғыздықтан шаршаған шығарсың, қарттар үйіне апарып көрейін. Ол жерде сен сияқты кәрі-құртаңдар көп, өткенді еске алып, шүйіркелесіп, уақытты тез өткізесіңдер”, – деді. Мен үндемедім. Туған баламнан осындай сөздер естігенше, соғыста жау оғынан қаза тапқаным дұрыс болар еді. Кімге айтасың бұл сұмдықты. Балам жаудан да жаман болып шықты ғой, – деп тоқтайды қарт.

Бұл әңгіме қабырғасын қайыстырған жігіт ақсақалдың ұяттан жұрдай болған баласының есімін сұрап алып, қағазының бір шетіне түртіп жазып алыпты. Екеуі қоштасар сәтте қарт оны бөлмесіне шақырып, ескі шкафтың астынан жылтыр қағазға ораған бір уыс кәмпитті алып: “Мынаны анда-санда келгенде келінім алып келеді. Мені кішкентай бала сияқты тәттімен алдағылары келетін шығар. Жүрекке түскен жара енді бал жақса да кетпейтінін ол байғұстар қайдан білсін?!. Балаларың бар шығар, мына тәттілерді соларға ала баршы, қатты кәмпиттерге менің тісім де өтпейді”, – деп жолаушының қолына ұстатыпты.

Көзден кетсе де, көңілден кетпеген соғыс ардагерінің әңгімесінен кейін жігіт оның баласын іздеп, тауып алған екен. Әкесі айтқандай, ол жақсы жерде жұмыс істейді. Шопыр жігіт онымен амандасып болып: “Сенің әкең бар ма?” – деп сұрапты. Сонда әлгі ұятсыз не бар, не жоқ деп айта алмай, тілін тістеп қалыпты. Ашудан булыққан шопыр жігіт: “Бар ғой, оны неге айтпай мелшиіп тұрсың? Кеше ғана қарттар үйіне барғанда көрдім. Қорықпа, мені саған ол жіберген жоқ. Әкесінен безген безбүйрек қандай болады екен деп сені көруге әдейі келдім. Мүмкін, сен бар әкеңді мына айналаңдағыларға өліп қалған деп өтірік айтып та жүрген шығарсың. Иә, сен оны өз қолыңмен өлтіргеніңді білесің бе? Қарттар үйіне апарып, қоқысқа лақтырып кеткен ескі зат сияқты тастай сала қашқаныңда өлтіргенсің”, – деп ішіндегі қыж-қыж қайнаған ашуды бетіне айтыпты. Әкеден безген арсыз сазарған бойы әңгімені аяғына дейін тыңдап, түк болмағандай кабинетіне кіріп кетіпті.

Шопыр жігіт ашумен артық та кеткен шығар, бірақ ол жетесіз бәрін түсініп, әкесінің аяғына жығылып, оны үйіне алып кетер деп үміттенген еді. Арада бес-алты ай өткенде, жігіт қарттар үйіне тағы барады. Бұл жолы да орындықта отырған қарт майдангермен амандасып, ішке еніп кетеді. Алғашқыда онымен сөйлесудің амалын іздесе, енді басын төмен салбыратып, ол жерден тезірек кетуге асыққан. Неге дейсіз бе? Ол ақсақалдың баласы үшін, қырсық келіні үшін, осындай қатыгездікке жол берген бүгінгі қоғам үшін ұялған еді.

Тілек ӘБДІРАХМАНОВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp